Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
«Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» атты мазмұнды басқосу құрғақ есеп пен ресми баяндамалардың шеңберінен шығып, елдік мүдде мен азаматтық жауапкершілікті ұштастырған, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналған ашық пікірталас алаңы ретінде бағаланды.
Іс-шарада өңір басшылығы, сот және құқық қорғау органдарының жетекшілері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғамдық ұйым белсенділері, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығы бас қосты. Сондай-ақ, облыстың барлық қалалары мен аудандарынан өкілдер онлайн режімде белсенділік танытты. Бұл қадам шалғайдағы бұқараның да үнін естуге, өңірдегі құқықтық мәдениеттің деңгейін біртұтас қалыптастыруға мүмкіндік туғызды.
Алқалы жиынды тізгіндеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ата заңның жасампаздық әлеуеті мен оның мемлекеттілік пен ұлтты ұйыстырудағы рөліне кеңінен тоқталды. Өңір басшысы кез келген демократиялық қоғамда Конституцияның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті екенін баса айтты. Оның пайымдауынша, Ата заң жай ғана құқықтық құжат емес, ол – заң үстемдігін орнықтырудың, әділеттілік қағидаттарын сіңірудің және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген шынайы сенімін нығайтудың берік іргетасы. Конституцияның шынайы құндылығы оның қағидаттарының әр азаматтың күнделікті өмірінде нақты және сапалы жүзеге асуымен, әрбір тұрғынның өз құқығының қорғалғанын сезінуімен өлшенеді.
Жиын барысында облыс әкімі форум қатысушыларына ой саларлық үш маңызды сауал тастап, ортақ талқылауға шақырды: «Конституция мемлекетті қалай нығайтады? Бұл үдеріске әр азаматтың қосар үлесі қандай? Ең бастысы, Конституция қандай құндылықтарды қорғауға тиіс?». Өңір басшысының бұл сұрақтары форум жұмысының негізгі өзегіне айналып, спикерлердің өз баяндамаларында осыған тұщымды жауап іздеуіне негіз болды.

Форумның құрылымы мен мазмұны бірнеше жүйелі блокқа бөлініп, олардың әрқайсысы Ата заңның қоғам тынысындағы әртүрлі қырларын ашуды көздеді. Алғашқы бөлімде заң үстемдігі мен құқықтық жүйені трансформациялау, құқық қолдану тәжірибесіндегі реформалар мәселелері алға шықты. Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов пен облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев сот жүйесінің тәуелсіздігі, құқық қорғау тетіктерін жетілдіру және азаматтардың конституциялық кепілдіктерін қорғау жөнінде салмақты баяндамалар жасады. Олар қазіргі кезеңде құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сот ашықтығын арттыру және азаматтардың әділетке қолжетімділігін кеңейту – құқықтық реформалардың басты бағыты екенін алға тартты.
Бұл орайда облыстық сот төрағасы Е.Әріпов жаңа Конституция қағидаттарын тиімді жүзеге асыруда сот билігіне ерекше жауапкершілік жүктелетінін баса айтты.
«Тәуелсіз әрі әділ сот қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалуын қамтамасыз етіп, Конституцияның үстемдігін іс жүзінде жүзеге асыра алады. Осы тұрғыдан алғанда, сот жүйесінің кәсібилігін, ашықтығын, қоғамның сотқа деген сенімін нығайту – құқықтық мемлекет құрудың басты шартының бірі. Сондықтан сот төрелігін одан әрі жетілдіру конституциялық құндылықтарды орнықтыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды міндет болып қала береді», деді ол.
Жиынның екінші бөлімі мемлекеттік басқару мен азаматтық қоғам арасындағы жаңа форматтағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Бұл тұста қоғам белсенділері мен халық қалаулыларының пікіріне басымдық берілді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов қоғамдық қатынастарды жаңғыртуда ерекше рөл атқарып жатқан «Халық кеңесі» тетігінің тиімділігіне тоқталып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мәдениетінің артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құрал халық пен билік арасындағы тікелей диалогті реттеп, ашықтықты қамтамасыз ететін бірегей құрылымға айналып отыр.
Ал келесі кезекте қаралған отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, жастардың рөлі және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері форумның тәрбиелік жүгін одан сайын арттыра түсті. Өйткені, құқықтық мәдениет тек заңдарды білумен шектелмейді, ол ең алдымен отбасындағы тәрбиеден, қоғамға деген құрметтен басталатыны белгілі.
Бұл басқосудың дәстүрлі жиындардан тағы бір ерекшелігі – оның ақпараттық-визуалды безендірілуі мен жаңа технологиялық трендтерді қолдануында болды. Әрбір тақырыптық блок тек сөз сөйлеумен ғана шектелмей, арнайы дайындалған мазмұнды бейнероликтермен, заманауи медиа-контентпен айшықталып отырды. Волонтерлік қозғалыстың тынысы, отбасылық құндылықтардың маңызы, жастардың жасампаз бастамалары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы бейнежазбалар талқыланған мәселелердің мәнін тереңдетті. Осылайша, форумның әрбір кезеңі жаңа Конституцияның адам, қоғам және мемлекет үшін маңызын кешенді түрде ашып берді.
Форум соңында қатысушылар мен сарапшылар қауымдастығы Ата заңның адамды және оның бостандығын ең жоғары құндылық ретінде бекітуі – бүкіл қоғамның рухани-идеялық тұғыры, ел дамуының басты бағдары екендігі туралы ортақ мәмілеге келді. Конституцияның әлеуетін толық пайдалану, оның нормаларын мүлтіксіз орындау – әрбір саналы азаматтың перзенттік парызы. Сарыарқа төрінде айтылған салмақты ойлар, сындарлы пікірлер мен сарапшылық тұжырымдар тұтас елімізде құқықтық мәдениетті жаңа сапалық деңгейге көтеруге, заң үстемдігін нығайтуға және Әділетті Қазақстанның идеяларын іс жүзінде орнықтыруға үлкен серпін беретіні сөзсіз. Құқықтық мемлекет құру жолындағы бұл алқалы жиын аймақтың даму тарихында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырмақ.
Қарағанды облысы