• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Тамыз, 2020

Өңірде күрделі экологиялық мәселе көп

839 рет
көрсетілді

Бұрынғы Алға химиялық зауыты аумағындағы химиялық қалдықтарды жою, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» №1 және №2 цехтарының жиналған өндірістік қалдықтарын тазарту, Елек өзенінің 6 валентті хроммен, бормен ластануы, ілеспе газдардың ауада жануы, «Ақбұлақ» АҚ тазартылмаған ағынды суларының Елек өзеніне құйылуы, Ақтөбе түбіндегі су ресурстарының жағдайы, қаланың атмосфералық ауа қабатының ластануы – өңірдің басты экологиялық мәселелері.

Ақтөбе – еліміздегі ауа сапасы нашар ал­ты қаланың бірі. Қала кәсіпорындары өт­­кен жылы ауаға 170 мың тонна зиянды зат жіберген. Қалада қалдық суларды залал­сыз­­дандыратын орталықтандырылған кә­різ­ стансасы жоқ. Қаланың кәріз желісіне 4800 нысан қалдық суын төксе, оның 319-ы өн­­­дірістік кәсіпорын. Осы ірі өндірістік ме­­­кемелер, спирт және сыра, газды сусындар шығаратын кәсіпорындардың төккен қал­­­дық суларынан ауаға улы метан газы бө­лініп жатыр.

– Өңірімізде 2025 жылға дейін эколо­гия­лық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жоспар әзірленді. Жақында оны жұртшылық талқысына ұсынамыз. Кейбір күрделі мәселелермен арнайы мамандар айналысуда. 30-40 жылдан бері созылып келе жатқан мәселелерге Алға химия зауы­тының қалдықтарынан арылу, Елек өзе­­нінің алты валентті хроммен ластануы кіреді. Көп мәселелер халықаралық экологтар, үкіметтік, министрлік деңгейінде шешілуі тиіс. Соның ішінде Ақтөбе қа­ласында орталықтандырылған кәріз тазарту қондырғысын салу, Мұғалжар ауда­нының аумағындағы Көкжиде стра­тегиялық тұщы су қоры белдеуін сақтау, Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары да кезек күттірмейді, – дейді облыс әкі­мінің орынбасары Қайрат Бекенов.

 

Құрып бара жатқан Көкжиде, Алғадағы улы қалдық

Экология департаменті мен Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу, пайдалану басқармасы 2018-2025 жылдарға «Ақтөбе облысының экологиясын дамыту» кешенді бағдарламасын әзірледі. Мұның негізгі бағыттары – бұрынғы Алға химиялық зауытындағы қауіпті қал­дықтарды көму, Елек өзенінің 6 валентті хром, бормен және кәріз суларымен «тарихи ластануын» жою, Ақтөбе қаласының атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндірістік қалдықтарды азайту және көму, қауіпсіз қалдықтар жүйесін құру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, Ақтөбе қаласы төңірегіндегі жасыл желек белдеуін қалпына келтіру, атмосфералық ауа мониторингі жүйесін жетілдіру.

Өңірде шешілуі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі – Ақтөбе қаласының іргесінен ағып жатқан Елек өзенімен жалғасқан жерасты суларының алты валент­тік хроммен «тарихи ластануы». Ластану аймағы өте үлкен. Өйткені 1957 жылы салынған Ақтөбе хром қосын­дылары зауыты 1961 жылдан бері жерасты және жер беті суларын хром қалдығымен шайып келеді. Бұл – Елек трансшекаралық өзенінің негізгі ластаушы көздері.

