Біртуар тарихшымыз Ермұхан Бекмахановтың биыл жүз жылдық мерейтойы. Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша еліміздің жоғары оқу орындары атап өтетін болады. Қазақстанның тарихын жазу ісінде ғылыми және азаматтық ерлік жасап, сол үшін ұлтшыл атанып, түрме азабын тартқан, небәрі елу жыл ғұмыр сүріп опат болған күрескердің күллі өмірі үлгіге толы. Солардың бірі – төменде баяндалатын шытырманды оқиға.
Біз соны ғалым ғұмырын айшықтауда көп жылдар бойы еңбектеніп, «Ноқталанған тарихшы» ғұмырнамасын екі тілде бірдей 2010 жылы жариялаған М. Сәрсекенің Е.Бекмаханов туралы кезекті хикаятын жариялап отырмыз.
1957 жылдың алғашқы айы. ҚазМУ-дың мәжіліс залында ғылыми кеңес мүшелері бас қосып, жанкүйерлер де сол күні молырақ жиналған. Өйткені, КСРО тарихы кафедрасының ассистенті Р.Ф.Смирнова Қазақстан тарихы тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғамақ. Үміткердің ғылыми жетекшісі – тарих ғылымының докторы, профессор А.Әлиев Днепропетровск қаласынан Л.И.Брежневтің арнайы шақыруымен Алматыға қоныс аударған, әскери бір бөлімде болған майдангер досы. Бұл оқиғаны біз сол жылы ҚазМУ-дың тарих факультетінің 5-ші курсында оқыған Садыбай Исаевтың естелігі бойынша баяндаймыз. Естелік иесі бір топ жолдастарымен өздеріне семинар сабағын өткізген оқытушыға жанкүйер ретінде әрі «диссертация қорғау қалай жүретінін қызықтау үшін» мәжіліске бастан-аяқ қатысқан.
Диссертанттың тұжырымды баяндамасынан соң талқылау басталады. Жұрттың алды болып сөз алған қорғаушының жетекшісі шәкіртінің ізденгіштігін, дарындылығын, мына жұмысымен Қазақстан тарихын тереңірек тануға үлес қосатындығын барынша бипаздап сипаттады. Ресми оппоненттер де диссертант еңбегін оңды бағалаған лебіз білдіреді. Қайсыбір шешендердің мәлімдеуінде Р.Смирнованың жетекшісі А.Әлиев өз шәкіртінің ізденгіш қабілетін қапысыз ашқан-мыс, сол үшін де білгір профессорға рахмет айтуымыз керек деседі...
Сыпыра мадақ шектен асып, жарамсақ лебіздер тасқыны жұртты мезі ете бастағанда КСРО тарихы кафедрасының аға оқытушысы Ермұхан Бекмаханов сөз сұрайды.
– Жолдастар, мәселенің тоқетерін айтайын: Смирнованың еңбегін мен бірнеше күн тапжылмай отырып, мұқият оқып шықтым, кемістігі мол, кандидаттық атаққа лайық емес дүбәра дүние. Диссертанттың өз пікірі атымен жоқ, болса да көмескі. Ең шатағы, Руфина Филипповна талқыға ұсынған еңбегін ертеректе жария болған... мынадай-мынадай ғылыми жұмыстардан көшірген... – деп көсіле сөйлейді тарихшы. Зал жым-жырт. Ерекең болса үміткер ұрлаған еңбектерден үзінділер оқып, диссертация қорғаушының да сол сөздерді қай бетке сілтемесіз көшіргенін де нақты көрсетіп масқарасын шығарады. – Смирнова жолдас, сіздей арсыз жанды өз басым бұған дейін кездестірген емеспін. Ең болмағанда әлгі беттерді сыпыра көшірмей, өз сөзіңізбен бүркемелеп баяндасаңыз етті?! Жоқ! Тіпті, абзацтарына дейін сақтап мұқият көшіргенсіз... Жә, ғылыми қауым, өздеріңіз айтыңыздаршы, плагиатпен жазылған жалған еңбекті жорта мадақтап, ғылыми атаққа ұсынуға бола ма? Мен өзім бар болмысыммен бұған қарсымын. Ғылымға осындай сұғанақтарды жақын жуық жолатуға бола ма?! Өз басым бұған мүлдем қарсымын...
