«Бақсай» кеңшарының атынан жыр додасына түскен Жәниба ақын талай бәйгеде шашасына шаң жұқтырмады. Алғашқы республикалық айтысқа барғанының өзі бір хикая. «Аламан айтыс өтеді» деген хабар тарағанымен, Атырау өңірінен ешкімнің суырылып шықпағаны ақын қыздың намысына тиеді. Бәйге десе шын жүйріктің арқасы қозады емес пе? Ауданнан да, облыстан да қолдау болмағасын, домбырасын арқалап жаяу жолға шығады. Ауылынан аудан орталығына жетудің өзі мұң кез. Су таситын көлікке әзер деп аяғын іліктіреді, сол жол Жәнибаны ару Алматының төрінен бір-ақ шығарды. Әр өңірдің ең мықты ақындары жиналған айтыста алғашқы қарсыласы Солтүстік Қазақстан облысынан келген Кеңес Тынымбаев болғанын қазір сағынышпен еске алады. Ауыл арасындағы айтыс айтыс па, нағыз дода осында екен. Теледидар арқылы тамашалап отырған атыраулықтар Жәнибаның суырып салма сөз тапқыштығына риза болып, ел болып қуанған деседі.
Одан кейін де мықтымын деген талай ақынмен айтысты. Жеңді, жеңілді, бірақ жасыған да, тасыған да жоқ. Республикалық суырыпсалма ақындар айтысында, «Халық таланттары» телевизиялық фестивалінде жүлдегер атанды. Ел оны «Атырау облысының №1 айтыс ақыны» деп абырой биігіне көтерді. Шайыр екенмін деп шарықтап тағы кетпеді. Сол ауылында шаңырақ көтеріп, өнегелі келін, асыл жар, аяулы ана болды. Бірнеше поэзиялық, прозалық жинақ шығарды. Ауылдағы талантты балаларға ұстаздық етті.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет ауданының құрметті азаматы Жәниба Қарасаева үшін биыл мерейлі жыл. 70-ке толған ақынын ардақтаған аудан әкімдігі «Жүрегі жырдан жаралған» атты шығармашылық кеш өткізіп, сый-құрмет көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев, Жазушылар Одағы Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, өңірдің зиялы қауымы ақын кешінде сөз алып, тілектестік танытты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.