2012-2013 жылдары Елекке жал­ғасқан жеріндегі 6-валенттік хроммен ластанған жерасты суларын тазар­ту жобасы №3 өндірістік алқаптың 80 гектар аумағында қолға алынды. Лас­тан­ған бөлік сульфатты-тотық­танған темірді пайдалану арқылы реагентті тәсіл­мен тазартылды. Облыстық эколо­гия депар­таменті мамандарының айтуынша, 6-валенттік хроммен ластанған 500 гектар аумақтағы жұмысты жалғастыру үшін хром қосындылары зауытына қарасты Елек өзенімен жалғасқан тұсындағы орындарды терең топырақ қабатымен қоса күрделі тазартылуы тиіс. Бұл әзірге қолға алынған жоқ. Жергілікті экологтар: «тазалау кезінде жаңа өндірілген хромның жерас­ты суларына араласып кетпеуіне мұқият болған дұрыс», дейді.

Облыс аумағында 26 млн тоннадан астам жиналған қалдықты кезең-кезеңі­мен көму керек. Оның 730 мың тоннадан астамы өте зиянды өндірістік және хи­мия­лық қалдық – бұрынғы Киров атын­дағы Алға химиялық зауытының аума­ғында. 2017 жылдың 15 қазанында Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өт­кен кеңесте бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы зиянды қалдықтарды жоюға Ақтөбе облысы әкімшілігіне қаржы іздес­тіруге Үкіметке тапсырма беріліп, сол жылы оның жобалық-сметалық құ­жат­тары жасалды. Бірақ бұл әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қауіпті қал­дықты жоюдың бір-ақ жолы бар – көму. То­пыраққа сіңбеуі үшін қауіпті қалдықтарды күл-шаң жинағыш орынға көму керек. Бұл үшін Алға химзауытында арнайы екі қал­дық көметін орын салынуы керек деп жер­гілікті экологтар мәселе көтеріп отыр. Күні кеше Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе ферроқорытпа зауытына қарасты №1, 2 цехтарының жиналған «тарихи қал­дықтарын» 30 пайызға азайту жөнінде ал­ған міндеттемесін тезірек орындауды тап­сырды.

Ақтөбенің ауа сапасы.  «Қазгидромет» мәлі­метінше, ауадағы күкірт сутегі 2016 жылы – 302 рет, 2017 жылы – 144 рет, 2019 жылы – 6 рет тір­келді. Тек 2018 жылы бір­де-бір рет тір­келмеген. Жағымсыз иістің, күкірт суте­гінің қайдан шығатынын бүкіл ақтө­белік біледі. Жыл сайын қаладағы өн­ді­рістік кәсіпорындар ауаға 27 мың тон­на зиян­ды зат жіберсе, ал 231 мың тон­насы кә­сіпорын­дардың газ тазартқыш қон­дыр­ғыларында тұтылады. Осылайша кәсіп­орындардың 88,1%-ы шаң мен газды тұтып қалады. Өткен жылы қалада жы­лына 61 мың тонна улы газ бөлінген. Эко­логия департаменті облыстағы 75 пайыз­дан жоғары зиянды қалдық шығаратын 25 кәсіпорынды анықтады. Соның ішінде «Ақтөбе темір қорытпа» зауытының №1, 2 цех­тарының көмілмей қалған қалдықтары да бар.

– 2019 жылдың соңына дейін азот-аммоний бөлетін қалдық сулар түгел тазар­тылып, кәсіпорындар қалдық суларын ортақ кәріз желісіне алдын ала тазартудан өткізіп барып жіберу керек деп айтылғанымен, толық орындалған жоқ. Мұның бір жолы – катализатор қолдану. Ауа сапасын саябақ, сквер, бульварлар ше­карасын бекітіп, қаланың жасыл желек қорын қайта түгендеп, мақсатты түрде жасыл желек отырғызу арқылы қалпына келтіру қажет, – дейді Қ.Бекенов.

«Көкжиде» құмдарының қорғалуы. 2013 жылдың 23 қаңтарында Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен Мұғалжар ауданында 43976 гектар аумақта «Көк­жиде – Құмжарған» мемлекеттік табиғи қоры­ғы құрылды. Оның 31723 гектары – Көкжиде құмдары. 2008 жылдан бас­тап Көкжиде құмдарына шикізат өнді­рушілер зиянын тигізе бастады. Соңғы он жылда Көкжиденің жерасты сулары мұнай қалдықтарымен лайланды. Біздің зерттеуіміз бойынша, тұщы судағы мұнай қалдықтарының шектік мөлшері 1-ден 41-ге дейін артқан. Бұл жерде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Урихтау – оперей­тинг» ЖШС, «КМК мұнай» АҚ, «Ада Ойл» ЖШС-і мұнай өндіруде.

