• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Айтбай батырдың дулығасы

1250 рет
көрсетілді

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік-тарихи қо­рық музейінің ғылыми сараптама кеңесінен 2009 жы­лы қарашада Айтбай батырдың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені туралы анықтама келеді. 

– Елбасының Жарлыққа қол қоюымен қасиетті Түркістанның оңтүстік өңірдің орталығына айналып, облысқа да бүкіл түркі жұртына мәлім қала­ның аты берілуі жұртшылықты қуантқан оқиға болды. Қазақ­станның қай шалғайы да қасиетті Түркіс­танды ертеден пір тұтқан. Қостанай – Торғай өңірінде ХVІІІ ғасырда өмір сүрген бірнеше батыр­дың сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Соның бірі – ел мен жер үшін жоңғарларға қасқайып қарсы тұрған Айтбай батыр болатын, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану бөлімінің меңгерушісі Эльми­ра Алшымова. Батырдың тікелей ұрпағы Әбіт Шалдықов ақсақалдың бабасы туралы жинаған мәліметтерін сараптаған Түркістан қала­сын­дағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік-тарихи қо­рық музейінің ғылыми сараптама кеңесінен 2009 жы­лы қарашада Айтбай батырдың Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгені туралы анықтама келеді. 

Айтбай батырдың музейде тұрған дулыға­сын келушілер көп айналшықтайды. Сарыкөл өңі­рін мекендеген батыр замандастары Қабан­бай, Бө­ген­байлармен бірге жоңғарлармен болған шай­қас­тарға қатысады. Жергілікті өлкетану­шылар­дың зерт­теуінде, Айтбай батырдың 1740 жылдары Еділ қал­мақтарымен Харбалы бекінісі үшін кескілескен қантөгіс шайқасқа қатысып, жерді азат еткені туралы айтылады. Дулығаны батыр ұрпақтарының бірі, Сарыкөл ауданының орталығында тұратын Мұрат Жанұзақов музейге 2011 жылы тапсырыпты. Батыр бабасынан қалған қадірлі бұйымды оның ұрпақтары осы кезге дейін қастерлеп, атадан балаға аманаттап отырған. 

Дулыға жартылай күмбез тәрізденіп, металдан тұ­тас құйылған. Жиегінде мойынқорғағышты бекітіп ұс­тап тұратын қайырма шегелердің орындары, майда те­сіктер қалған. Төбесінде 2,5 см болатындай түтігі бар.

– Осы түтігіне төбелдірік салынатын болған. Бірақ темірі жеміріле бастаған дулығаның ондай элемент­тері мен басқа да өрнектері сақталмаған. Негізі жаугер­шілік­те батырлар киген дулығаның бірнеше түрі болады. Олардың төбесі конус, күмбез секілді жасалады. Қазақ ерлері киген бөрік, қалпақ секілді алты, сегіз сайдан құралады. Құрама дулыға үлгілерінің алдыңғы жағында «қаруқағары», батырдың қабағын жауып тұратын «қасы» болады. Артқы жиегіне мойынжапқышы ілінген. Дулыға батырды жау оғынан қорғап қана қоймаған, оның әлеуметтік мәртебесін де белгілеген, – дейді Эльмира Алшымова. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