• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Маусым, 2018

Түркістанның Бас жоспарын дайындауға халықаралық байқау жарияланады

394 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Түркістан облысын дамыту және Түркістанды түркі дүниесінің мәдени және рухани орталығы ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақ­сатында Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Асқар Маминнің басшылығымен Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Сондай-ақ облыс орталығын Түркістанға көшіру жұмыстарын жоспар­ға сай жүзеге асыру үшін жергілікті штаб құрылып, өз жұмысын бастады.

Дегенмен, Елбасы тапсырмаларын мерзімінде және сапалы орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Олар Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның алғашқы отырысында айтылды. Отырыс барысында мемлекет­тік органдарды Шымкенттен Түркістанға көшіру, қала­ның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, Түркістан қаласының Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу және облыс экономикасын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары О.Оразалин және бірқатар министрліктердің вице-министрлері қатысқан отырыста туризм индустриясына басым­дық беру қажеттігі де айтылды. «Қасиетті Түркістан – бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы, құтты мекені. Мемлекет басшысының Түркістан облысын құру туралы стратегиялық шешімінің арқасында өңірдің өркендеп дамуына қарқынды серпін беріледі. Түркістан қала­сы­ның дамуға қажетті үлкен әлеуеті бар. Алдымен, қала­ның Бас жоспарын дайындауымыз қажет. Соның негізінде инфра­құры­лымды дамыту туралы шешімдер қабыл­данады», деп атап өтті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 миллионнан астам адам келеді. Оның ішінде 160 мың­дайы шетелдіктер. Осы орайда, облыстың туристік әлеуеті­нің толық іске асырылуын қам­тамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан – Шымкент, Түркі­стан – Ташкент арасында қаты­найтын жүрдек пойыз бағытын ашу да маңызды. Жақын шетелдермен туристік байланысты ны­ғайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын қарастыру қажет.

«Сонымен қатар 8-10 айда негізгі әкімдік ғимараттарын аяқ­тап, оған дейін мемлекеттік қызмет­керлердің баспана жалдау жайын мемлекет есебінен шешу мәселесін ұсынамын. Қыс­қа мерзімде көп қабатты тұр­ғын үйлерді салуға еліміздегі ең ірі құрылыс компаниялары қызы­ғу­­шылық танытып отыр. Бү­гін­­де көшіру шығындары мен қа­жет­ті ғимараттар, баспана және өзге де мәселелер толығымен есептелген. Инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық жүйе­лер зерттелді. Түркістан еліміз­дің Батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ете­тін орталыққа айналған. Енді бұл тиімді бағытты жаңа дең­гейде дамытуды қолға алуды қарас­тырамыз. Себебі Түркі­станда ауыл шаруашылығын дамы­туға климаттық жағдай өте ыңғайлы. Елімізді, әсіресе, батыс аймақтардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар барынша күшей­тілетін болады. Түркі­стан облысының жаңадан құры­луына байланысты осындай ерекшеліктерді қамти отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қайта қарас­тыруымыз қажет», деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев.

Бүгінде қала тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырыл­ған таза ауыз су жүйесімен қам­тамасыз етілген. Алайда облыс орталығы болуына байланысты, қала халқының саны 250 мыңға дейін өскен жағдайда, қажетті су көлемі тәулігіне 50 мың текше метр болады. Яғни келешекте қаланы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су қоймаларын салу қажет. Сондай-ақ бүгінгі таңда қала халқы­ның 26,4 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Ал тұрғындарды газбен толық қамтамасыз етуге қаржы қажет. Тиісті қаржы бөлін­ген жағдайда 2019 жылдың соңын­да тұрғындарды толығымен газбен қамту мүмкін болмақ.

 Комиссия отырысында сөз алған Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев көне шаһардың облыс орталығы мәртебесін алуы үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеп отырғанын айтты. Қала­ның даму динамикасы мен логис­тикалық мүмкіндігін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

«Қаламыздағы жалпы ұзын­дығы 23 шақырымды құрайтын басты көшелерінде кептелектер орын алуы мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта көшелердің енін 12-18 метрге дейін кеңейту қажеттілігі туындауда. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі қаланың ортасынан өтетіндіктен, қала тұрғындары мен қонақтарының жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы ретте, қала ішінде орналасқан 18 шақы­рым республикалық маңызы бар жолды қала сыртына көшіру қажет», деді Ә.Өсербаев.

Ал Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бо­йынша жасалатын жаңа Бас жос­парды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, түркі әлемі­нің мәдени- рухани орталығы және облыс орталығы ретінде Түркістан қаласының Бас жоспары тұжырымдамасының үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастыру қажет. Бұл бірінші кезең, сондай-ақ Қ.Өскенбаев елорданы салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың Бас жоспарын дайындау үшін Астана Бас жос­парын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынды.

«Екінші кезең – қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырым­даманы ескере отырып, қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсы­ныстары қамтылған Бас жоспарды дайындауға кірісу. Бас жоспарды сәтті дайындау үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет», деді Қ.Өскенбаев.

Түркістан қаласын дамыту бо­йынша кешенді шаралар қабылдау міндеті тұр. Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұловтың айтуынша, жалпы экономика­лық көрсеткіштер бойынша облыс­ты қайта қарау керек. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша бүгінгі күндегі көрсеткіш 1 млн теңгенің төңі­регінде. Вице-министрдің мәлім­деуінше, бұл еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш десе де болады. Сол себепті жалпы экономика бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүруі керек.

Отырысты қорытындыла­ған А.Мамин мемлекеттік орган­дар мен облыс әкімдігіне об­лыс­тық басқару органдарын Шым­кенттен Түркістанға қысқа уақыт ішінде көшіру мәселелеріне қатысты бірқатар нақты тапсырма бер­ді. Тиісті министрліктер мен ведомстволарға Түркістан қала­сының инженерлік және әлеу­меттік инфрақұрылымын дамы­тудың салалық бас схемасын жасауды бастауды жүктеді. Бас жос­пар екі кезеңге бөлінбек. Бірінші кезең – 2035 жылға дейін, екінші кезең – 2050 жылға дейін. Ал 12 шілдеде Түркістан қаласы Бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеуге халықаралық байқау жарияланады. Байқауға қатысуға отандық және халықаралық сәу­лет­шілер шақырылады. Бағалау үшін халықаралық сарапшылар тобы құрылмақ.

А.Мамин жұмыс сапары бары­с­ында Түркістанның инфра­құры­лымдық нысандарын аралады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы