Экология • 20 Наурыз, 2021

Шетел басшылары еккен ағаштар

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның мәліметі бойынша бүгінгі таңда әлемнің 50-ден аса мемлекетінде ағаш егу мереке ретінде аталып өтеді екен. Жергілікті ауа райына қарай бұл мереке әр елде әрқалай тойланады. Яғни мереке көшет отырғызуға қолайлы мезгілмен сәйкес келеді. Біздің елде бұл атаулы мереке ретінде белгіленбесе де, ағаш егу – Наурыздың негізгі нышаны.

Шетел басшылары еккен ағаштар

Қазір қай елде болсын, көгалдандыруға мем­ле­кеттік деңгейде баса көңіл бөлі­не­ді. Сондықтан жасыл баққа көшет отыр­ғызумен ерекшеленетін іс-шаралар көбей­ді. Мұндай игі дәстүр елдер арасындағы достықтың дәнекері ретінде де дәріптеледі. Соның бір айғағы – Қазақстан астанасына ат басын бұрған, табан тіреген мемлекеттер, үкіметтер басшыларының ағаш егу үрдісі. Мұндай мәртебелі меймандар еккен, менмұндалаған ағаштар «Отан-Ана» мону­ментінің маңайындағы алаңда және «Ата­мекен» этномемориалдық кешені жа­нындағы Тутөбенің етегінде өсіп тұр.

Президенттер, премьерлер бас қосқан дөң­гелек үс­телдей дөңгеленген бұл бақ­­тарда небір сая­­саткерлердің ізі сайрап жатыр. Әр ағаш­­тың түбінде кімнің отыр­ғыз­ға­ны жа­зыл­ған тақтайшалар – дөңгелек үстелде есім-сойы жазылып тұратын куверткалар іс­петті. Мұндағы тарихтан сыр тартатын әр ағаш – кезіндегі аса маңызды сапардың сәу­лелі сәті. Қаз-қатар тізілген, бірі бой­шаң, бірі орта, бірі пәс ағаштар кімнің ерте, кімнің кейін келгенінен хабар беріп тұр­ғандай. Бірақ кейбір елдің бұ­рынғы бас­шысы еккен ағаш кейінгі басшы­сы ек­кен ағаштан бәсең тартып, бұ­тақ­та­ры да сирек сияқты көрінеді.

Елімізге келген ел басшылары баққа Тянь­-Шань шыршаларын еккен. Өзі көркем, аң­қыған хош иісі бар, өсімтал бұл шырша – үш ғасырдан астам уақыт жасайтын, діңі екі метрге, биіктігі ондаған метр­ге дейін же­тетін ағаш. Бір бой алып кетсе, таби­ғат­тың қатал мінезіне, топырақтың тас­­та­ғына қарамастан, өршеленіп өсе бе­ре­ді.

Осындай қаншама уақыт жасайтын ағаш егу мемлекеттер арасындағы ын­ты­мақтастықтың, бауырластықтың ұзақ жыл­дар­ға жалғасуына ниет ету екені түсі­нікті. Жаңа айтқанымыздай, бір ел­дің бірнеше басшысының отырғызған ағашына қарап, ара­дағы байланыстың үзілмегенін аң­ға­руға болады. Бұған Түркияның ал­дың­ғы президенті Абдулла Гүл мен қа­зір­гі басшысы Реджеп Тайип Ердоған, Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Кәрімов пен қазіргі президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР-дың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі төрағасы Си Цзиньпин және басқа елдердің бірқатар басшысы еккен ағаштары дәлел.

Бір қызығы, «Отан-Ана» монументінің маңындағы бақты аралап жүргенде түбі бір, тамырлас халықтардың басшы­ла­ры еккен ағаштардың бойы да шамалас, бұ­­тақт­ары да тығыз екенін байқадық. Мы­­са­лы, бір қатарда тұрған Түркия­ның бұ­рынғы президенті Абдулла Гүл, Әзер­бай­жан президенті Ильхам Әлиев және Тү­рікменстан президенті Гурбангулы Берді­мұхамедов еккен ағаштардың бойы да, қа­лыңдығы да, түсі де ұқсас екен.

Осы маңайдағы ең биік ағаштардың бірі – Тәжікстан президенті Эмомали Рах­мон еккен шырша. Мұны біз аталған президенттің әкесі де, шешесі де ата-баба­сынан диқан болғанымен байла­ныстырдық. Бәлкім, бағбандық Э.Рах­мон­ға да қанмен берілген қасиет болар.

Корея республикасының бұрынғы президенті Ли Мен Бактың еккен ағашы да еңсе тіктеп, жайқалып тұр. Ол президент болмай тұрып, Корея астанасының мэрі кезінде Сеул орманы жобасын қолға алған. Бұл жасанды орманда 400 мың­ға жуық ағаш өсіп, қаланың бас­ты символының біріне айналған. 2006 жылдың мамырында танымал «Time» жур­налы «Сеул бетон джунглиден жасыл оазиске айналып, басқа азиялық қалаларға қор­шаған ортаға қалай қамқорлық жасау керектігін үлгі етіп отыр» деп жазды, бұған Ли Мен Бактың суретін қоса берген. Пре­зиденттің осы ниетіне қарап Қазақстан аста­насында еккен ағашы да жайқалып тұр-ау деп топшыладық. Бірақ оның шыр­шасы биік, қалың болғанымен, бір жа­ғының бұтағы жапырылып қалғандай өсіпті. Осы кезде оның орнынан кеткеннен кейін жемқорлыққа қатысы бары анық­та­лып, істі болғаны еріксіз есімізге түсті.

Аталған бақтарға ағаш еккен мемле­кет басшыларының ішінде тақтан кетіп басынан бақ тайғандары да, бақи­лық болғандары да баршылық, әрине. Осындайда қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалы ойымызға оралады. Жалпы ағаш егу, жоғарыда айтқанымыздай, елдер арасындағы берік қарым-қатынастың нышаны ғана емес, ең бастысы – сауапты іс. Ағашың саялы болса, жемісті болса, бұл – айналаңа өзіңнен кейін де пайдаңның ти­ге­ні. «Хан келеді, кетеді, халық қалады» де­гендей, бастысы халықтар арасындағы дос­тық жасай бермек.