Аймақтар • Бүгін, 09:52

Қызылордадағы саябақта жас жігіт аяғынан айырылды: Аттракциондар рұқсатсыз жұмыс істеген

2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы демалыс саябақтарының бірінде болған жазатайым оқиғадан кейін аттракциондар орналасқан аумақ тергеу аяқталғанға дейін уақытша жабылды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, оқиға 14 маусым күні түнгі уақытта болған. Аттракционда жұмыс істеген 18 жастағы қызметкердің екі аяғы рельсті құрылғының арасына қысылып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордадағы саябақта жас жігіт аяғынан айырылды: Аттракциондар рұқсатсыз жұмыс істеген

Фото: видеодан алынған кадр

Оқиға орнына жедел жеткен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары гидравликалық құралдардың көмегімен жігіттің аяғын босатып, оны шұғыл түрде облыстық көпбейінді медициналық орталыққа жеткізген. Алайда ауыр жарақат салдарынан дәрігерлер оның екі аяғын да кесуге мәжбүр болды.

Тексеру барысында қайғылы оқиға болған саябақтағы аттракциондардың тиісті тәртіппен мемлекеттік есепке қойылмағаны анықталды. Қалалық бөлімнің мәліметінше, ресми түрде тек қалалық мәдениет және демалыс саябағы мен Президент саябағындағы аттракциондар ғана тіркелген. Ал жекеменшік нысандардың иелері аттракциондарын өздері тіркеуге міндетті.

«Қыздарымды басып қала жаздады»: Астанадағы саябақта балалар мінген аттракцион үзіліп кеткен

Алайда «Арай» саябағы әкімшілігі аттракциондарды есепке қою жөнінде ешқандай өтініш бермеген. Бұған дейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен қала әкімдігі 2025 жылдың 21 мамыры және 20 тамыз күндері саябақ басшылығына жаңадан орнатылған аттракциондар мен балалар ойын алаңдарын қолданыстағы талаптарға сәйкес тіркеу қажеттігі туралы екі мәрте ескерту жасаған.

Мамандардың айтуынша, осы ескертулердің еленбеуі ауыр салдарға әкелген.

Қазіргі уақытта еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін саябақтағы аттракциондар аймағы жабық болады.

Еске салайық, дәрігерлер бұған дейін зардап шеккен жігіттің жағдайын аса ауыр деп бағалаған болатын.

Айта кетейік, Астанадағы Орталық саябақта болған оқыс оқиға кезінде аттракцион кабинасы үзіліп, ішінде отырған балалармен бірге жерге құлағанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар