• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Цифрлы технологиялар «жаңа мұнайға» айналады

444 рет
көрсетілді

Қызылордада өткен бір жиын­да облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «бақырып бастық болатын заманның» өтіп бара жатқанын тағы да бір еске салған. Бұл заман – кісілігін ат тарта алмайтын менмендердің емес, уақыт талабын жақсы түсініп, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге қабілетті адамдардың заманы. Яғни әкімдіктердің жұмысы түбегейлі өзгереді. Бұл жағдай облыста «Цифрландыру: аймақтардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер» атты интернет-форумда тағы да нақтыланды.

Форумға Ресей, Татарстан, Бела­русь, Украина және Қытай сарапшылары мен «Huawei», «Dell», «Сколково» секілді цифрландыру саласының әлемдік жетекші ком­пания­ларының өкілдері қатысты. Жаңа заманның үдерістері күн тәрті­біне қойылған алқалы жиында облыс басшысы ақпараттық және цифрлы технологиялардың қазіргі замандағы маңызын жан-жақты талдауларымен айқындап берді.

– Баршаңызға белгілі, адамзат төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұр, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Біздің уақыт өтпелі кезең болып саналады. Соған қарамастан төртінші революция қазірдің өзінде өз әмірін жүргізуде. Онлайн мен офф­лайн арасындағы шекара ажырап, киберфизика жүйесінің уақыты келді. Осының барлығы бұл жүйедегі салалар құрылымына және мемлекеттің рөліне өзгеріс енгізуде.

Бүгінгі таңда цифрландыру кәсіп­орындар, елдер арасындағы тұтас­­тай алғанда бәсекелестікті арттыру, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағда­йын жақсарту үшін қажет болып отыр.

Осы жылдың мамыр айында өткен Астананың Global Challenges самми­тінде Мемлекет басшысы ғалам да­муының басты бес мегатрендтерін, оның ішінде адамзаттың өмір сүру са­лаларындағы цифрландырудың барлық буындарын, ауқымды еңбек нарығындағы өзгерістерді, урбанизациялауды трансформациялаудың сипаттарын атап көрсетті.

Тәуелсіздік жылдары ішінде біз әлем­дегі бәсекеге қабілетті 50 ел­дің­ қатарына ендік. Бүгінгі мін­дет – 30 елдің қатарында болу. Ал ол Қа­зақ­станнан инновациялық даму­дың және технологиялық жедел жаңғыру­дың жаңа­шылдығын талап етеді.

Цифрлы технология өркендеген елдер жақсы дамып, байитын болады. Әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрлы эко­номикаға айналады. Қазірдің өзін­де көптеген ел осы жанкешті бәсекеге кірісіп кетті. Облыс әкімі цифрлы тех­но­логия бойынша ойын осылай тұжыр­ды.

Форум барысында Татарстан премьер-министрінің орынбасары-Ақ­параттандыру және байланыс министрі Роман Шайхутдинов сөз сөйлеп, онлайн-баяндамасында электронды үкімет пен цифрлы экономика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Бүгінде Татарстанда IТ-саласындағы 1700 компания мен 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен.

Сондай-ақ интернет-форумда «Сколково» Мәскеу басқару мекте­бінің жетекші талдаушысы Илья Романовский «Цифрлы трансформация: ортаны цифрландырудан ақылды қалаға дейін» тақырыбында баяндама жасады. Оның пікірінше, жақын арада 2011 жылдан бастап пайда болған «заттар интернеті» ұғымының орнын жаңа «баршаның интернеті» ұғымы басатын болады, яғни кез келген заттар мен сервистер ғаламторға енгізі­луі мүмкін.

Сонымен қатар форумда Қазақ­стандағы «Huawei» компаниясы корпоративтік сату департаменті бас дирек­торының орынбасары, Zhao Hongbin, reactor.ua тұғырнамасының құрылтайшысы Евгений Саранцов, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің аға оқытушысы Наиль Гафуров және басқа да шақырылған делегаттар сөз сөйледі.

Форум аясында бірқатар әріп­тестік туралы меморандумға қол қо­йыл­ды. Атап айтқанда, «Astana Hub» Халықаралық стартап-хаб ұйымымен IT-жобаларды жүзеге асыру туралы, «Какаду Девелопмент» ЖАҚ «Smart city» технологияларын енгізу туралы, сондай-ақ «Барс групп» және «Транстелеком» компанияларымен цифрландыру бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумдарға келісім жасалды.

Бүгінде адамзат қаласын, қала­масын цифрландыру технологиясы табалдырықтан еркін аттады. Кәрі қойдын жасындай жасым қалды, енді маған бәрібір деген ой мемлекеттік қыз­метте жүрген мамандарға жүрмей­ді екен.

Болашақта цифрландыру адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Халықаралық сарапшылар алдағы уа­қыттарда қолма-қол ақшаның жо­ға­лып, барлық төлемдердің цифр­ланатындығын айтуда. Мұндай жағ­дайда экономика толығымен ашық болып, адамзат болып жеңе алмай келе жатқан сыбайластықтың тамырына балта шабылады. Осы үдерістерден Қазақстан қалмайды. Мемлекет басшысы экономикамыздың негізгі саласына инновациялық өзгеріс жасауға пәрмен берді. Бүгінде ол энергетика мен шикізатқа, агроөнеркәсіп кешеніне, өнеркәсіп, логистика және ақпараттық технологияға жасалды. Қазақстан экономикасы цифрландыру деңгейі бойынша 85 мемлекеттің арасындағы рейтингте 50-орында және цифрлы экономиканың бастаушы тобына кіреді.

Сарапшылардың бағалауынша, цифрландыру нәтижесінде Қазақстан экономикасы 30 пайызға ұлғайып, қаржыға шаққанда 2 трлн теңгені құрайтын болады. Осындай жағымды жаңалықтар облыстарда да жүзеге асып жатыр. Қызылорда облысы да әлемдік және отандық трендтерді ескере отырып, цифрландыру бо­йынша алғашқы қадамдарын жасау үстінде.

Өткен жылы желтоқсанда жас ІТ-мамандарының «HackDay-2017» алғашқы аймақтық фестивалі өт­кізілді. Аймақтық ІТ-саябақ ашылды. Халықаралық тәжірибені оқып-үй­рену үшін облыс делегациясы Татар­стан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының «Smart City» үздік орындарында болды.

«ҚазГерМұнай» мұнай компаниясы облыс аумағында «ақылды кеніш» технологиясын енгізді. Облыстағы атом өнеркәсібінің кен өндіру кәсіп­орындары цифрлы технологияны қол­дану бойынша жұмыстарын бастады. 

2018 жылы облыста цифрландыруды дамытуға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бағыттау қа­рас­тырылған. Бұл орайда ақылды бас­қару, білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік, қауіпсіздік және бизнес сала­сында 50-ге жуық жоба жүзеге асы­рылып жатыр.

Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты цифрландыру бүтіндей салалардың жоғалып, жаңаларының пайда болуына әкелетінін айтты. «Біздің көз алдымыздағы ұлы өз­геріс­тер – бұл бір мезгілде тарихи ша­қы­рулар және біздің ұлтымыз үшін мүм­кіндік болып табылады», деді. Ғаламды тербеткен жаңа технология аймақтар өмірінен осылайша көрініс тауып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы