Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Өзгеру – өмір талабы

491 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауының заңды жалғасы іспетті. Бұл Жолдауында Президентіміз жаңа басталған әлемдік төртінші өнеркәсіптік төңкеріс кезеңінде Қазақстанды жаһандық бәсекеге қабілетті, экономикалық және әлеуметтік жағынан жаңаша дамыған мемлекет ретінде қалыптастырудың өзекті мәселелерін сөз етсе, ал мына еңбегінде елді рухани жаңғырту жайын қозғайды. «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық, – деп жазды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осы еңбегінде. – Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу... Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».

Өзгеру – өмір талабы

Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдық­пен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әб­ден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ал ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз.

Елбасы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілет­ті­лікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүм­кіндік алатынына ел Президентінің ерек­ше назар аударып отырғаны бекер емес. Өйткені, әлем­дік бәсекеге қабілеттілік ұлты­мыздың эко­номикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз.

Рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтау­мен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­­биетіміз, жоралғыларымыз, жалпы, ұлт­тық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әри­не, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұр­паққа отбасынан, бала бақшадан, мек­теп­­тен берілері анық. Жоғары оқу орында­рында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сон­дықтан, ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мы­салы, біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2009 жылдан бері «Ұлттық тәрбие», «Абай­тану» пәндері оқытылып келе жатқаны осы ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру мақсатынан туындағаны сөзсіз.

Жалпы, ұлттық тәрбие туралы идея бүгін­гі күн талабы мен өмірлік қажеттілік­тен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңіс­тікте өз жолын таңдауы әрбір қазақ­тың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол, сөзсіз, ұрпақтар қамы деген ұғыммен үн­деседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашыл­ған даңғыл жол. Сол болашаққа ашыл­ған даңғыл жолды ұлттық тәрбие ар­қы­лы үйренсек, ешкімнен кем бол­майтынымыз анық. Бұдан шығатын қоры­тынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-баба­лар алдындағы қарыз бен өкшебасар ұр­пақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни, парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз. Сон­дықтан, мұнда алдымен мемлекет құ­руға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қа­тар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәде­ниетінің) мүшесі болып саналамыз. Ен­деше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетіс­тіктерін қолдан келгенше түгел иге­ріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сон-

д­ай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интел­лек­туалды сапаға көтеріп алу тиімді.

Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы «қызыл идеоло­гияның» қыспағындағы бодан ха­лық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өрке­ниет орталығы саналатын қала хал­қына айналып, сапалық жағынан көп ілге­рі­леді, бүтіндей аграрлық жағдайдан ин­дус­триа­лық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге, «Мәңгі ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық.

Біздің ойымызша, ұлттық тәрбие өзара тығыз байланысты екі бастаудан нәр алуы тиіс. Оның біріншісі – қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, ба­қыт туралы арман-аңсар. Таратып айтсақ, осындай арман-аңсардың мәдениет пен өнерде, салт-дәстүрде, тіл мен ділде, діни сенім-нанымда түрліше көріністері болуы керек. Екіншісі – бүгінгі тарихи кезең аясындағы нақты бастан кешіріп отырған қоғамдық-психологиялық ахуал. Бірінші жағдайға қатысты ойымызды одан әрі өр­бітер болсақ, халықтың мәдениеті мен әде­биеті, өнері мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-нанымы мен діні дегенде та­рихтың сүзгісінен сараланып өткен рухани құндылықтарға басымдық сипат берілуі керек. Мұның өзі қоғамның тарихи, психологиялық даму бағытында екінші мәселенің де оң шешім табатын жолымен ілгері басуына кепіл бола алар еді.

