• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2018

Мінезді журналист Жұматай Са­быржанұлы

1237 рет
көрсетілді

Болашақ журналистердің университет аудиториясына кіргеннен ә дегенде «бісіміллә» деп кірісетін негізгі пәні бар. «Журналистикаға кіріспе» деп аталады. Қателеспесем, болашақ қазақ журналистері әлі күнге дейін В.Прохоровтың «Введение в журналистику» оқулығынан жазудың қыр-сырына ауызданып, журналистика туралы ұғым-түсініктен хабардар болады. Қазақ журналистикасы әлқиссасын әлі күнге дейін орыс ғалымының көзқарасымен, ұстанымымен бастайды деген сөз бұл. 

Әрине, еңбек теориялық жағынан, ғылыми тұжырым тұрғысынан керемет-ақ шығар. Бірақ, басқа елдің, басқа идеологияның туындысы емес пе? Оған қоса голландиялық журналист Рэндаллдің «Универсальный журналист» атты кітабы да болашақ қазақ журналистерінің қалам қасиетін қалыптастыруға пайдаланылады екен. Бірі ресейлік ғалымның, бірі еуро­палық журналистің туындысы. Ендеше, қазіргі студенттер тарапынан «тәуелсіз елдің төл журналистикасы туралы еңбек неге жоқ?» деген сауалдың тууы заңды ғой...

Қазақ журналистикасының кори­фейі атанған Тауман Амандосов­тан кейін журналистиканың теория­сы мен практикасы туралы еңбек жазуға, басқалай айтқанда, іргелі тақырыпты қаузауға ешкім тәуекел ете қоймапты. Бәлкім, содан да болар қазақ журналистерінің соңғы буынының басқалармен бәсеке барысында олжасы олқы түсіп жатқаны. Қазақ журналистерін теориялық тұр­ғыдан қаруландыру соларды даярлайтын іргелі оқу орындарының, сонда дәріс оқитын оқытушы-ғалымдардың құзырындағы дүние. Ал біздің бүгінгі айтпағымыз басқа мәселе.

 Теория дегеніңіз, әуелі тәжірибе арқылы қорытылып, содан кейін барып ғылыми түйін жасалады емес пе. Оның үстіне журналистика атаулы тәжірибемен біте-қайнасып кеткен сала екендігін көзі ашық жанның бәрі біледі. Әдетте, журналистика төңірегінде әңгіме қозғала қалса, тәжірибеге сүйенетініміз сол ғой.

Басқаны қайдам, өз басыма заманауи журналистиканың болмыс-бітімі, стилі, ұстанымы журналист Жұматай Сабыржанұлының шығармашылығымен үндесіп, үйлесімін тауып өріліп жатса ғой деген ой келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосыламыз деп отырған тұста өз ойымызды айтуға құқымыз бар ғой. «Ана тілі» апталығына дейін жазғаны бөлек те, Жұматай Са­быржанұлының «Ана тілінде» жарияланған дүниелері дара тұр. Оқығанда айызың қанады. Қысқа жаза отырып, нысанаға алған «объек­тісін» айна-қатесіз, жеріне жеткізе баяндайды. Не туралы жазса да, жазғандары жұрт аузында жүреді сосын. Өзі айтпақшы: «Газетшіге ең қажетті қасиет – қисаймай айтсам, шыншылдық. Бос сөзді бората бермеу». Сабыржанұлының журналистік кредосы осы. «Бос сөзді боратпай», ықшам жазу арқылы-ақ жұрттың көкейіндегіні қозғап, «нағыз журналист осылай жазса керек» деп тамсандырып қоятыны тағы бар.

Қазақ басылымдарындағы сала құлаш мақаланы көргенде, боссөз­ділікке бас шайқай отырып, қазіргі үнемшіл нарық заманында сөзді де Жұматай Сабыржанұлы сынды үнеммен жұмсағанға не жетсін. Басқа нәрсеге келгенде қазымыр болғанмен, сөзге келгенде журналистер сараңдық таныта алмай-ақ қойды, әйтеуір.