Ғылыми кеңес мүшелері мен мәжілістің төрінде отырған лауазым иелері не дерін білмей абыржып қалғанда, профессор Әлиев сөз сұрап қолын көтереді.
– Бекмаханов жолдастың бұл ежелгі әдеті – тарих ілімінде әлдекім алдына шығып бара жатса, қайткен күнде сол байғұсты аяғынан шалып сүріндіру екенін мен Алматыға келген кезде естіген едім. Соған енді тәнті болып тұрмын. Зады, ол – құмды жердің қарақұрты сияқты біреуді шағып уытын төкпесе – өмір сүре алмайтын бұзық адам. Диссертацияның бірнеше беті әлдекімдердің еңбегіне ұқсайды деген не сөз? Смирнова сол сөздерді бәлкім тырнақшамен даралауды ұмытып кеткен шығар, әлде машинистканың ұқыпсыздығы?.. Ал, Бекмаханов бұдан бес жыл бұрын ғылыми қателігі үшін қылмысқа тартылған жалған тарихшы, сол кемістігінен арылмай, бостандыққа ертерек шыққанын әлгіндегі өрескел сөзімен айқын көрсетті. Саяси қылмысынан ақталса да ғылыми атақтарын ала алмай, әлі күнге дейін әуреге түсіп жүргені тегін бе? Сондықтан да, мен оның әріптесіне көрсеткен дөңайбатын елемей, Смирнованың жұмысына оң баға беріп, дауысқа салуды ұсынамын... – деп оңды-солды жосыған Әлиев мінбеден түседі.
Профессор әріптесін алдыңғы қатарда отырып тыңдаған Ермұхан Бекмаханұлы екінші мәрте сөз сұрапты.
Математик А.З.Закарин (бұл кезде ол кісі Қазақ КСР-ның Оқу министрі, бірақ университеттің ғылыми кеңесінің төрағасы міндетін қоса атқарған): «Тарихшылардың өзара қырқысы сірә да басылмайды, бұларға не жетпейді, түсінбеймін?..» – деп академик, ҒА-ның төралқа мүшесі әрі университеттің катализ және техникалық химия кафедрасының меңгерушісі Д. В. Сокольскийге еміне қараған екен, ойда жоқта бұрқ еткен дауды тыңдауға құлқы болды ма, әлде ақиқатқа қысас жасауды жөнсіз көрді ме, кім білсін, ол: «Сөйлесін, Әлиев те оны оңдырған жоқ...» – деп, Дмитрий Владимирович Е.Бекмахановқа демеу көрсетіпті.
«Ерекең мінбеге көтерілді. Ұстазымның сөзін мен қағазға түртіп отырдым...» – деген Садыбай Исаев ұстазының сол сәттегі мәлімдемесін қаз-қалпында келтіреді. «Я тоже в свое время был доктором исторических наук и профессором, таковым стану в скором времени. А вы, товарищ Алиев, лжеученый, также и лжепрофессор. Что вы знаете по истории Казахстана? Судя по вашему сегодняшнему выступлению, наверное, вы никогда не перелистали хотя бы одной страницы «Истории Казахстана». Наука не проходной двор, а вы только прикрываетесь званием ученого...».
Үзіліс жарияланып, мәжілістің жалғасы ректордың кабинетінде өтеді. Естуімізше, ғылыми кеңес мүшелері Р.Ф.Смирнованың жұмысына оң баға беріпті. Таңғаларлық күйкі іс?! Ең ғажабы, ұрлықшы үміткерге қолдау көрсеткен ғалымдардың бірде-бірі өз замандасы, күні кеше ел тарихын түгендеуші атандырған даңқты әріптесін білгірлігі шүбәлі келімсекке жығып бергеніне ешбір қымсынбаған. Демек, жергілікті тарихшыны күні өткен, бақ-жұлдызы сөнген бейшараға санаған. Бұл енді ар-инабаттың құрдымға құлап, құлдық психологияның өрге өрлеуінің салдары. Басқадай тұжырым мүмкін емес...
