Коронавирус • 20 Қыркүйек, 2021

Егде адамдарға екпе алмай болмайды

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Орталық телекоммуникациялар қызметі алаңында Қызылор­да облысында індеттің таралуын болдырмау бағытында жасалып жатқан жұмыстар барысы айтылды. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жалғасбек Үсенов қатысты.

Егде адамдарға екпе алмай болмайды

Облыс әкімінің орынбасары өңірде індет жұқтырған 17 247 адам тіркелсе, оның 91 пайызы айығып шыққанын атап өтті. Былтыр басталған індеттің биыл өрши түскені байқалып отыр. Мысалы, өткен жылы коронавирус инфекциясын 3 392 тұрғын жұқтырса, биыл жыл басынан тіркелген науқастар саны 13 855-ке жеткен. Әсіресе, шілде, тамыз айларында бойы­нан індет белгісі байқалғандар қатары артты. Пневмониямен ауырған 2 266 науқастың 2 048-і айығып шыққан. Өткен 2 айда өкпесі қысылғандар да күрт көбейіпті.

– Облыста қазір 1 160 инфекциялық төсектік орындағы жүктеме 30 пайыз болып отыр. Айтқан жерден аулақ, дегенмен эпидемиялық ахуал ушыға қалған жағдайда инфекциялық және провизорлық стационарларда орын санын 3 200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Биыл құрылысы былтыр басталған модульдік стационар іске қосылып, науқастарға жағдай жасау, олардың саулығын бақылау жақсара түсті, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Балжан Мөрәліқызы індетті болдырмау шаралары аясында дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға баса мән беріліп отырғанына да тоқталды. Дәл қазір өңірде 2 айлық қор бар. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінген. Басқа да қажетті құрал-жабдықтар тапшылығы байқалып тұрған жоқ. Маман кадрлар да жеткілікті.

Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті 401 мың тұрғынның 291 237-сі екпенің 1 компонентін алды. Екпенің екінші бөлігін салу да кестеге сәйкес жүргізілуде. Өңірде 106 егу кабинеті тұрақты жұмыс істеп тұр. 167 мониторингтік топ ай басынан бері 524 нысанға тек­се­ріс жүргізіп, карантин талаптарын бұзудың 65 дерегі анықталды.

Брифингте науқастарға медициналық қызмет көрсету, жалған вакцина паспортын жасату, індет салдарынан көз жұмғандар саны туралы сауалдар қойылды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері 451 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған.

– Бұрыннан қант диабеті мен гипертонияға шалдыққан жасы үлкен кісілерге бұл дерт оңай тиіп отырған жоқ. Осыған байланысты қазір жасы ұлғайған тұрғындар арасында вакцинаның пайдасы жайлы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді аймақ басшысының орынбасары.

Балжан Шәменова жалған вакцина паспортын беруі мүмкін деген екі емханада тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтып өтті.

 

Қызылорда облысы