Қазақ спортының өткенін қазбаласаң қазынаға толы. Әрбір спортшының жетістікке дейінгі жүріп өткен жолы, жасымаған жігері мен өз спортына деген адалдығы адам жанын тебірентеді. Әр жеңістің артында тәтті естелік, жеңілістің артында ащы өкініш тұратыны анық. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спортта қаймықпаған аңыз спортшылардың ерлігін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Иван Гаранин бүгінде 75 жасқа толып отыр. Заманының заңғары болған Иван Гаранинді замандастары «Шаңғы королі» деп атаған. Үздіктер көшін бастап әлем чемпионатын бағындырған. КСРО құрамында Олимпия ойындарының жүлдегері атанып, жанкүйерге естен кетпес қуаныш сыйлаған. Олай дейтін себебіміз, 1976 жылғы Олимпия ойындарында КСРО шаңғы құрамасы шаңғы жарысында дәл Иван Гаранинің арқасында эстафета бойынша қола жүлдені қоржынға салады. КСРО командасының құрамына кіл мықтылар жиналған еді. Десе де, қорытынды кезеңде Гаранин жарыс жолына шығатын болғандықтан оған артылған жауапкершілік жүгі ауыр еді. Шешуші кезең алдында КСРО спортшылары 6-орынға тұрақтады. Жауапты сәтте мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайтынын түсінген Гаранин жарыс жолына шығарда шымырлық танытып, шаңғысын сайлап үлгереді.
Инсбруктегі Олимпия ойындарында Иван Гаранин 30 шақырымдық бәсекеде қола жүлдегер атанды. Алайда Гаранин 50 шақырымды бағындыра алмай қалғанына әлі күнге дейін өкінетінін айтады. Себебі, дәл осы шақырымда сынға түскенді жаны сүйетін, 50 шақырымдық жарыста әбден шыныққан шаңғы шебері атанып үлгерген спортшы еді. Иван Иванович 75 жасқа келсе де әлі шымыр. Ол аптасына бес рет жаттығу жасап, 20 шақырым қашықтықты бағындырады. Мықты спортшы тек өзін емес, айналасындағыларды да жігерлендіріп, рух беріп жүреді. Көпке үлгі болып, халықтың кумирі атанды. Оның жеңісті жолын жалғастырғысы келгендер санында шек болмады. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирновты аға буынның дәстүрін сәтті іліп әкетті деуге болады. Себебі, шаңғышы Смирнов Иван Гараниннің бастамасын жалғастырып, Олимп шыңын бағындырды.