Оқыс оқиғаның одан арғы өрісі, студент Исаевтың сипаттауынша, мүлдем шатақ. Университет парткомының бюросы профессор А. Әлиевтің арызы бойынша, Е. Бекмахановтың жұрт алдында оны жалған тарихшы деген ғайбат сөзі үшін партияға мүшеліктен екінші рет шығарып, жұмыстан да аластау туралы төтенше қарар қабылдаған. Даулы мәселе ақырында насырға шауып, университет коммунистерінің жалпы жиналысына түседі: партбюро ұсынысы көпшілік тарапынан қолданса – жиналыс хаттамасы Мәскеуге, ВАК төралқасына жолданады, демек, Ермұхан Бекмахановтың ғылыми атақтан үміті біржола үзілмек...
Сонымен, «тәртіпсіздігіне» түсінік беру үшін Е.Бекмахановқа сөз тиіпті: «Жолдас Зайкин, мені қайткен күнде кінәлі етуге тырысқан пасық әрекетіңізден тап бүгін ештеңе өнбейді. Компартия қайыра жаңғыру кезеңіне бет бұрды, бұл болса тек қана әділдік жолы. Ал мен біреудің ақадал еңбегіне ұрлық жасаушы емеспін, оп-оңай ғалым атанғысы келген плагиаторды әшкерелеушімін. Не себепті сіз мені кінәлайсыз, университет коммунистері де неліктен мені талқылауға тиіс? – деген кереғар сұраумен сөз бастаған тарихшы өзін «күнәһар» етпек болған ұйым хатшысының сорақы әрекетіне тойтарыс береді. – Смирнованың диссертациясы ешқандай сын көтермейтін төмен деңгейде жазылған, мен әріптесімді сол үшін сынадым. Руфина Филипповнаның ұрлықшы екенін қандайда сарапшы комиссия алдында дәлелдей аламын. Шәкіртінің ұрлығын көрмеген, сірә, көруге білім-танымы жетпеген профессор Әлиевті жалған ғалым дегенім рас, егерде ол тарих ілімінің шынайы білгірі болса үміткерге кемшіліктерін көрсетуге тиіс еді. Алайда, оны істеген жоқ. Демек, оның ғылыми танымы өте төмен. Ал, ғылыми еңбекте жалғандыққа, айғақтарды бұрмалауға, біреудің еңбегін сілтемесіз пайдалануға тыйым салынған. Университет партия ұйымының хатшылары Зайкин мен Шилов жолдастар ұрлықшы мен оны қорғаушыны әшкерелеген мені тәртіпсіздік жасады деп жаза тартқызбақ, не үшін? Түсінбеймін! Ең сорақысы, осы әрекетпен сіздер партияның XX құрылтайы жариялаған жаңа ұстанымдарға қарсы шығып отырсыздар. Бұл жайтты университет коммунистері әділ талқылап, ақиқатты жақтайды деп сенемін...».
Ерекеңнің әділдікті талап еткен жүрекжарды сөзі жиналысқа қатысушыларға қатты әсер етіп, тарихшыны жақтаушылар молаяды. Университет коммунистері, бұл да өзгерген уақыттың белгісі, партбюроның ақиқатты белден басқан ұсынысына қарсы шығады. Сөйтсе де, тарихшының бір кафедрада істейтін профессор әріптесін жалған ғалым деуі жөнсіз дөрекілік дегендер де болыпты, нәтижесінде көпшілік пікірі екі жарылып, жастар жағы Ерекеңді қатты қорғайды. Ақыр аяғында көпшілік: «Осы талқы екеуіне бірдей сабақ болсын, қазақ тарихшысы дөрекі сөзі үшін Әлиев жолдастан кешірім сұрасын» деген сипатта екіұшты қаулы алыпты.
