Сайлау • Бүгін, 07:55

Құрылтай сайлауына дайындық басталды

6 мин
оқу үшін

Биылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына орай Орталық сайлау комиссиясы бірінші отырысын өткізді. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров аталған сайлауға дайындықтың басталғанын мәлімдеді.

Құрылтай сайлауына дайындық басталды

«Бұл – Орталық сайлау комиссиясы мен барлық сайлау комиссиялары үшін үлкен жауапкершілік. Біздің міндетіміз – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау», деді Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумовтың мәлімдеуінше, қазір сайлаушылар тізілімінде тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат бар. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына 2026 жылғы 2 тамызға дейін ұсынады. Нақты тізім 7 тамызда жарияланады. Есептен шығару куәліктерін беру де осы күні басталып, 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.

Сайлау күні 10 427 сайлау учаскесі, оның ішінде 64 мемлекеттегі 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сондай-ақ отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларға арналған ресми үндеуі жарияланды. Құжатта сайлаушылар тізіміне енгізу, өз деректерін тексеру және дауыс беру құқығын жүзеге асыру мәселелері бо­йынша өзекті түсіндірмелер беріліп, азаматтар Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына белсенді қатысуға шақырылады.

Құрылтай бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.

«2023 жылғы Парламент депутат­та­рының сайлауында сайлау­шы­лардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. 3-тен 5 пайызға дейін дауыс алған партиялар белгіленген жарнаның 50 пайы­зын, ал 1-ден 3 пайызға дейін да­уыс жинаған партия­лар 70 пайызын төлейді», деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова.

Сондай-ақ саяси партияларға өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарында сайлауалды үгіт жүргізу құқығы берілді. Ал сайлау науқанына арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға, сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке және бейнежазба түсіруге, оның бейнесін таратуға тыйым салынады.

ОСК мүшесінің айтуынша, саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін қаржыландыру тек сайлау қорлары арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар сая­си партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері ұлғайтылды.

«Сайлау алдындағы үгіттің заңмен нақты белгіленген мерзімдері бар. Ол партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге түрткі болатын кез келген үндеулерге тек осы кезеңде ғана жол беріледі. Белгіленген мерзім басталғанға дейін, сондай-ақ тыныштық күні мен дауыс беру күні үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған», деп атап өтті комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Сонымен қатар сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталғанға дейін саяси партияның қызметі туралы ақпараттық деректер сайлаушыларды белгілі бір саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге үгіттеу белгілерін қамтымаса, сайлау алдындағы үгіт болып саналмайды.

Жиында комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімдерді ұсыну тәртібі ашықтық пен партияішілік демократия қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң барлық саяси партияларға сайлауға қатысу үшін тең мүмкіндік береді. Заң талаптарына сәйкес келетін әрбір саяси партия өз партиялық тізімін ұсынуға құқылы. Бұл ретте ұсыну мен тіркеу рәсімі нақты регламенттелген: партияның жоғары органы шешім қабылдаған сәттен бастап құжаттарды Орталық сайлау комиссиясының тексеруіне дейінгі барлық кезеңдер заңмен айқындалған. Мұндай тәсіл сайлау рәсімдерінің ашықтығын және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді», деді Ш.Өтемісов.

Отырыста үміткерлерге қойылатын талаптар мен шектеулер де айтылды. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар, сондай-ақ сот сыбайлас жемқорлық қылмысын немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам үміткер бола алмайды. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, партиялық тізімге енгізілген әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың жиынтық саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында әдет­тегідей электоралдық оқыту ұйым­дас­тырылады. Оқыту аумақ­тық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін қамтиды. Олар дауыс беруді жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастыруға тиіс. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Ш.Өтемісовтің айтуынша, оқыту үш кезеңнен тұратын каскадтық модель бойынша өткізіледі. Бірінші кезеңде Орталық сайлау комиссиясы қашықтан оқыту форматында аумақтық сайлау комиссияларының 821 мүшесін оқытады. Бұдан соң, даярланған мамандар 908 аумақтық сайлау комис­сиясының мүшесін, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының 31 мыңнан астам төрағасын, төраға орынбасары мен хатшысын оқытады. Қорытынды кезеңде учаскелік комиссиялардың басшылық құрамы 38 мыңнан астам учаскелік сайлау комиссиясы мүшесін даярлайды. Мұндай тәсіл белгіленген мерзімде сайлау комиссияларының барлық деңгейін толық қамтып, даярлаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Комиссия мүшелерін оқытумен қатар, орталық және өңірлік деңгей­лерде саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне арналған оқыту іс-шаралары өткізіледі.

Отырысты қорытындылаған ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының үйлесімді, кәсіби әрі жауапты жұмысы сайлау науқанын сапалы ұйымдастырудың негізі екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар