Сурет: inform.kz
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде өскелең ұрпаққа ерекше тоқталып, еліміздің болашағы білімді, еңбекқор әрі жауапты жастардың қолында екенін атап өтті. Президент жаңа Конституцияның ең алдымен келер ұрпақтың игілігі үшін қабылданғанын айтты.
Бұл сөздің мәні тереңде жатыр. Себебі ертең еліміздің экономикасын дамытатын да, мемлекеттік қызметте еңбек ететін де, ғылым мен білімді алға жетелеп, қоғамға бағыт-бағдар беретін де – бүгінгі жастар. Сондықтан заңға құрмет, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтар жас буынның өмірлік ұстанымына айналуы қажет.
Жастардың азаматтық ұстанымы үлкен мінберлерде емес, күнделікті өмірде қалыптасады. Заңды сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамау, еріктілікке қатысу, елдің дамуына үлес қосуға ұмтылу – мұның бәрі белсенді азаматтың белгілері. Осындай қасиеттер орныққан сайын Конституцияда бекітілген қағидаттар да қоғам өмірінен нақты көрініс табатыны сөзсіз.
Еліміздің басты құндылықтарының бірі – қоғамдық келісім мен бірлік. Көпэтносты мемлекетімізде татулықты сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті. Бұл ретте жастардың орны ерекше. Бір-бірінің мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтын, түрлі көзқарасты түсіне білетін жас ұрпақ қана қоғамдағы өзара сенімді нығайта алады. Ал өзара сенім бар жерде тұрақтылық та, даму да болады.
Қазақ еліндегі тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы үшін де жастармен жұмыс әрдайым басым бағыттың бірі болып келеді. Бүгінде жастардың құқықтық мәдениетін арттырумен қатар, оларды қоғамдық бастамаларға, еріктілік қозғалысына және этносаралық келісімді нығайтатын жобаларға кеңінен тарту маңызды. Осындай алаңдарда жастар бір-бірін жақсырақ танып, пікір алмасып, ортақ жауапкершілікті сезінеді. Бұл – Конституцияда айқындалған қоғамдық келісім қағидатын нығайтудың нақты жолдарының бірі.
Әділетті Қазақстанды құру – бір күннің әрі бір мекеменің жұмысы емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Ал сол қоғамның ертеңгі келбетін айқындайтын – жастар. Сондықтан жаңа Конституция жастарға жаңа мүмкіндік беріп қана қоймай, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға үндейді. Заңды құрметтейтін, білімге ұмтылатын, бірлікті бағалайтын жас ұрпақ көбейген сайын Отанымыздың да келешегі кемел бола түсетіні анық.
Акбаржон ИСМАИЛОВ,
Қазақстан тәжіктерінің республикалық этномәдени орталығының төрағасы