Пікірлер .
Өңір әкімдерінің өз «командасын» құратыны белгілі. Бұл туралы талай сын айтылғанымен, одан өзгерген жағдай шамалы. Бір жағынан, оның өз қисыны да бар. Мәселен, облыс әкімінің саяси қызметшілер болып саналатын орынбасарларын ауыстыруымен келісуге болады. Тек өзге басшы кадрларды оңды-солды сапырылыстырып жібермесе, құба-құп.
24 Маусым, 2021
Бір кезде ауылдағы той-томалақтарда қолдарына шәугіммен су құйған балаларға үлкендер: «Мұғалім бол!», деп, бата беретін. Ал елдегі тұрмыс түзеліп, жұрттың ниеті өзгеріп, материалдық байлық рухани құндылықтарды ығыстыра бастаған өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында «Судья бол!» деген жаңа бата шықты. Сондағы пейіл – ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болып, жұртқа шекесінен қарап, шіреніп, шалқып-тасып жүрген судьялар секілді зор бол деген пендешілік пиғыл еді.
17 Маусым, 2021
Қазіргі таңда елімізде сотталған екі мыңға жуық педофил темір тордың арғы жағында отыр. Олардың 32-сі биыл өз жазаларының мерзімін толық өтеп, бостандыққа шығуы тиіс. Осыған орай құқық қорғаушылар мен психологтер орынды алаңдаушылық білдіру үстінде. Себебі педофилдердің бұл тобы – осы айуандық қылмысқа қарсы заңнама қатаңдатылғанға дейін сотталып, әлдеқайда жеңіл жазаға тартылғандар екен.
08 Маусым, 2021
Елорда көшелерімен таңертең жұмысқа келе жатқанымда Сарыарқаның інжу-маржаны атанған шаһардың сұлу көркіне қарап, көңілім көтеріледі. Тек жолшыбай қаптаған қонақүйлердің маңдайшаларындағы қазақ тіліндегі жазуларға көзім түссе, еріксіз бас шайқап, көкейімде «Бұл қалай?» деген сауал туындайды.
25 Мамыр, 2021
«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегенмен...
«Сырт көз – сыншы» ғой, Омбы қаласында тұратын бір ағайын бертінде жеңіл көлігімен Петропавлға келе жатып, жолшыбай кездескен елді мекендердің атауларына назар аударғанда жағасын ұстағанын айтқаны бар. Сөйтсе Омбыдан Қазақстанның мемлекеттік шекарасына жеткенше қазақ тіліндегі көне атаулар жиі кездесіп, біздің елдің аумағына өткенде Булаево, Полудино, Николаевка, Явленка, Заречное, Новоникольское болып, жалғаса берген екен.
04 Мамыр, 2021
«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын»
Біреудің тасбауырлығынан түңілгенде айтылған бұл сөз халықтың көкейіндегісін дөп басқан соң, мәтелге айналып кеткен. Оны қазір көбіне үлкенді-кішілі шенеуніктерге қарата айтатын болдық.
26 Сәуір, 2021
«Құрметті азамат» атануыма көмектесші...»
Осындай өтінішті алыс-жақын ағайындар ара-тұра айтып жатады.
20 Сәуір, 2021
Қай елдің телесериалын көресіз?
Кейінгі кезде ел телеарналарында отандық киноөнімдер жиірек көрсетіле бастағанымен, шетел фильмдері, әсіресе телесериалдары әлі де көп. Осыған орай, телекөрермендер тарапынан «Қай телеарнаны ашып қарасаң да, көбіне үнді, корей және түрік телесериалдары жүріп жатады. Оларды көрсетуді азайтып, қазақ тіліндегі телесериалдарды неге көбейтпейміз?» деген сұрақ жиі қойылады.
14 Сәуір, 2021
Осынша мөлшердегі кеңес ақшасы бала күнімнен жадымда ешқашан өшпестей сақталып қалды. Бұл – әкемнің ай сайын алатын зейнетақысының сомасы. Жасы қырықтан асқанында жаңадан құрылған ұжымшарға малшы болып кіргендіктен, зейнетке шығарда еңбек күні (қазіргі еңбек өтілі) аздық етіп, қарттық шағына мардымсыз нәпақа бұйырыпты. Ал сол кездегі жоғары оқу орнының тойып тамақ ішуге ақшасы жетпей, ашқұрсақ жүретін студентіне айына 40 сом стипендия төленгендігін ескерсек, бес жаннан құралған отбасының жалғыз асыраушысының табысының деңгейі қандай болғандығын бажайлауға болар.
08 Сәуір, 2021
«Аңсаған сәби» тамаша-ау. Тек...
