• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2018

Бүгін - ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күні

2373 рет
көрсетілді

Бүгін елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қыз­мет­керлерінің, сонымен бірге­ байланыс саласы маман­дарының кәсіби мере­кесі аталып өтеді. Ақ­парат тарату, жеткізу қай кезеңде де қоғам өмірінде айрық­ша орын алған болса, бүгінгі жаһандану дәуірінде оның маңыздылығы бір­неше есе арта түсті. 

Қазіргі күні ақпараттық-комму­ника­циялық технологиялар әлемдік дамудың алғы­шартына айналып отыр. Осы орайда қоғамның жаңа­рып, дамуына ықпал ете­тін бірден-бір күш – жур­на­листика болып қала берері сөзсіз. 

Цифрландырудың салдарынан көптеген мамандықтардың қатардан шығып қалатынын айтуда зерттеушілер. Алайда ақпарат саласының мамандары дәрігерлер мен мұғалімдер сияқты қашанда маңызды бола бермек. Елбасы айтқандай, «ХХI ғасырда медиа саласы әлемдегі оқиғаларды таратушы болып қана қоймай, көбіне оның жекелеген елдерде және тұтас әлемде қалай өрістеп отырғанын айқындайтын жетекші күшке айналды».

Осы орайда ақпараттық қауіп­сіздік дегеніміз ұлт­тық қауіпсіздік мәселесі еке­нін қашанда алға тартатын Мем­­лекет басшысының тікелей қам­­қо­р­лығының, қолдауының арқ­а­сында тәуелсіздіктен бері еліміз­дің ақпараттық кеңістігінде үлкен дүмпу болғанын атап айту ләзім. Газет-журнал, телеарна мен радио қатары әлденеше есеге көбейіп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыза бастады.

Сонау тоқсаныншы жыл­дардың өзінде Мемлекет басшы­сының нұсқаулары бойынша ақпарат саласының дамуына тікелей ықпал еткен маңызды шешімдер қабылданды.  Соның ішінде БАҚ-ты қосымша құн салығынан босатуға қатысты жеңілдіктер жасалды. «БАҚ туралы» заң қабылдануымен елімізде мемлекеттік емес ақпарат құралдарының дамуына жол ашылды. Сала қызметкерлеріне арнайы Президент сыйлығы мен гранттары тағайындалып, жыл сайын үздіктер еңбегі лайықты бағасын алуда.

Елордада «Қазмедиа орта­лығы» атты заманауи медиа орталық бой көтергеннен бері отандық телеарналар мен радио­лардың сапасы техникалық жағы­нан ғана емес, мазмұндық жағынан да бірнеше есеге күшейді.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасының тікелей тапсырмасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оның алдына бірқатар міндеттер қойылғаны белгілі. Өз кезегінде, министрлік осы мақсат-міндеттерді орындау бойынша ауқымды шара­ларды жүзеге асыруда. Соның ішінде, мемлекеттік телеарналарды, радио мен баспа БАҚ-ты, интернет-ресурстарды жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жүзеге асты. Ақпарат және коммуникациялар салаларына қатысты заң жобасы қабылданды. Масс-медиа үшін әкімшілік жүктемелер мен шектеулерді азайту бойынша бірқатар жеңілдіктер жасалды.

Журналистер қауымының еңбегін лайықты бағалау мақ­сатымен өткен жылы Ақ­парат  және коммуникация­лар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарын таға­йындады. «Нұр Отан» пар­тиясының «Нұр Сұңқар» сый­лығы, сонымен қатар көптеген ұйымдар мен мекемелер тарапынан тағайындалған марапаттар да дәстүрлі түрде табысталып келеді.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтпақшы, «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті». Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітіп, елдігімізді нығайту жолындағы бүгінгі күнде «төртінші билік» деген бейресми атауға ие қауымға жедел әрі шынайы хабар таратумен бірге мемлекеттік мүддеге  қоғамды жұмылдыру, ұлттың бірлігін нығайту сияқты жа­уапты міндеттер жүктеліп отыр. Отандық БАҚ бұл міндетті абыроймен атқарып келеді деп айтуға толық негіз бар.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»