(Ерекеңнің қосағы Халима Адамбекқызының айтуынша, «Бұл жолғы жиналыс бұдан алты жыл бұрынғы, Ерекеңді жабыла дүрелеп, партиядан аластаған ұрдажық жиынға қарағанда әлдеқайда әділ өткен. Ерекең тегінде айтыс-тартыс үстінде ешкімге дес бермейді, әсіресе, әділдік үшін арыстанша алысып, өз дегенінен ешқашанда қайтпайды. Жаратылысы солай. Бұл жолы да ол: «Қандай жаза қолдансаңдар да Әлиевтен кешірім сұрамаймын, мен оның КСРО тарихынан оқыған дәрісін бірнеше мәрте тыңдадым. Қазақстан тарихынан түк сезбейтініне қоса профессор Әлиев КСРО тарихынан да оқулықта жазылғанды қайталағаннан өзге ештеңе білмейді. Ғылыми атақтарды қалай алғанына таңмын. Менің сөзіме иланғысы келгендер оның дәрісін тыңдасын...» – деп жиналыстан шығып кетеді. Мұнысы, әрине, әсіре қылық...» – деген түсінік айтқан-ды бізге осы дауды ежіктеген сұрауымызға. Ерекеңнің өзі де сол жылғы ақпан айының 14-і күні Мәскеуден жұбайына жолдаған хатында: «Мен шығып кеткен соң кейбір пысықтар маған қара күйені баттита жағып тіл ұстартыпты. Жоғары жақтан да кейбіреулер «Е, ол сондай бұзақы адам...» десіп, айыздары қанып, алақандарына түкірген тәрізді. Ал, мен мұқатудың алуан түріне етім өлген пақырмын. Сол былшылды қазір де шыбын шаққан ғұрлы көрмеймін, өйткені, ол бейшаралар біреуді жазғырмаса өмір сүре алмайды әрі жарамсақтықпен күн көретін сорлы жандар. Мен болсам әрқашанда өз еркімше жүріп тұрамын: шындықты айтсам – кейбіреулерге жағады, өзім де қуанамын, жақпаса – мейлің, тоным су болмайды деп күле қараймын. Әсілі, шындықты айтқандардың оңғанын көрген кісі бар ма? Сірә, осы турашыл қалпымда өмірден өтемін...» – деп сыр шерткен).
Амал қанша, ушыққан дау әлдекімдердің ынтасымен келесі күндері қайта өрбіп (Аббас Әлиев те ректоратқа барып, «Бекмаханов сияқты содырмен бір кафедрада істей алмаймын, не мен, не ол қалсын...» – деген-міс), «тентек» тарихшыны ұмытпастай етіп жазалауға қам-қарекет жасалады...
Алайда, келесі аптада сол мәселе университет басшылары күтпеген бағытқа ойысыпты: өйткені, тарих факультетінде оқитын бір топ студент өзара бас қосып, сүйікті ұстазын жазықсыз қудалауға жол бермеуге сөз байласады...
Садыбай Исаевтың естелігінде сол іске ту баста мұрындық болған екі адамның есімдері аталған: бастаушысы – Ұлы Отан соғысына қатысушы, білімін көтеруге сақа жігіт кезінде ден қойған жігерлі азамат – Қойшығұл Дартаев, университетке түскенге дейін ол Ақтөбе облыстық атқару комитетінде жауапты қызмет істеген; оны қостаушы – аспирантурада оқитын, орысшаға жүйрік, жас білімпаз Рамазан Сүлейменов. (Р.Б.Сүлейменов (1931-1992) бертінде тарих ғылымдарының докторы атанып, Қазақ КСР ҒА-ның академигі болып сайланды. Қазақ мәдениеті тарихының білгірі. Қазір Шыңғыстану институты көрнекті ғалымның есімімен аталды). Сірә, екеуі ақылдасып өздерімен аралас-құралас, бір бөлмеде тұратын алты студентке («Баймұрат Сәрсенов, Әнуарбек Әмінов, Асылбек Сәдуақасов, Темір Кішімов, Кеңес Дәулетияров және мен», – деп нақтылапты естелік иесі). «Жігіттер, заман өзгерді, ештеңеден қорықпай, Н.С.Хрущевтің атына мына келеңсіздікті түзетіңіз деген сипатта наразылық білдірген ұжымдық хат жазу керек. Жүз шамалы студент қол қойса, бітті шаруа! Никита Сергеевич бұл қиянатты бір-ақ сөзбен тоқтатады. Тек біз екеуміз хатқа қол қоймаймыз, өйткені, партия мүшесі ретінде мұндай іске қатысуға қақымыз жоқ. Ал, сендерді жазалайтын болса, қатты қаржасып барынша қорғаймыз. Хатты тез қамдап әрі екі-үш күнде жөнелту керек...» – дейді.
