Шәмші атамыздың көзін көрмесем де, ол кісінің әндерінің менің өмірімде алатын орны өте жоғары. 1968 жылы жазылып, 44 жыл бойы ақын М.Шахановтың жеке архивінде жатып қалған «Сүймегендер сағынбайды» әнінің алғашқы орындаушысы болу да мен үшін мәртебе.
300-ден астам ән жазған композитордың әндері жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда ұмытылмасы хақ. Сол 300 әннің халыққа кең тарағаны 40 шақты ғана. Бір композитордың 40-қа жуық әні «хит» болуы қазақ музыкасының тарихында болмаған жағдай деп ойлаймын. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында И.Тасмағамбетовтың бастамасымен композитордың 85 жылдығы қарсаңында «Әнім сен едің» атты үлкен концерт өтті. Концерттегі барлық әндерге қойылымдар қойылды. Оркестрге өңдеген кейінгі жас буынның ішіндегі бірегей дарын, талғампаз композитор Ренат Гайсин болатын. Мен Алтынай Жорабаевамен «Өмір-өзенді», ал жеке «Сыған серенадасын» орындадым. Әннің осы өңделуі маған композитордың қаншалықты сыған халқының музыкасына терең бойлағанын аңғартты. Әннің музыкалық құрылымы «сығанша» мәнерді сұрап-ақ тұрғандай көрінді... Өз орындауым көңілімнен шықпағанын да жасырғым келмейді. Бірақ әлі талай мүмкіндік болатын шығар деген ойдамын.
Қалдаяқов әндерінің қазақы бояуы уақыт өткен сайын қаныға түсетіндей. Ұлттық бояу, ұлттық үн деген біз үшін өте маңызды. Ал «Сыған серенадасы», «Дүңген қыз» сияқты әндері сол халықтардың үніне, айтылу мәнеріне ыңғайланып жазылғаны жылдар өткен сайын байқалып келеді. Демек, композитордың еңбегі әлі де болса зерделі зерттеулерге сұранып тұр. Туған топырағы Отырарға арнаған бірнеше әндерінің шығу тарихы, ел арасына кең тараған немесе мүлдем танылмай қалған әндері жайлы әңгіме өз алдына.
Атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен бойымызға дарып, жадымызға сіңген Қалдаяқов әндері еш уақытта ел есінен өшпейді. Артына өшпес мол мұра қалдырған композитордың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші