Еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы Президент Жарлығымен бекітілді. Бұл құжат Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттырып, қоршаған ортаға, табиғи ресурстарға жүктемені барынша азайту, елді әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіргізу үшін жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу бойынша жүйелі қайта құрудың негізін қалады. Бұл, әсіресе, су ресурсын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығында өнімділікті жоғарылату, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықты басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтау және тиімді басқару секілді сан салалы міндеттер жүктейді.
Біздің елде парниктік газдың шамамен 30 пайызы ауыл шаруашылығында пайда болады. Бұл негізінен химиялық тыңайтқыштарды, пестицидтер мен жануарлардан алынатын қалдықты пайдаланудың нәтижесі. Парниктік газға азот оксиді (N2O), көмірқышқыл газы (CO2) және метан (CH4) кіреді, олар климаттың өзгеруіне және жаһандық жылынуға ықпал етеді. Осылайша, ауыл шаруашылығы өндіріс жүйелерінің тұрақтылығына қатты әсер етеді. Бұл ретте пестицидтерді пайдалану салдарынан туатын парниктік газдар көлемі ескерілмейді. Осы секілді парниктік газдың қоршаған ортаға теріс әсері өз дәрежесінде бағаланбайды.
Соңғы онжылдықта климаттың жылынуы, экологиялық қауіптер және астық өндірісінде қолданылатын энергия көлемі артты. Сондықтан да мамандар диқан қауымына көпжылдық дақылдарды кеңінен қолдануды ұсынады. Өйткені сонда ғана жер жамылғысы барынша аман тұрады, ылғал мен қоректік заттар сақталады. Бұл көміртекті сіңіруге, ауыл шаруашылығында парниктік газды азайтуға, сөйтіп ең соңында жаһандық жылынуды бәсеңдетуге сеп болмақ.
Шын мәнінде, көпжылдық дақылдар әлемдік азық-түлік жүйесінде бірте-бірте бедел алып келеді. Өйткені жыл сайын егілетін дәнді дақылдың бірқатар кемшілігі бар. Мысалы, біржылдық дақылды жыл сайын себу керек. Бұл біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Оның үстіне, жыл сайын түрен салу топырақ эрозиясына, судың сапасы мен қолжетімділігінің төмендеуіне, парниктік газдар шығарындыларына және биоалуантүрліліктің жоғалуына әсер етеді.
Ал көпжылдық бидай табиғи бидайықты Lophopyrum, Thinopyrum, Elymus, Elytrigia сұрыпты бидай тұқымдарымен будандастыру арқылы алынған. Бүгінгі таңда көпжылдық бидайдың төзімділігі мен өнімділігі біржылдық дәндерге қарағанда артып келеді. Өйткені көпжылдық бидайдың төзімділігі жеке хромосомалардан гөрі, бидай геномы толық қатысқан жағдайда жоғары болады. Күрделі генетикалық негізіне байланысты бұл бидайдың бейімделгіш қасиеті күшті әрі көпжылдық бидайда Triticum turgidum ssp, Т. durum қатты бидай геномы бар екендігі анықталды. Осылайша, әлемнің әртүрлі топырақ-климаттық жағдайында жүргізілген зерттеулер жаһандық жылыну артып, экологиялық қауіптер көбейген заманда көпжылдық дақылдардың біржылдық дақылға қарағанда пайдалы болатынын көрсетті. Өйткені олар қоршаған ортаның көптеген жағымсыз биотикалық және абиотикалық факторына төзімді. Топырақ қабатын ұзақ жыл сақтап, ылғал мен қоректік заттардың шығынын азайтады. Көміртекті көбірек сіңіріп, сол арқылы ауыл шаруашылығынан шығатын парниктік шығарындыны азайтуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында көпжылдық бидайдың өсуі мен даму биологиясын зерттеу, оны әртүрлі агроэкологиялық аймақта өсірудің тиімді әдістерін әзірлеу бойынша зерттеу жүріп жатыр.
Жобаның мақсаты – көпжылдық бидай егістігінің өнімділігін арттыру, парниктік газ деңгейін төмендету, топырақ құнарын сақтау және қоршаған ортаны қорғау үшін агробиологиялық негіздер әзірлеу. Жоба көпжылдық бидай өсімдігінің анатомиялық және морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, түрлі агроэкологиялық жағдайда егіннің өсуі мен дамуы, қалыптасу сипатын және сапасын анықтауға бағытталған. Қазір үш агроэкологиялық аймақта дала эксперименттері жүріп жатыр. Бұл жерде көпжылдық бидайды астық және жемшөп ретінде егудің агротехникасы әзірленеді, бидайдың өсуі мен дамуы, шығымдылығы, сапа ерекшеліктері зерттеледі. Егістің фитосанитарлық жағдайы бақыланып, топырақ құнарлылығын сақтау және қоршаған ортаны қорғау параметрлері бойынша агроэкологиялық баға берілетін болады. Жобаны жүзеге асырушы Алматы және Түркістан облыстарының фермерлері, ауыл шаруашылығы серіктестіктері, кооператив басшылары мен мамандары үшін дала семинарлары ұйымдастырылып, өткізіледі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистранттары мен докторанттарына өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасалған.
Осы жоба барысында ғалымдар 1 га егістіктен алынатын жемшөп түсімін 1,7-2 есеге ұлғайтып, егіс алқабының ластануын 40-50%-ға төмендетуді көздейді. Сондай-ақ суармалы су шығыны 30-40%-ға азайып, топырақтың ирригациялық эрозиясы жойылмақ. Су тұтыну коэффициентін 1,5-2 есе төмендету, топырақтың агрофизикалық қасиеттерін бастапқы деңгейде сақтау, парниктік газдар шығарындыларын 30-40%-ға азайту, дақыл өсіруге арналған шығынды 5 есе қысқарту, қоршаған ортаны жақсарта отырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктер жасау сияқты нақты шешімдер де осы жоба аясында жүзеге асқалы отыр.
Меруерт ҚҰРМАНБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі, профессор,
Дамира ЮСАЕВА,
биология ғылымдарының кандидаты