Абай • 17 Тамыз, 2022

Абай ілімін ашу – рухани кемелденуге апарар жол

14790 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Абайтану» пәні тек Абайдың шығармаларын ғана қамтып қоймай, сонымен қатар ертедегі өлең-жырлардан бастап, Қорқыт, әл-Фарабиден Дулат ақынға дейінгі айтылған ұлттық құндылықтарды да қамти отырып, ұлттық тілді, дінді, дәстүрді де оқытып жас ұр­пақ­ты елін, ұлтын Абайша сүюге тәр­бие­лейді.

Абай ілімін ашу –  рухани кемелденуге апарар жол

Абайтанушы-академик М.Әуезов Абайдың «Толық адамын» алғаш рет айтып, білсе де жан-жақты зерттеуге, на­сихаттауға сол кезеңнің қысымынан мүмкіндігі болмады, тек «Абай жолы» эпопеясында, ғылыми еңбектерінде ойын жасырын, бүркемелеп қана айтып кетті. Осылайша, жасырылған «алтын көмбені» өзінің бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірін арнап толығымен осы күннің абызы, ғұлама ғалым Мекем­тас Мырзахметұлы жан-жақты зерт­теп, көпшілікке ұсынды. Профессор М.Мыр­зах­метұлының Абайдың ілімін ашудағы инемен құдық қазғандай ізденісінің нәти­же­сінде тек Абай туралы жазған, жарық көрген еңбегі он кітаптан асып жығылады.

Президент Қ.Тоқаевтың айтқан «қазақ халқының өмірлік философиясы» деген қағидасын талдау үшін хакім Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде көз жүгір­тейін. Көп жағдайда оқырман өлең­нің мазмұнын талдағанда: «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қал­ан!» деп өмірден өз орныңды тап деген ойды, ал: «Ұстаздың қылған жалықпас, Үйре­ту­ден балаға», деп ұстаздықты жо­ғары бағалаған деген пікір айтады. Дұ­рыс-ақ, бірақ бұл негізгі айтайын деге­нін то­лық­ты­ру­шы ой, ал негізгісі мына жолдарда:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?

Мұндағы бастапқы екеу – қайрат пен ақыл, ал соңғысы – жүрек. Егер қайрат пен ақыл жүректі қоспай екеуі ғана әрекет етсе, олар жақсылыққа да, жамандыққа да жол тауып береді, яғни қызмет ете береді. Қайрат, ақыл, жүректі үнемі бірлікте қарастыру, алдыңғы екеуінің тек әділет пен шапқатты көздейтін жүрекке бағынуын қалау – қазақ ұлтының өмір философиясы екенін Абай өлеңінен анық аңғарамыз. Абайдың терең ойдың иесі екендігін түсіну үшін өлеңдері мен қара­сөздерін тұтас оқу қажет. Өлеңінде айт­қан үш ұғымды – қайрат, ақыл, жүрек туралы ойын он жетінші қарасөзінде қай­та тоқталып, жан-жақты талдап, то­лық­­­тырып қорытынды жасайды: «Осы үше­уің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айт­­қанымдай табылсаңдар, табанының то­пырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақ­тадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қа­райды деп кітаптың айтқаны осы, – депті».

Абайдың «Үш-ақ нәрсе – адамның қа­сие­ті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек» деуі даналық, хакімдік дәре­же­ге жет­кенін көрсетеді. Отыз сегізінші қа­ра­­сөзінде «Адаспай тура іздеген хакім­дер болмаса, дүние ойран болар еді. ...Әрбір ғалым-хаким емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Абай хакімді жоғары қояды. Ғалымның еңбегі жақсылыққа да, жамандыққа да қызмет етеді, егер ғалым қайрат пен ақылына ғана сеніп жүректі тыңдамаса жамандыққа бет бұрып кетуі ғажап емес, онда ыстық қайраты мен нұрлы ақылы суық қайрат, суық ақылға айналып, жүрегі қарая бастауы мүмкін, ал хакім қайрат, ақыл, жүректі тең ұстайды не болмаса жүрекке басымдық береді, себебі хакімнің жүрегі тек қана жақсылыққа үндейді, қайрат пен ақылын жамандыққа ешқашан жібермейді яғни хакім адамзат баласын тек жақсылыққа бастап, дүниені ойраннан сақтайды. Қазақ ұғымында адамзатқа ауырмайтын ем іздеген Лұқпан хакім айтылса, біз ғылыми тұрғыда зерттеудің нәтижесінде әл-Фараби және Абай аталарымызды Хакім деп айта аламыз. Абайдың хакімдігін бүгінгі күні біз ойлап тапқан жоқпыз, бізден бұрын замандастары айта бастаған. Ақын ағасы туралы Шәкәрім де өз пікірін айтып қал­дырған. Оның пікірінде сүйініш те, кү­йініш те бар екені байқалады: «Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әртүрлі кітабын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болған­дық­тан, қадірі азырақ білінді. Олай бол­ма­ған­да данышпан, хакім, философ кісі еді» дейді.

