
Қоғам • 13 Маусым, 2015
– Атың кім? – «Пәленше». – Кімнің баласысың? – Мамамның? – Әкеңнің есімі кім? – ... Шын мәнінде, оның әкесі кім? Бұл біреулер үшін ғана емес, бүкіл қоғамға қойылуы тиіс сұрақ. Ал бұған лайықты жауап берер мүмкіндігіміз бар ма? Меніңше, осы мәселеде айтар уәжіміз мардымсыз... Әлемде Тәңірден берілген рухани асыл дүниелерінен, өзгеден ерекшелеп тұрар қасиеттері мен салт-дәстүрлерінен түрлі себептермен көз жазып қалған, келешегі күмәнді ұлттар баршылық. Бұлардың қатарында біз жоқпыз, әрине. Алайда, осы орайда қарға тамырлы қазақтың ойланатын жағдаяттары жеткілікті. Бұл түйткілдердің арасындағы ең сорақыларының бірі ретінде қоғамымызда некесіз бала туудың үйреншікті, қалыпты, қысылып-қымтырылмай іске асырылатын дағдыға айналып отырғанын, соның салдарынан көрдемшелердің көбейіп бара жатқанын айтуға болар, бәлкім. Жалпы, осы тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде телеарналарда азды-көпті қозғалып, ел талқысына ұсынылып жүр.