Садыбай ИСАЕВТЫҢ естелігінен:
«...Жасаң кезіміз, бұл ақыл көңілімізден шықты да дереу кірістік. Хатта XX съезд шешімдерін, демократия дәуірінің басталғанын қызу қолдайтынымызды айттық. Сталин кезінде дарынды адамдар қуғын-сүргінге ұшырағандықтан ешқандай әділеттік пен заңдылық болмағанын атап көрсетіп, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Бекмахановтың да зардап шеккенін, сүйікті ұстазымызға дұшпандары пәле-жаланы үйіп-төгіп қайтадан қуғындау жүріп жатқанын ашына жаздық. Ерекеңнің дарынды оқымысты екендігін, жастарды білім қайнарына сусындатып, ұлағатты тәрбие беретінін де түсіндірдік. Ермұхан Бекмаханұлының ғылым мүддесін қорғап, ғалымдық атақты олжалауды ұрлық жасаумен иеленгісі келген алаяқты әшкерелегені үшін қиянатқа ұшырап, сол үшін партиялық мәселесі қаралғандығын, жиналыс үстінде көптеген коммунистердің ақиқатқа бас иген ғалымды жақтауына қарамастан, университет ректораты мен Сталин заманын көксеуші партком секретары Зайкиннің жиналыс хаттамасын бұрмалап, демократиялық жаңғыруға бет бұрған жоғары оқу орны коммунистерінің наразылығын тәрк еткенін аяусыз сынадық...
Хат соңында Н.С.Хрущевтің өзіне біршама мадақ сөз арнап: «Қымбатты Никита Сергеевич, сүйікті ұстазымызға ҚазМУ-де жасалып отырған қастандыққа Сіз ғана тосқауыл қойып, университет басшыларының жүгенсіздігін тоқтата аласыз. Біз, алматылық студент жастар, әділдіктің қорғаушысы және қажымас күрескері ретінде Сізге қатты сенеміз. Өзіңізге тән батылдықпен әрі жедел түрде Е.Б.Бекмахановтың тағдырына ара түсіңіз, түрмеден 1954 жылы суырып алған жақсылығыңызды тағы да көрсетіңіз дей келіп, ұстазымыздың ғылыми атақтарының қайтарылуына мұрындық болыңыз, өйткені, кандидаттық та, докторлық та атақтарын ол кісі ұзақ жылғы зерттеу нәтижесінде Алматыда емес, Мәскеудің Тарих институтында қорғағандығын, оның білімпаздығын көрнекті орыс тарихшыларының жоғары бағалағанын да қостық...
Хатты екі кеш жазып, машинкаға бастырғанда 10 бетке жуықтады. Хаттың бастапқы нобайын Рамазан Сүлейменов қағазға түсірді. Жазуым әдемі болғандықтан мен оған хатшы болдым. Хатты түзетуге, саяси күшейтуге Қойшығұл Дартаев пен Жағыпар Ақанов қатысты. Әзірленген хатқа қол қоюға ҚазМУ ғана емес, ҚазПИ, Қазақтың ауыл шаруашылығы, Зоовет және Дәрігерлер институтынан өзіміз жақсы білетін дос-жар студенттерді тарттық. Аты-жөнімізді, қайда, қай факультетте, нешінші курста оқитынымызды бүркеусіз көрсеттік. Қол қоюшылардың жалпы құрамы алғашқы нұсқада 117 студент болды...».
Наразылық хатты ұйымдастырушылар жұмыла қимылдап, оны тездетіп жөнелту үшін қажет шаралардың бәрін де тиянақты атқарған. Бірақ, жүзден аса адам қатысқан істі құпияда ұстаудың қиын екендігін ескермеген. Қысқасы, хаттың екінші нұсқасында Жағыпар Ақанов ҚазПИ-де қол жинап жүргенде ұсталып қалыпты. Сірә, Қауіпсіздік министрлігінің студенттер арасындағы тыңшыларының бірінің қармағына іліккен. Хаттың бір данасы дереу «Үлкен үйге» апарылған...
