• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Білім және білік: Кәсіптік білім беру жүйесі жетілдірілуде

5535 рет
көрсетілді

Жаһандану мен индустрия­ландыру жағдайында кадр даяр­лауды жақсарту мемлекет саясатындағы өзекті мін­деттердің бірі. Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрлардың негізгі провайдері –техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі. Сондықтан ТжКБ ұйымдарына ЮНЕСКО шең­берінде назар аударылады. БҰҰ декларациясы бұл жүйені мың­жылдық даму мақсатына жатқызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халықаралық талаптар мен цифрлы дағдыларды ескере отырып колледж бағдарламаларын жаңартуға, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруға назар аударды. 2011 жылы құрылған «Кәсіпқор «холдингі» КЕАҚ орта білімдегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен жоғары білімдегі Назарбаев Университет сияқты колледждердің «өсу нүктесі» бола отырып, әлемдік озық тәжірибені барлық колледжге таратуды көздейді.

Басты мақсат – кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына жан-жақты жәрдемдесу, жа­ңарту. Яғни 4 стратегиялық бағыт – оқу үдерісі мазмұнын жаңарту, оқыту сапасын, тиім­ділігі мен дәрежесін арттыру, экономиканың сұранысқа ие және инновациялық бағыттары бойынша ағымдағы оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру.

Еңбек нарығындағы ма­манның жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, білікті болуы, технологиялық үдерістерді дереу меңгеруі, кәсіби машығы өте өзекті. ТжКБ беделінің жо­ғары болмауы оқыту сапа­сы­ның төмендеуіне соғады. Бұл білім беру бағдарламалары маз­мұнының жаңармауына да байланысты. «Кәсіпқор» жұмысшы және техникалық мамандарды даярлауға арналған жаңартылған білім беру бағдарламаларын түзу үшін халықаралық тәжіри­бені зерделеді. Шетелдік серік­тестермен бірлесе индус­трия­ландырудың басым бағыт­тары бойынша WorldSkills стандарттары ескерілген 61 білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның 29-ы 2017-2018 оқу жылында 157 колледждегі оқу үдерісіне енді. 2016-2017 жылдары қолданыстағы 173 типтік білім беру бағдарламасын өзектендіру жұмысы жүргізілді. Барлық әзірленген және өзектендірілген білім беру бағдарламалары қатарынан үш жұмысшы бі­ліктілігін алуға және орта буын­дағы мамандықты иеленуге, қолданбалы бакалавриат білік­тілігін беруге жол ашты. Мысалы «Түсті металдар металлургиясы. Ядролық отынды қайта өңдеу» мамандығы бойынша алдымен «аппаратшы» жұмысшы біліктілігін, «технолог» орта буынын жә­не «гидрометаллургиядағы қолданбалы бакалаврды» алуға болады.

Бұл бағдарламалар модульдік-құзіреттілік тәсілге негізделген. Әр модуль нақты жұмыс пен біліктілікке сай құзіреттерді қалыптастыруға арналған. Білім ошақтарында курсты құрудағы икемділік пен мазмұнды анық­таудағы еркіндікті береді. Жұмыс берушілер тапсырысымен оқу орындары белгілі біліктілікке сай оқыту курсы модульдерін жинақтайды. Жұмыс беруші бағдарламаны әзірлеуге қа­тысып сараптама жасайды, тұжы­рымдама береді. Биыл да білім беру мазмұнына жаңа сипат беру, құрылымын жандандыру бойынша жұмыс жалғасады, 13 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленіп, қолданыстағы 73 типтік білім беру бағдарламасы өзектендіріледі.

