• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

«Хат қоржын»

387 рет
көрсетілді

Ырысы тасыған ыдыстар 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері Түркістан қаласындағы №14 жалпы орта мектебі жəне М.Әбенова, С.Рахимов атындағы білім ұяларында «Ырысы тасыған ыдыстар» тақырыбы аясында көрме ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның мақсаты – Астана қаласының 20 жылдығы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы негізінде жас ұрпақты рухани, тарихи мұралардың құндылықтарымен таныстыру жəне қадірлеп, қастерлеуге шақыру болып табылады.

Көрмеге музей қорынан XVIII-XX ғасырларға жататын этно­графиялық жәдігерлер топтамасынан: құман, қазан, көзе, самаурындар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Тарихи мəні терең дүниелерге балалар да аса жоғары қызығушылық танытты. Аталған бағыттағы көрмелер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жобаны республикалық, облыстық деңгейде де жүзеге асыру жоспарлануда.

Аман БОЛСЫН

Түркістан

Дәстүрлі әндеріміз әуелей берсін

Қазіргі таңда көптеген адамдар эстрадалық əндерді кең көлемде тыңдайды. Дəстүрлі əндерге көп жағдайда ересек жəне қарт адамдар құлақ түреді. Эстрадалық əндер шоу бизнесте көп қаражат табады. Осы себептен көп əншілер дəстүрліден эстрадалық түрге бет бұрды. Дәстүрлі әндер жастарды жақсы жағынан тәрбиелеп, салт-дәстүрлерін, өздерінің тарихын ұмытпауға ықпалын тигізеді. Егер дәстүрлі музыкаларды тыңдауды тоқтатсақ, өзіміздің дәстүрлерімізді, өзіндік ерекшеліктерімізді ұмытып, оған қалай болса солай – салғырт, немқұрайлы қарайтын боламыз. 

Ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Шынымен де, сәбиге жарық дүние есігін ашқан сәтінен бастап анасы «Бесік жыры» секілді өлеңдер айтады, ал адамдар қайтыс болғанда, жақын адамдары жер қойнауына «Жоқтаумен» шығарып салады. Бұл жерден музыканың адам өміріндегі маңыздылығын көре аламыз. 

Қорыта келгенде, музыка қазақ халқы үшін үлкен рөл ойнайды. Музыка өнері елімізде ежелгі кезден бастап осы күнге дейін сақталған. Және біздер оны келешек ұрпағымызға жеткізуге міндеттіміз. Бұл – өзге елдердің әндерін мүлдем тыңдамау керек деген сөз емес. Оларды тыңдаған дұрыс, адамның ой-өрісін кеңейтеді. Бірақ өзіміздің дәстүр, тарихымызды, өзіміздің кім екенімізді ұмытпауымыз керек. 

 Сағымжан ЖАНЕРКЕ

 Шығыс Қазақстан облысы

Шаттыққа бөленгің келсе 

Денсаулық – адамның ең бірінші байлығы. Денің сау болса, адам өмірі қызыққа толы болады. Бата берсе де, тілек айтса да адамдар бір-біріне денсаулық тілейді. Денсаулық тілеу арқылы адамдар бір-біріне бақыт тілейді. Денсаулықтың бірден-бір кепілі спорт десек, қателеспейміз. Күнделікті спортпен шұғылдану арқылы адам денсаулығын арттыра алады. Елбасымыз – спортқа жақын адам. Рухани жаңғыру жолдарының бірі ұлттық ойындарды жаңғырту деп білемін. Оны қайта жаңғырту арқылы біз рухани жетілеміз. Біздің мектепте спорттық үйірмелер бар. Тоғызқұмалақ, асық ойнауды көп балалар ұнатады. Футболды, теннисті ұнатамын. Футболды қыз болсам да ойнаймын. Сонан соң коньки тепкенді жақсы көремін. Қорыта айта кетсем, спортпен шұғылдану өз болашағыңды шаттыққа бөлеу деп білемін.

Нұрай ЖҰМАҒҰЛОВА, 

7-орыс сыныбының оқушысы 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы,

«Маралды» орта жалпы білім беру мектебі 

Пыштанай батыр туралы не білеміз? 

Пыштанай батыр – ірі тұлғалардың бірі. Себебі ол 1729 жылы болған Аңырақай шайқасында қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілхайыр ханның мыңбасы, ту ұстаушысы болған. Батыр туралы орыс деректерінде, облыстық газеттердің беттерінде өлкетанушы-ғалымдардың мақаласы жарық көрген. 

Пыштанай Ерқосайұлы (1693-1793) – бір ғасыр уақыт өмір сүріп, қазақтың азаттығын аңсап, сыртқы жаумен өткен кескілескен күрестерде елін қорғаған баһадүр бабамыз. Батырдың салмақты әрі сабырлы, зор денелі болмысына қарап, қазақы дәстүрмен жеңгелері Шабанқара деп атаған. Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы Беріштам жайлауында салынған батыр кесенесіне «Пыштанай Ерқосайұлы (Шабанқара)» деп ойып жазылған. Маңғыстау өңірінде Пыштанай батырды Ерсары деп атаған. Үстірт бойында «Ерсарының қайрағы» аталатын биік тастың сонау алыстан менмұндалап тұратыны тағы бар. Ел аузында қалған деректерге сүйенсек, батыр бабамыздың «Ақбикеш» атанған мылтығы бар деседі. Бұл батырдың құралайды көзге атқан мерген болғандығын дәлелдейді. 

 Қорытындылай келе, баһадүр батырымыздың есімі «Қазақстан тарихы» оқулығына енгізіліп, 2018 жылы өтетін батырдың 325 жылдығы жоғары деңгейде өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

журналист

Атырау 

«Шашылғанша» билейтіндері несі

Жаңа ютубтан 1998 жылғы тойдың видеосын көріп шықтым. Сол кездің адамдары бүгінгілерден өзгеше көрінді. Жеңгейлердің басында орамал, қыздардың үстінде кең көйлек, бəрінің шашы ұзын. Қос бұрым етіп өріп қойған, жалбыратып жайып жүрген ешқайсысы жоқ. Жігіттердің үстінде кең костюм-шалбар. Бəрі салмақты, бір-бірінің бетіне тура қарамайды. 

Ал қазіргі тойдағы көріністер ше?.. Айтуға аузың бармайды. Шашын қызылды-жасылға бояған кейбір жеңгейлер өздері «шашылып» қалғанша билейді. Кең киімдеріміз (еркегінікі де, əйелінікі де) денеге жабысып тұратын тар бірдемеге ойысқан. Табиғи сұлулығымыз да жұталып, жасандылыққа кетіп барамыз. Айналдырған аз жылдың ішінде осыншалықты өзгеріппіз. Бұлай кете берсек тағы біраз жылдан кейін не боларын елестетуге қорқып отырмын. Тырнағымыз сояудай, бетіміз бес батпан бояу, шашымыз тақырбас, үстімізге жіп киіп алып бүгінгі күнімізге таңғалып отырмасақ нетті. Қой, олай болмай-ақ қойсын! Ұлттық дәстүрімізді ұмытпайық.

Салтанат АБЫЛБЕКОВ