Қазақстанның жерасты тұщы су қоры­ның стратегиялық нысаны – Көкжиде құм­дары мен Көкжиде жерасты суларын ба­қылауға облыстың шамасы келмейді. Көк­жиде ерекше қорғалатын аймақ мәр­тебесімен Көкжиденің тұщы су қорына мо­ниторинг жүргізу құқығы орталық құ­зырлы органның құзырына берілгені жөн. Мұнай қалдықтарының жерасты суларына әсер ету ошағын табу үшін жерасты суларының ағынын анықтап, Көкжиде құмдарында мұнай иге­ру мен тасымалдаудың бірыңғай ере­жесі бекітілуі тиіс. Ұсыныстар Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жібе­рілген. Жерасты тұщы су қорын лайлады деп айыпталған «КМК мұнай» мен «Ада Ойл» ЖШС-інің мұнай қал­дықтары төгіл­ген кейбір ұңғылары тоқтатылды.

 

7 қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орын­басары Қуандық Рахметовтің айтуынша, 2018 жылдың 28 мамырында облыстық мәслихат шешімімен 2018-2025 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғаудың мақсатты жоспары бекітілді. Бүгінде осы жоспардың екі тармағы орын­далмай қалды. Соның бірі – 2018 жылы «Ақбұлақ» АҚ-ы спиртті қалдықтар төгілген полигонды сүт қышқылы бактериясын пайдалану арқылы тазарту жобасы. Жоба құны – 80 млн теңге. Қаржы бөлінбегендіктен, жоба іске аспады.

Бүгінде облыстық прокуратурада Көк­­жи­де жерасты сулары, Алға химия зауы­тының қалдықтарын көмуге қа­тыс­ты қорытынды әзірленуде. Ақтөбе тө­ңі­регіндегі 8 өзеннің арнасын кеңейту жұ­мыстарында ағаштар мен бұталарды аяу­сыз кесуге байланысты қоғамдық пікір туды. Прокуратура Қызыл кітапқа енген ағаштардың кесілгенін, жұмыстар жергілікті құзырлы органдардың рұқса­тынсыз жүргізілгенін анықтады. Өзен ар­наларын кеңейту кезінде 600-ден астам ағаш кесілген, оның ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендер бар. Келтірілген зиян мөлшері 7 млн теңгеден асады. Алдын ала қоғамдық тыңдау өткізілмеген, эмиссияға рұқсат алынбаған. Тапсырыс беруші мемлекеттік орган, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі инспекциясы бақылау жүргізбеген. Облыстық прокура­тура тексеріс жүргізіп, мердігер мекемелерге экологиялық залалды өтеу мін­деттелді. Ағаштарды заңсыз кесу, жоғалу қаупі бар өсімдіктерді жою, өзен­дерді заңсыз кеңейту, лауазымды өкіл­діктерін асыра пайдалану, мемлекеттік орган­дардың әрекетсіздіктері бойынша өткен жылы 7 қылмыстық іс қозғады. Ендігі жерде табиғатқа қатысты ауқымды шаралар жұртшылықтың, мамандардың тал­қылауынсыз іске аспауын қатаң қ­а­дағалау қажет. Содан кейін ғана жобалар мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.

Ал Конрад Аденауэр қорының Қазақ­стандағы өкілі Томас Хельм Ақтөбенің мәселесі су, қоқыс, қоғамдық көлік, ауа­ның ластануы дейді. «1990 жылы екі Гер­мания біріккенде, экологиялық қиын жағ­дай туды. Себебі Шығыс Германияда газ-шаң тұтқыш, су тазарту, ағынды су тазарту қондырғылары жоқ болатын. Федеральды бюджет 1996 жылы кәріз желілерін қай­та жарақтандыратын 18 ірі жобаны қар­жы­ландырды. Алты жылдан кейін екі Гер­манияның тазарту қондырғылары, су тазарту, қалдық су тазарту желілері теңесті.

