• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Аруағың асқақтады, қажы баба!

1116 рет
көрсетілді

«Өлінің қабірін біл, жақсының қадірін біл» деп халқымыз тектен-тек айтпаған. Аузынан Алласы, көкейден тәубасы кетпеген, желісінен құлын, сабасынан қымыз, қара қазанынан дәмі, шелегінен ағы үзілмеген әулеттің ұрпағы емес пе, «Айса қажы» мазарының жанындағы қыстауға орнығып шаруа қожалығын ұйымдастырған Ардақ Абдуллаұлының қажы нағашысының зираты қоршалмай, құлпытас орнатылмай жалаңаш жатқаны аяздай батып жүрді. 

Бұған себеп те жоқ емес еді. Себебі Айса Сегізбайұлы ерлігі мен ырысы, дәулеті мен несібесі, шарапаты мен даңқы ойда орыс, қырда қытайға мәлім болған дарабоз Қабанбайдың шөбересі. 

Батырдың кенже ұлы Қаракерей соқыр абыз атанған Әлі әулие – Құдайәліден Сәнік, Сәніктен Сегізбай өрбиді. Айса бабамыз Сәніктің ұлы Сегізбайдан туған немересі. Қожақұлдар қыстаған Жарбұлақ өңірі 1822 жылдан 1864 жылға дейін орысқа да, қы­тайға да бағынбаған, өзінше бір дербес өлке болған. 

Айса бабамыз қожақұл елі­­нен қажыға барғандардың ал­дыңғы тобына жатады. Айса­дан бұрын осы елден Дәуік Са­уытбай, Шаған Шалағыз Мек­кеге барған екен. Айса қажылық сапар­ға 1850 жылы 21 жасында барған. 1864 жылы 35 жасында әйгілі қытай-дүңген соғысында ағасы Әділбектің қосынымен бірге мыңбасы шенінде соғысқа қа­тыс­қан. Айса өз руының аса бе­делді адамы ретінде қажыдан келген соң халықтың ислам ді­нін ұстауын жолға қоя білді, жас балалардың діни сауатын ашып, Алланың бірлігіне шақырды. 1889 жылы Айса қажы қайтыс болған соң ұрпақтары осы күнгі Қабанбай ауылы­нан 28 шақырым жердегі Айсаның қыстауына сүйегін жерлеп сегіз дұрыс көпбұрышты, се­гіз құлақты мазар орнатады. Се­гіз қабырғаның математикалық дәл­дікпен соғылғаны сондай, әр дуа­лы 5 метрден, жалпы пе­­риметрі – 70 метр. Айса баба­мызға тұрғызылған мазар, міне, 130 жыл бойы бір кірпіші де кетілмей, жауын-шашынға, сан жыл бойы 60 м/сек жыл­дамдықпен ұдайы соғатын екпінді желіне шыдас беріп қас­қайып тұр. Мұның құпиясы кір­пішін ешкінің еріген майына, жылқының қылы қосылған батпақтан илеп құйғандығында жатса керек. Қабырға кірпішінің қалануындағы байланыстырылуы осы күнгі озық технологиялардан бір де кем емес. Ал кірпіштердің арасын байланыстырып тұрған балшықтың қандай құпиямен жасалғаны бел­гісіз.Ол қазіргі таңда тас сияқ­­­ты қатып қалған. 

Ардақ Абдуллаұлы осыдан 6 жыл­ бұрын, көктемде нағашы бабасы Айса қажы мазарының іргесінде мал атап сойып, құран-қатым берді. Шараға қатысқан ауыл ақсақалы Мұқаметкәрім Мұ­қаметқалиұлы Ардаққа зор алғыс айтып, келешекте баба­мыздың жалаңаш тұр­ған мазарын қоршап, құлпытас орнатуға кеңес берді, бұл іске өзінің де көмектесетінін айтты. Қатым түсірген қожақұл руынан шық­­қан 4-ші қажы, Қабанбай ме­ші­тінің бас маманы Марат Омарұлы Ардаққа ақ батасын беріп, ісіне оң болсын айтты. 