Садыбай ИСАЕВТЫҢ естелігінен:
«Сағат 11 шамасында бізді ректордың кабинетіне шақырды. Бір бөлмеде тұратын алты студенттің қалғаны жоқ, өзіміздің курстан да бар, негізінен қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын жастар, декан, комсомол ұйымының хатшысы Ибрашев (Рамазан Сүлейменов қана жоқ, сірә, оның қатысқанын білмеген, біз де үндемедік). Алтауымыздың бас жұмыстарымыз ректордың үстелінде тұр. Университет басшылары – ректор Т.Б.Дарқанбаев, проректор Ә.І.Сембаев, партком хатшысының орынбасары Шилов сөйлеп зықымызды шығарды, қорқытты, жер-жебірімізге жетіп ұрысты. Бәрінің сөзі: сендерді осы іске арандатқан кім, соны айтыңдар, сірә, Бекмахановтың өзі, өйткені, хат өте сауатты жазылған; кінәларыңды мойындап, Бекмаханов жазды десеңдер – университеттен шығармаймыз, сөгіспен құтыласыңдар; ал, айтқанға көнбесеңдер – оқудан, комсомолдан шығарып, сотқа тартамыз... десті.
Ал, біз: «Жазған өзіміз, әділдікке қиянат болғанына шүбәсіз сендік, қазір де бізге зорлық жасап отырсыздар. Күллі Кеңес Одағында Компартияның бастауымен демократиялық процесс жүріп жатыр. Сондықтан да, біз Н.С.Хрущев жолдасқа сенім артып, әділетсіз мәселені хабарладық...» – деуден жаңылмадық. Содан бір мезгілде Темірболат Дарқанбаев қасымызда үнсіз отырған коммунист студенттер Дартаев Қойшығұл мен Сәрсенов Баймұратқа қырғиша шүйілді. Олар «Бұлардың не істеп жүргенін бүгінге дейін сезгеміз жоқ, білсек – тоқтататын едік» – деп жалтарып бақты. Ректор: «Бірге жүріп, бірге тұрып, қалайша білмейсің? Сәрсенов, сенде ұят жоқ екен...» – деп ректор қайыра қадалды. Сол жекіруге шыдамаған Байекең: «Дарқанбаев жолдас, сізді ректор ретінде құрметтеймін, бірақ мына сөзіңіз үшін жауап беруіңізге тура келеді. Не себепті, мені ұятсыз дейсіз? Менің арым кіршіксіз таза, Ұлы Отан соғысында сыннан өткен. Отан үшін жанпида деп біз майданға аттанғанда, сіз тылда бұғып отырып, жан күйттегенсіз. Тегінде, Темірболат Байболсынұлы, майдангермен тәжікеге түскенде байқап сөйлеңіз!..» – деп дүрсе қоя бергенде азулы ректор не дерін білмей қыбыжықтап төмен қарады. Тағы бір бастық: «Мұндай сауатты хатты сендер жаза алмайсыңдар, шындарыңды айтыңдар?» – деп әкіреңдегенде, Асылбек Сәдуақасов тілінің шақпасы бар жігіт еді: «Небәрі он парақ хатты сауатты жаза алмасақ – университетте бес жыл оқығанымыз әншейін ермекке айналады. Үкімет біздің әрқайсымыз үшін жылына 15 мың сомды не үшін төледі? Әрі осы сөзден соң сіздердің де ұстаздық еңбектеріңіз еш болмай ма? Демек, сіздер бізге тиянақты білім бергенсіздер, міне, соның нәтижесі, – деп отқа май құйғандай етіп, сөзін әлгіден де шатақ тұжырыммен түйді. – Өз ұстаздарымнан мен бес жыл бойы ғылымға, қоғамға, қауымға адал болыңдар, тапсырылған жұмысты адал атқарыңдар деген уағызды естумен есейдім. Ал, сіздердің мына қылықтарыңыз маған түсініксіз әрі әлгі уәжге мүлдем қарама-қарсы. Ұрлық жасаған диссертантты, соны даңғаза айқаймен бүркегісі келген профессорды сіздер не себепті қорғайсыздар? Ал, сол қылмысты ашқан сүйікті ұстазымыз Ермұхан ағайды нақақтан қудалап, университеттен не себепті аластамақсыз?..». Мен де қарап отырмай: «Біздің комсомол ұйымында бір өрескел қылық бар. Екі-үш қазақ жасы өзара бірігіп, әлдеқандай ұсыныс жасаса – мыналар нағыз ұлтшылдар деп жазғыра бастайды. Университет комсомол комитетінің жетекшісі бүгін бізді, бір бөлмеде тұратын алтауымызды өзінің «қара тізіміне» тіркеп, ұлтшылдар санатына қосып қойды. Сөйтуіне себеп – біз белгілі «ұлтшыл» Бекмахановты қорғаппыз. Ибрашев жолдас, сіздің мұныңыз жала, Ерекеңнің ұлтшылдығының бекер екенін КСРО-ның жоғары соты үкіммен ақтаған. Сондықтан да сізге, Ибрашев, жалған жалаңыз үшін университет комсомолдары алдында жауап беруге тура келеді. Шындығында, біз ұлтшылдарды көргеміз жоқ, олар қай уақытта өмір сүргенін тарих оқулығы арқылы білеміз...» – деп ректор жекумен тоқтатқанша біршама сайрадым. Мені Дартаев Қойшығұл қостады. Дәулетияров Кеңес те: «Байқаңыздар, бізге сілтеген таяқтың екінші басы өздеріңізге тиіп жүрмесін!..» – деп күш көрсете сөйледі.