Біз ластаушыларды «қара насос» дейміз. Табиғатты ластаушылар, мейлі заң­ды тұлға болсын, мейлі жеке адам болсын, келтірген зияныңыз үшін ірі көлемде айыппұл төлеп және бүлдіргеніңізді қайта орнына келтіруге міндеттісіз. Бізде су, ауа, қоқыс, лас суларды тазартқыш қон­­дырғыларсыз кәсіпорын жұмыс істе­мейді. Германиядағы тұтас химия өндірісі бар аймақ, көмірлі Рур облысы қоршаған ортаны сауықтыруға қайта жарақтандыру ар­қылы қол жеткізді. Экономикадағы түбірлі құрылымдық өзгерістермен бір мезетте жүргізілді. Бұл көп уақытты керек етеді және инвестиция қажет. Еліміз химиялық кә­сіпорындарын қайта жарақтандыруға 30 жыл жұмсады.

Қазақстанда қоқыс шығару, су, электр энер­гиясы ақысы өте арзан. Судың текше метрі –72 теңге, әр адам үшін – қоқыс шығару ақысы – 104 теңге. Бұл өте аз. Адам­дар арзан болғасын қуат көздерін үнемдемейді. Қуат көздері қымбат болса, адам үнемдей бастайды. Суды ретсіз пай­даланбайды.

Ганноверде «Қоқыс энергиясы» деп аталатын шағын зауыт бар. Онда Ганновердің түбіндегі 55 мың үйдің қоқысы жиналып, термоөңдеуден өтеді де, одан электр қуаты алынады. Осылайша Ганноверде электр энергиясының 11 пайызы қоқыстан алынады. Әрине қо­қыстың пайдаға аспай, тектен тек лақ­тырылғанынан электр қуатына айналғаны әлдеқайда тиімді. Сөз жоқ, Германия мен Қазақстан тұрғынының жан басы­на шаққандағы табысында бес есе айыр­машылық бар. Енді ауа лас­тау рей­тин­гісіне қарасаңыз, керісінше кө­рініс бай­қайсыз. Қазақстанның әрбір тұр­ғыны Гер­мания тұрғынына қарағанда қор­шаған ортаны бес есе артық ластайды. Қазақ­стан ауаға зиянды қалдықтарды өте көп шы­­ғарады, дейді Т.Хельм.

Эколог Александр Мандрыкиннің айтуынша, Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі экологиялық бағдарламасында технологиялық карта назарға алынбаған. Кез келген жобаның технологиялық картасы жерге, су көздеріне негізделуі тиіс.

– Ыңғайсыздық тудырып отырғаны – инженерлік желілеріміз. Жобадағы әрбір бағыт мамандардың жете зерттеуінсіз, техникалық үлгілеуден өтпейінше, шикі жоба деп атауға болады. Бізде мұн­дай ащы тәжірибені талай бастан өтке­ріп келеміз. Соның бірі – 2004 жылы Қа­зақ­станда іске асырылған «Ауыз су» бағдарламасы. Жа­пон үкіметі қар­жы­ландырылған осы қанат­қақты жоба Гер­мания модера­тор­лығымен басталды. Соңы не болды? Белгісіз. Кез келген жобаның тиімділігі – инже­нерлік желілердің табиғи су көздеріне жал­ғасқандығымен маңызды. Ақтөбе об­лы­­сының су қоры Қазақстандағы су қо­рының 2 пайызын ғана құрайды. Ен­деше бұл жерде жұмыс жобасының тех­никалық үлгілеуіне ерекше мән берген жөн. Инженерлік желілер су көздеріне қо­­сыл­маса, нәтиже шықпайды, – дейді эколог.

 

 Баян СӘРСЕМБИНА,

журналист

 

 Ақтөбе облысы