Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған мен Шиелі аудандары тұрғындарының айтуы бойынша Сырдария өзенінің суы төмендеуде, осыған байланысты олар әкімдікке жүгінген.
Ауданда құны 1 млрд теңге тұратын су платинасы салынған. Бірақ үш жылдан кейін іске жарамсыз болып қалған. Қазіргі таңда платина жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы орайда Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы құқық қорғау органдарының осы мәселеге назар аударуын сұрады.
Сенатор Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевпен және оның орынбасарларымен сөйлесті. Сенатор қалыптасқан жағдай туралы айтып, осы мәселені жақын арада шешуді сұрады, онсыз шаруалар орасан шығынға бататынын жеткізді. Тиісті министрлік Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуін болдырмау жолдарын қарастыруға уәде берді.
Мамандардың айтуы бойынша, биыл шамамен 90 мың гектар алқапқа күріш егілген. Мұндай аумақты 3 ай суару кезеңінде сумен қамтамасыз ету қиын. Сенатор өз кезегінде су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды пайдалануды ұсынды.
Мұрат Бақтиярұлы егін егушілерге күріштен бөлек суды көп қажет етпейтін жоңышқа, рапс, жүгері және бау-бақша өнімдерін өсіруді ұсынды.
Осы ретте сенатор кіші Аралды толтыру мәселесіне де назар аударды.
Мұрат Бақтиярұлы өңір аграршылармен кездесуде: «Бізге кіші Аралды толтыру үшін де су қажет. Судың теңізге жетпей жатқанын ескерсек, кіші Аралдың су деңгейі төмендеуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қамбаш көлі жағалаудан 150 метрге шегініп кетті. Қызылорда Сырдарияға өте тәуелді, сондықтан көп суды қажет етпейтін дақылдарды өсіру маңызды. Бұл бағытта диқандар үшін арнайы бағдарлама әзірлеген жөн», деді.
Егін алқаптарынан бөлек Сенат депутаты аудандық ауруханаға барып, жергілікті жұртпен тілдесті.