Боссөзділік демекші, қазақ жур­налистикасының тағы бір олқы тұсы бөспелік, тым дабырайта көр­сету, құрғақ мақтау дер едік. Журналистердің нақтылық, шынайы бағам туралы талғамы қалпына келмей, журналистиканың тасы өрге домалайды деп айту қиын. Сабыржанұлының жазғандарын оқи отырып, осыны тағы бір түйсіндік. «Журналистердің көзді жұмып, көйіте бергенінен қоғам көктесе, ендігі АҚШ аяғымыздың астында ақшаңдап жататын еді ғой!..». Бұған түсініктеме берудің қажеті жоқ тәрізді...

«Құданың құдіреті, баяғыдан бергі бір әдетім жазып отырған материалым үш, әрі кетсе төрт беттен асса, қамыттан шыққысы келген өгіз сияқты қиқаңдай бастаймын. Көбі­не шорт түйе саламын. Айтайын деген­дерімді сол көлемге сыйғызсам – сый­ғыздым, сыйғызбасам – қалғаны. Бұл дағдының бір жақсы жері – сығып жазуға үйретті». Жұматай Сабыр­­жанұлының ғылыми теорияға арқау боларлық тәжірибелік дағдысы дейсіз бе, әлде ұстанымы дейсіз бе, өзіңіз білесіз. Ең бастысы, кәдеге жарататын-ақ дүние.

 «Айтып өткен ақында арман бар ма!» демекші, бұл хал журналистерге де қатысты. Көкейіндегі шерді сыртқа шығарып, ойындағысын оқырманға жеткізе алмағаннан артық қасірет жоқ шығар тегінде. Қасірет болмаса, Жұматай Сабыржанұлы «Алла-ай, айтарыңды айызың қанып айта алмағаннан өткен алақайғы жоқ екен! Біз сондай халге ұшырадық» деп жалбарынбас еді ғой Жаратушыға...

Өмір дегеніңіз күрес екені әлім­сақтан мәлім. Оның ішінде қоғамдық ойды қалыптастыруға қыз­мет ететін жанның күрескер бол­мауы мүмкін де емес. Жұматай Сабыржанұлының табиғи болмысы шуақты көктемге ұқсағанымен, қоғам мүддесі мен қаламның принципіне келгенде қатал болатын. Күллі журналистердің этикалық кодексін жазуға өнеге бо­ларлық-ақ қасиет. «Ақылым жеткен жеріне дейін әділін айттым, шама-шарқым жеткенше шындық үшін шарпыстым, бұл өмірде мен көрген бір ғанибет тірлік – сол!» Сол «ғанибет тірлік» үшін журналист Жұматайдың жүйкесі жұқарып, шындық үшін шайқаста қаны басына қанша мәрте шапты десеңші. Айтуға ғана оңай, әйтпесе, әкім-қара жандайшаптарының жа­саған қысастығы аз болды ма?

Жұматай Сабыржанұлының ма­қа­ла­ларына қойған тақырыптары қандай! Сонадайдан «менмұндалап» тұрады. «Жүргендерге су ішіп, суан ішіп, жуандығын танытты Қуа­нышев». Керемет бір әннің қайыр­масы іспетті.

Жадыңа бірден қона кетеді. «Мен таныған шындық» деп айбарланып, айналасына сөз құдіретінің күштілігін еске салатын тақырыптар да бар. Әділеттілікті аяқасты ететіндердің ауы­лына қарата айтылған сесті сөз. Одан кейін «Өкпе­лесең өзің біл», «Күнделік кезген көңіл», «Жан біт­кен­дей жадтағы жаз­баларға», «Ой жүреді келіп-кетіп» деп жалғаса береді тақырыптар тізбегі. Журналистика емес, құдды бір адам баласының қоғамдағы көңіл күйін, болмысын, тіршілігін боямасыз баяндайтын, шексіз штрихтардан құралған біртұтас өмір картинасы іспетті. Өмір картинасын мінезділер ғана бере алса керек. Жұматай Сабыржанұлы сол мінезділердің санатынан еді.

Қой, Жұматай көкем айтпақшы, мен де «қамыттан шыққысы келген өгіз сияқты қиқаңдай» бастадым, сөзімді түйіндейін. Әу басында әңгі­меміз қазақ журналистикасынан бас­тау алып еді ғой. Олай болса, бо­лашақ журналистердің мінезді журналист Жұматай Сабыржанұлының журналистік мектебінен, шеберлік лабораториясынан үйренетін өнегесі мен тағылымы жеткілікті дер едік.

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»