Әрине, бүгінгі қоғамдық-пси­хо­ло­гия­лық ахуал дегенде осы бағыттағы әлем­дік тәжірибелердің озық үлгілері мен жетістіктері де назардан тыс қалмауы тиіс. Түсінген кісіге қазіргі заман көзімен қа­ра­сақ, қоғам түбегейлі өз­герген. Жас­тардың пси­хологиясы, та­ным-түй­сігі мүлдем бас­қа­ша. Бүгінгі қо­ғам­дық қатынастар кейінгі ұрпақты бәрібір өз дегеніне көндіруде. Тіпті, ұлттық құрамы да ала-құла. Ұлт (отбасы) ала-құла болған соң, тілі де бір­келкі емес. Осыған байланысты бүгінгі қазақ отбасының ұлттық тәрбиесі күрделі өз­герістерді бастан кешіруде. Мұндай өз­герістерге біз әрқашан дайын болуымыз ке­рек. Ол үшін білім арқылы тәрбиелеудің әлем­дік озық үлгілеріне арқа сүйегеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Сонда ғана біз бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе аламыз.

Халықаралық деңгейдегі білімнің бас­ты ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау болса, оның алғы шарты білім арқылы тәрбие берудің ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген сөз. Сондықтан, дүниежүзілік тәлім-тәрбие берудің озық тәжірибелерін игермей ұлттық тәрбие идеясын толыққанды жүзеге асыра алмаймыз. Бүгінгі тарихи-психологиялық ахуал бізден осыны талап етіп отыр. Онсыз білім де, тәрбие де өз деңгейінде болмайды. Шын мәнінде, тәу­елсіздік дегеніміздің өзі ұлттық мә­дениеттің сақталуы және халыққа руха­ни қызмет ету әлеуеті емес пе?! Ол-ол ма, ұлттық бостандық ұғымының түп­кі мазмұн-мағынасы да осыған саяды. Жаст­арды ойдағыдай тәрбиелеуге біздің мүм­кін­дігіміз бар. Өйткені, ол үшін батыс мә­де­ниетімен, білімімен бәсекеге түсе алатындай ХХІ ғасырда рухы биік мәдениетіміз бен біліми әлеуетімізді қалыптастыруды қолға алу өте-мөте маңызды. Рухы мен мәдениеті биік, білімі терең деңгейдегі ұлт жаһандану деген алып мұхиттың үстінде өзінің келбетін жоғалтпайды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын. Президенттің «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық бағдарламасындағы идеямен қаруланған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын жасады. Бүгінде біз университетте тәрбие мәселесін, оның ішінде ұлттық тәрбие проб-

лемасына бірінші кезекте ден қойып отырмыз. Өйткені, ұлттық тәрбие бастауларынан нәр алған мәдениетті, парасатты жастар оқу-білімді өзінің өмірлік мұратына айналдырып, жан-жақты ізденетіні, ғылыммен шұғылданатыны сөзсіз. Білім мен ғылым, шындығында, аса зор өндіргіш күш, зор бай­лық. Сондықтан, да әлемдік жаңа идео­логия білім күшіне сүйенеді. Сондай-ақ, қа­зіргі замандағы білім беру жүйесінің мін­деті – қазіргі жастарымыздың білім алып қана қоймай, тәрбиелі, әдепті, ұлтжанды, зияткер болуын қамтамасыз ету.

Біздің университетіміздің білім мен тәрбиенің ажырамас бірлігін қамтамасыз ете алатын ежелден қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар. Сон­дай-ақ, ол кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Университеттің педагогикалық әлеуеті болашақ маман­дардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісін­де ғана емес, олардың азаматтық жауап­кер­шілігін, отаншылдық рухын, елдік, мем­лекетшілдік сана мен ұлттық ар-ож­дан сияқты қасиеттерін тәрбиелеуде жи­нақ­таған іс-тәжірибелері аса мол. Біздің уни­вер­ситеттің еліміздің басқа жоғары оқу орын­дарынан басты ерекшелігі де осында.

«Ұлттық тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы ең басты қажеттілік – жастардың рухани тәрбиесін жетілдіру дейтін болсақ, бұл бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі саналады. Сондықтан, оқу үдерісіне «Ұлттық тәрбие» сабағы енгізіліп, ол жеке пән ретінде барлық мамандықтар бойынша оқытылуда. Бағдарламаның тиісті жұмыс істеуі үшін оған 4 кредит бөлініп, тиісінше оқу жос-

парына енгізілді. Сонымен бірге, арнайы «Ұлттық тәрбие» кафедрасы ашылып, оған өз ісінің білгірлері саналатын білікті де тәжірибелі мамандар тартылып отыр. Осы бағыт бойынша мемлекеттік тілде оқулықтар мен оқу құралдары дайындалды. Келешекте «Ұлттық тәрбие» пәні ұлттық рухтың, тіл мен ділдің алтын қазығы саналатын балабақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейдегі оқу орындарында кәсіби-базалық деңгейде оқытылатынына сеніміміз кәміл.