Әрине білім мазмұнын жаңар­туда мұнымен шектеліп отырған жоқпыз. Біріншіден, «өмір бойы білім алу» ұстанымын орындауға мүмкіндік беретін кредиттік оқыту жүйесіне қатысты жұмыс атқарылуда. Мәселен, кәсіптік білім берудегі Еуропалық кредиттік жүйені (EKVET) зер­делеп, жүзеге асырудың әдістемелік құралын әзірлеп, сондай-ақ кредиттік технологияны қамтитын нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерту мен толықтыру енгізілуде. Екіншіден, ұлттық біліктілік жүйесінің 5 деңгейіне сәйкес қолданбалы бакалавриатқа қатысты бағыт зерделенуде. Қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасының пішіні мен әдісінамасы әзірленді. Биыл колледждерге қолданбалы бакалавриат бағдарламасын оқу үдерісіне енгізу бойынша әдістемелік көмек көрсету және 15 білім беру бағдарламасын әзірлеу жоспарда бар. Үшін­шіден, инклюзивті білім беру бағытына көңіл бөлінуде. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың кәсіптік білім алуы және олардың одан әрі қоғамға сіңіп, әлеуметтенуіне, қоғам өміріне толық қатысуын қамтамасыз етуге, түрлі кәсіби және әлеуметтік қызметте өзін-өзі тиімді жетілдіруге қатысты колледждерге әдістемелік және кеңестік көмек көрсетілуде. Биыл ерекше білім беру қа­жет­­тіліктері бар балаларды оқы­туға бағытталған 20 білім беру бағдарламасы әзірленеді. Төртіншіден, бағдарлама бойынша білім алған ТжКБ ұйым­дарының түлектеріне біліктілік беру мен сертификаттауды өткізуге арналған 45 мамандық бойынша теориялық және практикалық тест тапсырмалары әзірленді. Бесіншіден, «Кәсіпқор» 62 оқу-әдістемелік бірлестіктің жұмысын сараптап, оларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді. Олар ТжКБ жүйесіндегі 266 мамандық пен 1574 біліктілікке қатысты бағыттар бойынша жұмысты қадағалайды. 

Сараптамаға сүйенсек, ел колледжерінің кітапхана қорын­да 1991 жылдан бері жаңар­тылмаған оқулықтар басым. Бұл сапалы маман даярауда айтарлықтай кедергі. Сондықтан кітапханаларды заманауи оқулықтармен қамту көзделген. Бұл тарапта 2016 жылы ТжКБ жүйесіне қазақ, орыс тілдеріне 100 оқулық аударылса, 2017 жылы 400 шетелдік оқулық қосылды. «Кәсіпқор» желісінен интернет арқылы 500 дана оқулықтың көшірмесін алуға жағдай жасалған. Оқулықтар мазмұны мамандықтар бойынша заманауи және өзекті мәліметтерді қамтиды. Барлығы АҚШ, Еуропа мемлекеттерінде және басқа да шетелдерде қолданысқа ие. Биыл 100 оқу құралын әзірлеу жоспарланды. Оны дайындауға қазақстандық кәсіби педагогтардан құралған авторлық ұжымдар қатысады. Бұл колледж педагогтарының кәсіби машығын көтеруге, оқулықтарды сапалы құрастыруға, еңбек нарығы сұраныстарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді. 

Стратегиялық бағыттың тағы бірі – оқыту сапасын арттыру. Кәсіби машығы мен құзіреттілігін көтеруге арналған педагогикалық кадрлардың сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл ТжКБ жүйесіндегі жаңа формациядағы педагогтардың санын арттыруға септігін тигізеді. Біздің педагогтарды оқытуда өзіндік ерекшелік бар. Яғни оқыту бағдарламасы құрылымына құзіреттілік көзқарас пен маз­мұнының модульдік құры­лысы, сапаны бағалаудың кри­териалдық жүйесі, оқытуда қазақ­стандық және шетелдік озық тәжірибенің ұштастырылуы, интерактивті, практикалық бағдарланған сипаттың және курстық оқытудан кейін де кеңес беру жұмыстарының әрі қарай жалғасуы кіреді. Жыл сайын курстық оқыту өзекті тақырыптар бойынша жүзеге асырылады. 2016-2017 жылдары «Кәсіпқор» 10 мыңнан астам ТжКБ ұйымы педагогтарын біліктілік арттыру курстарының бағдарламасы бо­йынша оқытса, оның ішінде 300 колледж басшысын «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын тиімді басқару» тақырыбы бо­йынша біліктіліктерін шыңдады.