Қазақтың ойға жүйрік, сөзге шешен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Абай туралы толғанысқа түседі:

Байқасаң қазақтың өзінде бар,

Дүниенің генийлігі* (кемеңгер),

пайғамбары.

«Ер тарғын», «Қобыландыны»

оқып байқа,

Абайдың оқы, таңырқа, басың шайқа.

Ақындықтың қуаты есіңді алып,

Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.

Тіпті Абайдың замандасы жүз жасаған Жамбыл да хакімдік қасиетін дөп басып айтады:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

Өр Абайдың төтеген кім бетіне?!

Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.

Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар.

Өте сауатты, асқан талантты ақын Мағжан Жұмабаев Абайдың адамгершілік ілім­ді меңгерудің шыңына шыққанын, оның әлемдік деңгейдегі даналардың да­ныш­паны хакім екенін мүлтіксіз таны­ғанын жырын оқысақ анық байқай­мыз:

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеуге арнап Абай «Толық адам» ілімін жарыққа шығарған тоқсан төрт жастан асқан ғұлама ақсақалымыз Мекемтас Мырзахметұлы мынандай тұжырым жасайды: «Толық адам (толық инсаният) дегеніміз: Абайдың танытуында – әрбір адам ақылымен, білімімен мал-дәулетімен біреулерге әділет, шапағатымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы боп шығады. Кімде-кім осы: «...жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты ол ...толық адам делінеді», – деп, ең басты ой байламын жасайды. Бұл пікірлерінің негізгі желілері Абайдың бүкіл ағартушылық-гум­анистік көзқарасынан туындап, шы­ғар көзін жоғарыда таратылған адам­дық үш сипаттан тартады. Бұл бүкіл ақын шығармаларының бойына жылылық беріп, таралып жатқан толық адам жайлы ойларымен терең түрде сабақтасып жатады».

Хакім Абайды «даналардың данышпаны» деп жалаң мақтау, қызыл сөз ре­тінде айтып тұрған жоқпын, кейде ұста­зым Мекемтас ағайға да, маған да «Абайды тым мадақтап, бәрінен артық қойып жіберген жоқсыңдар ма?» деген сұрақтар қойылып жатады. Әрине, бұған бір мақаланың шеңберінде толық жа­уап беру қиынырақ. Дегенмен оқырманға ойы­мызды қысқаша жеткізуге талаптанып көрмекшімін. Бүкіл мұсылманды, адамзат баласы толғандырған Алла туралы ұғымды дәріптеп, сипаттап көпшілікке ұғынықты етіп «Алла деген сөз жеңіл», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйын­дым», т.б. өлеңдерін арнаса, осы өлеңдерінде айтқандарын қарасөздерінде тереңдете қорытындылайды. Мысал келтірейік, отыз сегізінші қарасөзінде: «Ол – Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтам емес, біздің ақылымыз мұқтаж... Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақы­лымыз – өлшеулі». Яғни Алла адамға ақыл берді, жаратылғандардың ішінде адам ғана Алланы мынау жүйелі жаралған әлемге қарап Алланың бар екенін сезінсін деп. Қарапайым дәлел, Күн мен Ай үнемі бірінен кейін бірі тұрақты қозғалыста, ал Абай табиғат туралы өлеңдерінде көрсеткеніндей жыл мезгілі Көктем, Жаз, Күз, Қыс тұрақты түрде кезекпен келеді, ал адамның ғұмыры солай. Егер Алла біреу болмай, Жаратушы Құдайлар көп болса бұл жүйе бұзылар еді, Күн – біреу, Ай – біреу Құдай көп болса олардың бір-бірінен таласпауы мүмкін емес, хакім Абай шығармаларының өн бойында Алла – жаратушы, адам және бүкіл әлем жаратылғандар екені сезіліп тұрады, тек ынта қойып Абай шығармасын үзбей оқыңыз.