Бізді дүрелеу үш жарым сағатқа созылды. Біз ғана емес, бастықтардың өздерінің де сілесі қатып әбден шаршады. Содан бір сәтте, бұл енді біздің де тіліміз ұзарып, дөкейлердің өзіне шабуылды үдеткен кезде, Әбдіхамит Ібінейұлы Сембаев орнынан тұрып, әдейі қазақша сөйледі-ау деймін, ақылы терең әрі тақысқой кісі еді, екі жаққа да басалқы айтып, қызбалықтан, ашу шақырудан ештеңе өнбейтінін сыпайы ескертіп, сөзін: «Балалар, біршама қызбалық жасадыңдар, енді қойыңдар», ректорға да: «бұл мәселені осы кабинеттен шығармай тоқтатайық» дегенге сайды...».
Ойда жоқта өрбіген күйкі жанжал университет қана емес, «Үлкен үй» дөкейлерін де абыржытып, ерекше дүрліктірген (С.Исаевтың естелігінде осы іске Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы Н.Ж.Жанділдиннің де араласып, өздеріне дөңайбат көрсетіп, арыздарынан бас тартуға үгіттеп баққаны тәптіштеп баяндалған), бірақ іле-шала бәрі де сап тыйылыпты.
Халима Адамбекқызы сол түйінді бізге былайша тарқатты: «Бір күні кешке таман үйімізге байырғы баянауылдық әрі туысымыз Серікбай Бейсембаев келді. Ол кісі сол кезде ЦК-да істейді, ғылым мен мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Ерекең өзінен ересектеу туысына көңіліндегі қыжылын бүкпей: «Сенің ғылымды басқарғаның маған қып-қызыл қырсық болды, ерекше сақсың, көмектеспейсің, ректорат Мәскеуге жібергісі келмейді, ал, мені редакторым күтіп отыр. Қарауындағы оқытушының кітабы Мәскеуден жарыққа шықса – Дарқанбаевқа да абырой емес пе? Соны ректорыма түсіндіріп, қолғабыс етпесең – сенімен ағайыншылық қарым-қатынасты біржола үземін...» – деп реніш айтты. Серікбай ағай: «Өзіңнің кінәңды мойындағың келмейді, келімсек Әлиевке неменеге тиістің, тиыш жүріп, шаруаңды бітірмей. Ректорың саған сол үшін қыржиып отыр... Жә, жә, бекерге дүрдиме, жағдайың оңалды. Соны ескерту үшін келдім, менің айтқанымды тек бұлжытпай орындайсың... – деп Ерекеңе қадала қарады да, сөзін жалғады. – Студенттердің шағым хаты Никита Сергеевичтің тура өзіне жетіпті, ол кісі: «Елютину, разобраться!» – деген нұсқау жазыпты. Одақтық министр бүгін біздің хатшыға телефон шалып түсінік сұрады, Нұрымбек жағдайды анықтап, өзім хабарлайын деген желеумен дереу шегініс жасады. Қысқасы, хатшы кешегі әкіреңінен айнып, қатты абыржып отыр. Ректорыңды шақырып, соншама неге шулаттыңдар деп, менің көзімше сазайын берді... Саған ол енді тиіспейді, сұраған командировкаңды аласың, шәкірттеріңнің де тырнағы түспейді, оқуын жалғастырады...».