ТжКБ тиімділігін, дәрежесін және тартымдылығын арттыру –өзекті бағыттардың бірі. Елімізде индустриялы-инновациялық да­­му­ға бағытталған жұмыстар барлық өңірді қамтып келеді. Бұл кәсіпорындарды сапалы жұмысшы маманмен қамтамасыз етуді талап етеді. Жұмысшы мамандығының беделі мен мәртебесін көтеру – өзекті мә­селенің бірі. Осы себеппен еліміз 2014 жылы WorldSkills ассоциациясына 70-қатысушы мемлекет болып тіркелді. WorldSkills Kazakhstan бо­йынша ұлттық оператор болып «Кәсіпқор» холдингі» тағайындалды. WorldSkills – әлемнің 79 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. Негізгі мақсаты – жұмысшы мамандығын дәріптеу. Ұлттық біріншілікке жасы 18-22 аралығындағы өңірлік біріншіліктің жеңімпаздары қатыса алады. Бұл қозғалыс елі­міз­дің жас мамандарына ал­ған кәсіби дағдылары мен құ­зі­реттіліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Еліміздегі біріншіліктер кірпіш қалау, құрғақ құрылыс пен сылақ, сырлау және декоративтік жұмыстар, плиткамен қаптау, электромонтаждау, веб-дизайн, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, дәнекерлеу, шаштараз ісі, кондитерлік, мейрамхана қызметі, мектепке дейінгі тәр­бие, киім дизайны және бас­қа кәсіптерді қамтиды.

Маман даяраудағы тағы бір тиімді бағыт – дуалды оқыту жүйесі. Дуалдық оқыту жүйесі – оқу орнындағы кәсіптік оқыту (теориялық оқыту) мен өндірістегі шәкірттікті (практикалық оқыту) байланыстыратын оқу процесін ұйымдастыру тәсілі болып саналады. Елімізде 421 колледжде дуалды жүйе бойынша оқыту жүргізіледі. «Кәсіпқор» колледж­дерге дуалды оқытуды енгізу бойынша оқу-әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді.

Қазақстан – 2010 жылдан бас­тап Еуропалық білім қорының (ЕБҚ) ұсынысымен басталған Туриндік процестің белсенді қатысушысы. Осы бағыттың операторы ретінде холдинг ТжКБ жүйесіне қатысты саясатты сараптайды. Туриндік процесс кәсіптік және техникалық білім беру саласында тиімді сая­сат әзірлеуде, оны еуропалық жүйемен интеграциялауда және халықаралық озық тәжірибеге ұштастыруға бағытталған. Оған ЕБҚ-ның 30-дан аса серіктес елі қатысады. Олардың саны жыл сайын артуда. Қазіргі таңда Туриндік процестің талдауына сүйене отырып санды және сапалы мәліметтер жинаудамыз. Зерттеу нәтижелері отандық ТжКБ жүйесінің дамуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

«Кәсіпқордың» мақсаты – колледждерге әлемдік озық тәжірибені енгізу. Осы орайда Атырау қаласында орналасқан «APEC PetroТechnic» жоғары колледжі тәжірибесін өзге отандық кәсіби білім беру ордаларына енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы ашылған, мұнай-газ саласына кәсіби маман даярлаумен шұғылданатын «APEC PetroТechnic» жоғары колледжі бүгінде халықаралық деңгейде білім беретін оқу ордасына айналып үлгерді. Үздік 100 колледжге кіретін оқу орнында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ден аса студент білім алып жатыр. Оқу ағылшын тілінде және модульды бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ірі мұнай-газ кеніштері шоғырланған батыс облыстары үшін кәсіби маман даярлау да, сенімді серіктестік арқасында отандық ұстаздар да халықаралық білім беру жүйесін ілкімді игеру үстінде.

«Кәсіпқор» 2017 жылы алғаш рет колледждерге рейтинг жасады. Бұл «Атамекен» ҰКП және ТжКБ ұйымдарының оқу әдістемелік бірлестіктерімен келісілген әдістемеге сәйкес жүргізілді. Саралауға 328 ТжКБ ұйымы қатысты. Рейтинг индикаторлары қызметтегі сапа, кәсіби кадрлар, бизнес-қауымдастықпен өзара алмасу, WorldSkills және басқа да инновациялық жобаға қатысулары, студенттердің контингенттері бағыттарын қамтиды. Колледждер арасын­дағы бәсекеге қабілеттілік, кадр даярлау және бағдарлама мазмұнының жаңаруына септігін тигізетін саралау көрсеткіштері мемлекеттік органдар, білім басқармалары үшін еліміздің білім жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған басқару шешімдерін қабылдауға негіз болады.

Нұрғали АРШАБЕКОВ,

«Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ басқарма төрағасы