Әрине мазарды қоршау оңай емес, сапалы шыдас бере­тін металдан шарбағын жасау, көлік, жанар-жағар май шы­ғын­дары, құм, тас, цемент сатып алу ең ақырында қоршау жұмысын жасау бірталай қар­жыны талап ететіні өзінен-өзі түсінікті жайт. Ақыры, 5 жыл өт­кенде алды-артын жинақтап, дайын­дықтың денін тәмамдаған кезде Қабанбай ауылына дұғаға келген Алматыда тұратын Айса­ қа­жының шөбересі Қарапаұлы Кеңшілікке Мұқаметкәрім ақ­сақал мен Ардақ екеуі келе­сі 2018 жылы көктемнен қал­дыр­май, қажы бабамыздың дүние­ден өткеніне 130 жыл толуы­на орай оның мазарын қоршап, құлпытас орнатып, Мақаншы – Жалаңашкөл республикалық тасжолының бойына көрсеткіш тақта орнату ойлары бар екенін айтты.

– Олай болса, – деді Кеңші­лік, – Мен сол құлпытас пен көрсеткіш тақтаны жасауды өз мойныма ала­йын, ал қалған жұмысты сендер атқарыңдар. Амандық болса, алдағы сәуір айының ортасынан қалмай жа­салған дүниелерді алып Қабан­бай ауылына жетемін, – деді. 

Міне, сол көптен күткен уа­қыт та үстіміздегі жылдың 18 сәуі­ріне тап келді. Кеңшілік жасап алып келген құлпытас пен көрсеткіш тақтаны алдын ала өзі дайындап қойған те­мір шарбақтар, цемент тиел­ген меншік «Камазына» қосымша тиеп алған Ардақ Ай­са бабамыздың мазарына жол тартты. Алдымен күре тас жолдың бойына «Айса қажы мазары 2 км» деген көрсеткіш тақташа орнатылды. 

Бабамыздың қасиетінің ке­ре­мет­тілігі, сол күні жыл бойы үзілмейтін ебінің дауы­лы да сап тыйылып, күн ашық мамыражай болды. Периметрі 48 метр болатын қоршау жасалып, бабамыздың басына құл­пытас орнатылды. Құлпы­тас­қа бабамыздың ата тегі, өмір сүр­ген жылдары және Кең­шілік­тің қажы атасына арналған бір ауыз өле­ңі жазылды. 

Ардақ тағы да бір мал атап со­йып, бабамызға құран-қатым түсірді.

Арнайы келген Сүйін­бай, Мұ­қаметкәрім ақса­қалдар мен алтын алқалы көп балалы ана Тоқтыхан Анкежанова игі істі тындырған ауыл азаматтары­на алғыстарын айтып, ақ бата­сын берді. Ша­ра­ға қаржылай да, еңбегімен де атсалысқан Сүйін­бай, Мұқа­мет­кәрім, Орал ақсақалдар мен Марат қажының, Еркінбек тө­ре мен Марданның қосқан кө­мек­тері бір төбе. Сондай-ақ тер­ төгіп жұмыс істеген Ма­ден Хай­ранов, Қуанышбек Қиыс­бекұлы, Бақмырза мен Бауыржан Тұңғышбаевтарға, Марат Абыловқа, Әділқан мен Арқат Данабековтерге, Құ­дай­берген Қойшыбайұлына және тағы басқаларға айтар алғы­сымыз шек­сіз. Міне, ағайын «Өлінің қабірін біл, жақсының қадірін біл» дегендегі айтпағым, әйгілі адамның бәрі – ұлағатты, жаны – шырақ екеніне жас ұрпақтың назарын аудару еді. Қазақтың кең даласында еркін өскен, сол елдің уызына жарыған, қайырымды ісімен ел-жұртына өнеге болған Абдулланың Ардағы мен Қарапаның Кең­ші­лігінің бабаларына қой­ған мәрмәр құлпытасы адам­гер­шілік пен имандылық ұста­нымының жалғасы деп біл­ген жөн. Олар бізді тағы бір асыл құндылығымызбен қайта қауыштырды. Үзілген жіп жалғанды. «Құдайға – құл, адамға – ұл болу» дегеніміз осы­ шығар ағайын. 

Мұқан ОМАРҒАЛИЕВ, зейнеткер 

Шығыс Қазақстан облысы

Қабанбай ауылы