Абай аспаннан түсе қалған жоқ, ол да біз сияқты пенде, тек Абайдың даналығы қазақтың ұлттық құндылықтарын мол сусындап меңгергенді. Қазақ ұлты баласы есі кіріп есейгенше «жаман болады» деген шектеу сөзді көп қолданады, сонымен қатар баласына «Алпамыс пен Қобыландыдай батыр болар ма екенсің» деп бесігінде құлағына құяды, тарқатып айтсақ «Отаныңды қорға, ата-анаңды сыйла, қорға» дейді, «ешқашан да басқадан қайтсең де артық бол, басқа елді жаулап ал» деп айтпайды, тіпті «таспен ұр­ған­ды, аспен ұр» деп үйретеді. Хакім Абай қазақы ақыл-ойды шығармасында одан әрі дамытып, бастаудың қайда жат­қа­нын аңғартады: «...Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я ма­лың­нан, ғадаләт, шапағат секілді біреу­лерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құдайдың жолы». Бұл жол – қазақ ұлтының да хакім Абай жырлаған бас­ты жолы. Қазақ ұлты да, оның хакім әл-Фарабиі де, Абайы да тек адамзатты жақсылыққа үндейді, жақсылыққа тәрбиелейді, жақсылыққа жетудің мақсат-мұратын анықтап, тура жолға салады. Әлем халқы сірә, осы үшін Қазақ елі хакімдерінің шығармаларын оқуға құлшыныс танытуда.

«Абай – қазақтың бас ақыны» деп бүкіл қазаққа жар салған, «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығысы, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақын­да­рының өлеңінен артықшылығы әр нәр­сенің бергі жағын алмай, арғы асылына қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз» деп Абай шығармашылығын тереңінен пайымдаған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы 1928 жылы 1 қазанда университетіміздің Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылу салтанатында негізгі баяндамашы ретінде сөйлеп қана қоймай, университетте студенттерге дәріс те береді. Ал Абайтанудың не­гізін қалаған Мұхтар Әуезовтің ақын мұ­расын терең зерттеп танып білудегі алғашқы танымдары университетімізде алғашқылардың бірі болып дәріс берген кезінен бастау алады. 1935 жылы қазақтың оқу орнына Абай есімі беріліп, «Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік педагогика институты» деген атау алады (институт директоры Шайхислам Бекжанов). Университетте қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қажым Жұмалиевтың ұсынысымен кафедра жанынан Абай кабинеті ашылады. Осы профессор Қ.Жұмалиев университеттің түлегі, шәкірті М.Мырзахметұлына 1961 жылы аспиранты болған кезде ер­кінен тыс талап етіп, «Абайдың әдеби мұ­ра­сының зерттелу жайы» деген қиын­дығы мол күрделі әрі зерттелмеген тың тақырып береді. Коммунистік қоғамның идеологиясының қысымына ұшырап, сотталып ауыр азапты басынан өткерсе де, қайсар ғалым Абай мұрасын келер ұрпаққа жеткізетін, зерттеп, насихаттайтын абайтанушы тәрбиелеуді ел алдындағы міндетім деп санады. Унивеситет ұстаздары студенттерге Абай мұрасы тақырыбында диплом жұмыстарын жаздырып, арнайы курс, семинар дәрістері өткізіліп, ғылыми-теориялық конференциялар ұйым­дастырылып, баяндамалар жасалып отырды. Профессор, филология ғылым­да­рының докторы Нығмет Ғабдулиннің құ­рас­тыруымен «Абай тағылымы» ғылыми жинағы шықты.

Абайтану ғылымы ұзақ жолдан өтті. Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болып қалыптасты. 

Бұл пән бастауын мектептен алу үшін М.Мырзахметұлы шәкірті Н.Керім­бековпен бірге 5-9-сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» интел­лек­­туал­ды оқу-әдістемелік кеше­нінің электронды нұс­қасын әлемнің ең үздік тех­ноло­гия­сымен Жапонияның Токио қа­ла­сында шығарды.

 

Жабал ШОЙЫНБЕТ,

абайтанушы,

Абай атындағы ҚазҰПУ хакім Абай ҒЗО директоры