Қазір біздің бұл бастамамыз елімізде кеңінен қолдау тауып, жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбиені оқытуға ерекше ден қойылуда. Ұлы Абай мұралары да ұлттық құндылықтарға толы. Сондай-ақ, халықтың шешен-билерінің, ақындарының, күй­шілерінің мұралары да рухани бай­лы­ғы­мыздың қайнар көзі. Біз оларды мектепте де, жоғары оқу орындарында да мына өзгермелі заманға лайықтап оқытып, ұрпақ игі­лі­гіне айналдыруымыз керек. Ал білім бе­ру саласы да үнемі ұлттық сипатпен бай­ы­ты­лып отырса нұр үстіне – нұр.

Міне, бұл да болса Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» еңбегінен туындайтын ұлт­тық сананы қалыптастыру туралы мін­детті жүзеге асыруға бастайтын сара жол­дардың бірі.

Елбасы ұсынып отырған екінші жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Осы жоба бо­йынша тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты гуманитарлық бағыттар бойынша әлемдегі жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дүние жүзін­де­гі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алу­ға мүмкіндік жасалады. Тіпті, 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқу­лықтармен оқытыла бастайтыны бізді қуантуда.

«100 оқулық» бағдарламасы бойын­ша жүз мыңдаған студентке жаңа са­па­лық деңгейде білім беретін болсақ, мұның өзі білім саласындағы жаһандық бәсе­ке­ге неғұрлым бейімделген мамандар­ды даярлауға қол жеткізіледі. Жіктеп айтар болсақ, әлем елдерінің ең таңдаулы оқулығын оқыту арқылы студенттеріміздің дү­ниетанымы кеңейіп, жаһандық өр­к­е­ниет­тен хабары арта түсетіні сөзсіз.

Елбасы ұсынған үшінші міндет: «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Біз отбасында, бала бақшада, мектеп пен жоға­ры оқу орындарында жастарымыздың бой­ында туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып тәрбиелесек күні ертең олар туған елін де, отанын да қадірлеп, қастерлейтін жа­нашыр ұрпақ болып қалыптасары сөз­сіз. «Туған жер» бағдарламасы жас ұр­пақ­ты патриотизмге тәрбиелеуге ба­ғыт­талған өміршең құжат болып табылады. Сон­дықтан, мектеп те, жоғары оқу орындары да алдағы уақытта осы құжатты жүзеге асы­руға жұмылуы тиіс.

Қысқасы, Елбасының ұсыныстары мен кеңестері Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңінде халқымыздың ұлттық сана-сезімін биік деңгейге көтеру арқылы Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтарын тәр­биелеп қалыптастыру ниетінен туындаған жанашырлықтың айғағы деуге болады.

Бүгінде біздің университетімізде Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында талқылау, түсін­ді­ру және насихаттау бағытында ау­қымды іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күннің өзінде «Рухани жаңғыру – Қазақстан да­муының негізі» тақырыбында жалпы уни­вер­ситеттік дөңгелек үстел өткізіліп, белгілі саясаттанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салса, онан бері университет құрамындағы барлық институттар Елбасының бұл ең­бегі бойынша ашық дәрістер өткізуде. Ай­талық, «Филология және көптілді білім беру» институты өткізген «Рухани жаңғыру: қоғам, білім және ғылым» тақы­ры­бындағы симпозиумға өз еліміздің бел­гілі ғалымдары мен шетелдік ғалымдар да біздің Елбасымыздың жаңа еңбегін жан-жақты талқылап, оған жоғары баға берді. Мұндай игілікті іс-шаралар үнемі жалғасын табатын болады.

Серік ПІРӘЛИЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, 

ҰҒА академигі, профессор

Соңғы жаңалықтар