Ерім маған қарап: «Галятай, мынадай жақсы хабарға бірдеме бермейсің бе? Әділдік жеңді, дұрыс болған, жарайсың, Никита Сергеевич!..» – деп қолын сарт-сұрт соғып, айран-асыр қуаныш білдіріп еді. «Аптықпа, Халима, менің әлі де айтарым бар. – Серікбай ағай жымиып, мені қайта отырғызды. – Дардай ғалым-биолог ректордың саған өтініші: студенттерді өзі тоқтатсын дейді, қателескенін мойындап, жастардан кешірім сұрауға ұялып отыр, әрі тілің усойқы сенімен де түсінісуге дәті жетпей, мәселені маған айтқанына сен түсінікпен қара! Ал, не дейсің?..».
Ерекең тіл қатпай біршама уақыт үнсіз отырды да, «Жарайды, келістім, жастарға дау емес, диплом алу керек...» – деп басын сипады...».
Садыбай Исаевтың естелігі мынадай ақпармен аяқталған: «Сол іс біздің жеңісімізбен тынған соң ұстазымыз Мәскеуге аттанып, содан сәуірдің 10-ы шамасында қайтты. Бұлай дейтінім: біз диплом жұмысымызды сәуірдің 16-ы күні қорғағанда Ерекең аудиторияда отырып, демеу көрсетті. Соңынан өзі бөлмемізге іздеп келіп: «Жігіттер, сендерге көп рақмет! Арыздарың маған да септігін тигізді. Әділдік үшін күрестен таймаңдар, әділдік әрқашанда жеңеді... – деп Мәскеуде болған әңгіменің жай-жапсарын айтып берді. – Одақтық министр өзін тежеусіз қабылдап, біздің хатымызды көрсетіпті. Бірінші бетінен Н.С.Хрущевтің қызыл сиямен жазған қолтаңбасын көргенін, Елютин өзіне студент жастардың сізді қорғауы тегін емес, бұл да ұстаздық еңбегіңіздің әділ бағасы, сондықтан ғылыми атағыңызды қайтаруға барынша көмек беремін депті. Бұл сөзге біз тектен-текке әуре-сарсаң болмаған екенбіз деп марқайып қалдық...».
* * *
Шынында да, бейнетқор жанның Мәскеуге сол жолғы сапары сәтті аяқталыпты. Әрине, жан-жақты дайындықтың, неше жылғы күні-түні тоқтаусыз жүрген еңбектің нәтижесі. Сөйтсе де, өзгерген уақыт та септігін тигізіп, XX-шы құрылтай туғызған кеңшілікті айтып отырмыз, бұрынғы қасаң қағидалардың біршама бәсеңдеуі қазақ тарихшысына еркінірек қимылдауға мүмкіндік берген.
ЕРМҰХАННАН, Мәскеу. – Алматы, ХАЛИМАҒА, 9 наурыз, 1957 жыл.
«Қымбатты Галятай!
...Қуанышты хабардан бастайын: 7 наурыз күні ғылыми кеңес еңбе-гімді мақұлдап, кітапты шығаруға қарар қабылдады. (...) Қазірде қарбалас жұмыс үстіндемін, баспа талап еткен ең соңғы түзетулерді енгізіп, пайдаланған материалдарды қайыра екшеудемін. Табан аудармай істесем бір аптада аяқтауға тиіспін. Сол үшін тек архивтегі жұмысымды тоқтата тұруға мәжбүрмін, ал онда да өте-мөте қызықты деректерге жолыққан едім, амал қанша?!.
Бүгін Жоғары білім министрі Елютин жолдаста болдым. Жайсаң адам демеске шарам жоқ, іссапарымды 1-сәуірге дейін қолма-қол ұзартып берді. Мен барғанша біздің өкілдікке телефон соғып, солар арқылы Қазақстанға шығып, маған профессорлық атақ сұрап, екінші мәрте ұсыныс жіберіңдер, дереу бекітіп беремін депті. (...) «Біздің ЦК-дағылар құптаймыз, тиісті хат жібертеміз десіп-ті. Өкілдіктен ҚазМУ-дың ғылыми кеңесінің шешімін ВАК-қа жолдау турасында жеделхат жөнелтілді. Олардың не дейтінін білмеймін, бұл жақтағы жағдайымның оңалғанын осыдан байқаған, мені, әсіресе, министрдің кісілік ілтипаты ерекше сүйсіндірді...
Хат күтемін, балаларды құшып, өзіңді де құшырлана сүюші Ермұханың».
Медеу СӘРСЕКЕ.