Қазақ – балажан халық. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, қатты айтса да, текке айтпаған. Сәби сүю бақыты бұйырмаған ағайынын аяғандықтан, көп баласының біреуін оның бауырына салатын игі дәстүрі болған. Сол дәстүр көп бала туу «сәннен» шығыңқырап, өзімшілдік өктемдік құра бастаған қазіргі заманда ұмытылып та бара жатқанға ұқсайды. Әйткенмен, «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі бай мен Аналық бәйбіше сынды бір перзентке зар болып, әулие-әнбилердің басына түнеп, бармаған жер, баспаған тауы қалмаған мұңлық отбасылар үшін жарық дүние есігін ашпай жатып, «көкек» аналары қатыгездікпен бас тартқандықтан, Сәбилер үйін паналауға мәжбүр болған бүлдіршіндерді асырап алу немесе экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы аңсаған арманға жету жолы табылды.
31 Наурыз, 2021
Бүгінгі қоғамымызда мемлекеттік тіл мәртебесі бар ана тіліміздің болашағына елеулі алаңдаушылық бар. Бұл тақырыптың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқандығы – соның айғағы.
16 Наурыз, 2021
«Айран ішкендер» тұтылып жүр ме? Әлде әлі де құтылып жүр ме?
Қоғамымызды іштен ірітіп, жегідей жеп жатқан жемқорлық індетімен күрес аяусыз екендігін айғақтайтын деректерді бұқаралық ақпарат құралдары күн сайын дерлік нағыз майданнан келген жақсы лепестей сүйіншілете жариялау үстінде. Атқарылған істің нәтижесі де жаман емес: Transparency Inernational халықаралық ұйымы анықтаған сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес алғаш рет 38 балл жинап, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 19 саты жоғарылап, 94-орынға табан тірепті. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 5 пайызға кеміген. Бұған бұрынғы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екіге бөлініп, Антикор қызметі жеке ведомство болып құрылғандығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың айтарлықтай қатайтылғаны оң ықпалын тигізгендігі анық.
18 Ақпан, 2021
Мемлекеттік рәмізде мін болмауы керек
Мемлекеттік рәміздеріміз – еліміздің Тәуелсіздігін бейнелеп, халқымыздың рухын асқақтататын, Қазақстанды әлемге паш ететін қасиетті атрибуттар. Оларда еш мін болмауға тиістілігі – айдай ақиқат. Бұл ретте Мемлекеттік Туымыз бен Мемлекеттік Елтаңбамыз әу бастан көпшіліктің көңілінен шығып, көзайымына айналды.
12 Ақпан, 2021
Ауыл әкімін сайлармыз-ау... Тек кімді және қалай сайлаймыз?
Осыдан алты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты Қаратал ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездескенімде, олар бір келеңсіздік жайлы қынжыла айтқан еді. Көптің көкейіндегі сөзді бір ақсақал: «Ауылдың шетіндегі су толтыратын мұнараны көзіңіз шалған шығар? Оған алты шақырымдағы аудан орталығынан су құбыры тартылған. Бес-алты жылдан бері босқа тұр. Оған қазынаның миллиондаған теңгесі текке шығын болды. Неге дейсіз бе? Ауылымыздың бірде-бір тұрғыны оған келіп тұрған ауыз суды қалтасынан ақша шығарып, сатып алғысы келмейді. Себебі бәрі өз үйінің жанынан құдық қазып алған. Бізден осы су құбыры керек пе, онымен келетін ауыз суды сатып алуға қарсы емессіздер ме деп сұраған не ауылдың, не ауданның әкімі болған жоқ. Енді, міне, ол босқа шіріп тұр. Мемлекет қаржысын бұлай далаға шашуға бола ма?» деп күйіне жеткізген еді.
05 Ақпан, 2021
Тар жерде тығылысып... Той-томалақты үйде өткізуге көштік пе?
Былтырғы жазда коронавирус пандемиясының асқынып, алқымнан алып тұрған шағында туған ауылымдағы ағайындардың ахуалын білмек болып, сондағы туыстармен хабарластым. «Аллаға шүкір, ауылымызға індет жеткен жоқ. Тіпті бізбен көрші тұратын бір қарындасың кеше ғана Қарағандыға тойға барып келді...» деп қарап тұр бауырым. «Бүкіл ел бойынша төтенше жағдай жарияланған қазіргі уақытта ол 700 шақырымдай жердегі қалаға бару үшін жолдағы бірнеше блок-бекеттен қалай өтіп жүр?» деген сұрағыма «Оны енді өзің білесің ғой...» деп жалтарып, көршісінің құпиясын ашпауға тырысты...
27 Қаңтар, 2021
Өңірді көрмеген – өмірді көрмеген
Ертеректе мемлекет қамқорлығын қажет ететін, табысы мардымсыз отбасыларды анықтау өлшемшарттарын айқындау кезінде ауылдағы ағайынның қорасындағы тауығын ғана емес, оның жыл ішінде табатын жұмыртқасына дейін санауды ұсынып, жұртқа күлкі болған шенеунік бар. Сөйтіп, ол «асфальтта өсіп», өмір бойы қалада қызмет еткендігінен, жергілікті жердегі жағдайды білмейтіндігін байқатып алған.
25 Қаңтар, 2021