• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Абай 17 Тамыз, 2020

Жаңсақтықтарға жол берілмесе екен

364 рет
көрсетілді

Зәуре Батаеваның 75 беттен, бірнеше тараудан тұратын «Абай жұмбағы: Қазақстанның белгісіз ұлы ақыны» атты мақаласының атының өзі ат үркітеді.

Дархан Қыдырәлі айтқандай «бір блогердің жеке пікірі» деп те қарауға болатын шығар, не «ит үреді, керуен көшеді»деп көнбіс жаратылысымызға салып жұмған аузыңды ашпай-ақ отыруға болар еді. Бірақ З.Батаеваның: «... Біз осы күні «Абай» деп атайтын адам кім болған? Біз Абайға тиесілі деп сенетін шығармалардың барлығын осы адам жазды ма?», деген қияңқы сауалдарына жауап бермеске болмайтындай.

 

Қазақ руханиятын, халық санасын өсіретін өлеңдерінің миссиясы мәңгілік деп саналған Абайдың ғылыми өмірбаяны мен әдеби мұрасын әлемге танытқан, абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуе­зовтен бастап бүгінгі көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлына дейінгі үлкен көш керуені ұлы ақынның бүкіл адамзатқа ортақ рухани мұраларын жүйелі зерттеп келе жатқаны әдебиет­сүйер қауымға жақсы таныс. Алайда соң­ғы кездері тарихи тұлғаларымыздың елге еткен еңбектеріне күдікпен қарайтын күмәнді бір топтың бой көрсетуі еріксіз ойлантады. Қазақтың қытығына тимек болған қытымыр, қияңқы қисындар, әлде әдейі, алуан түрлі пікір туғызып елді адас­тырғысы келгендердің көксегені не? Әрине әдеби ортада әрдайым болып тұратын пікірталастарға қашанда жол ашық, егер айтар қисыны дәлелді, нақты, нанымды болса. Әйтпесе М.Әуезов айтқандай: «... Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді. Ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ, өзінен әрі қарай өрбітер нәсілі жоқ, тұл сөз болады» (Әуезов.М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.30-т.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2007.-426 бет. «Абай мұрасы жайында».150 б). Шынында да дәлелсіз, дәрменсіз және көп қателіктерге толы, шалағай шабуыл кімге қажет? Алайда мұндай мүлт кетушілік іргелі зерттеулер мен күрделі ғылыми еңбектерден гөрі бүгінде сәнге айналған блогелерге бүйрегі бұрып тұратын жастарды жаңсақтықтарға ұрындырары да хақ. Сондықтан сан ғасырлық халықтың тарихына, ой қазынасына, шығармашылық тұлғаларымыздың мұраларына деген күпірлікке толы шалағай ойдың шатағы, жауапсыз жеңілдігі, келеңсіз күдігінен арылғанымыз абзал.

Ұзақ уақыттан бері жүйелі түрде зерт­теліп келе жатқан абайтану саласындағы аға буын, қазіргі буын зерттеушілерінің еңбектерін ешкім жоққа шығара алмас. Олардың атын атап, түсін түстеп, ең­бек­терін тізудің де зәрулігі жоқ. Көзіқа­рақ­ты қазақ оқырманы Абайды танымауы, ғұ­ламаның ғұмырнамасын білмеуі тіпті мүмкін емес.

Қазіргі ақпарат жүйесінде әртүрлі адас­тырушылық пиғылдағы мақалалар авторлары осы күнге дейін көпшілікке белгі­лі болса да Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсы­нов, К.Ысқақов, М.Дулатов, М.Әуезов, Ы.Мұс­­­там­баев, Б.Кенжебаев, т.б. саң­лақ­тарымыздың ғылыми-танымдық зерт­теу­лері мен ақын өмірбаянын архив до­ку­менттері негізінде зерттеуге үлкен үлес қос­­қан академик Ә.Марғұлан, архив ма­маны, тарихшы Ф.Киреев, тарих­шылар Е.Бекмаханов, Л.Әуезова, Ә.Жи­р­ен­шин, Ж.Қасымбаев, әдебиетшілер Қ.Мұха­мет­қанов, М.Мырзахметов, М.Бей­сембаев, Т.Жұртбаев, Б.Асылжанов, Б.Байғалиев, т.б ғалымдарымыздың ең­бектерімен танысса артық болмас еді. Абайға қатысты архив документтері Москва, Петербург, Омбы, Алматы, Се­мей, т.б. қалалардағы ірі архивтерде сақ­талғаны мәлім. Олардың осы күнге дейін зерттеліп, ғылыми айналым­ға енгендері, әлі де ізденушілер шықса табылса анық­талар тарихи деректер көптеп табылары та­биғи заңдылық.

Және бір ескерер жайт осы күнге де­йінгі абайтанудың өзекті мәселелері, ақынның ғылыми өмірбаяны кеңестік ке­зеңде жазылды. М.Әуезовтен бастап өзге де зерттеушілер сол кезеңнің саяса­тына сәйкес Абайдың өмірбаяны мен шы­ғармашылықтарына қатысты пікірлерін толық және ашық айта алмады, көбіне ишаратпен, астарлы түрде жеткізіп отырды.Ақын өмірбаянына қатысты кезінде үстірт, таптық көзқарас тұрғысынан зерттелген мәселелерді, тарихи шындықты қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қаралып, рухани жаңғыру талабы бойынша интерпретацияланса тың ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге болар еді. Олар жоқ емес бар, өйткені ғылым үне­мі даму үстінде. Дегенмен өзге өркениет­ті елдердің әдебиеттануындағыдай абай­тануды зерттеуді әлемдік деңгейге жеткі­зіп, қоғамдық пікір қалыптастыра алмай келеміз.

Абайды тану мен таныту мәселелері, зерттелу жайы да өз кезегін күткен күр­делі тақырыптардың бірі. Абайдың ғы­лыми өмірбаяны мен шығармаларын, он­­дағы бүкіл адамзатқа ортақ ойларын әлемдік рухани кеңістікте таныту үшін оның туып-­­өскен мекенжайындағы мұра­жайларын­дағы сирек кездесетін экспонаттар мен әдеби мұраларын әлемдік деңгейге шығару мәсе­лесі қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Осы орайда Лев Толстой мен Абай замандас болғаны, олардың өмірге деген көзқарастары да шығармашылық мұрат­тары да ортақ болғандығы ойландырмай қоймайды. Екеуі екі ұлттың өкілі бола тұра қарапайым тіршілік кешіп, бүкіл адам­зат­қа ортақ әділеттілікті өнеге етіп, бүкіл сана­лы ғұмырларын соған арнаған даналар бол­ды. Екеуі әлемнің екі бұрышында отырып, ортақ ой қозғады, адамгершілікті ту етті, халықтың көкірек көзін ашуға ұмтылды. Қастарына білім қуған, өнерге асық, көкірегі ояу жастарды жинап, әдеби орта құрды. Айталық, Абай ауылында үсті-үстіне ағылып келіп жатқан ақындар, әншілер, домбырашы, қобызшы-күйшілер, бишілер, шешендер мен көсемдер керуені үзілмесе, Толстойдың атақты Ясная Полянасында да дүние жүзіндегі атақты ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнерпаздар, суретшілер, небір зиялы қауым өкілдері ағылып келіп жататын. Бүкіл әлем Толстойдың талантты туындыларымен сусындап, тәнті болып, табынып жатса, ұлы қазақ даласы Абай жырлары арқылы әлемдік өркениетті саналарына сіңіріп, көкіректері күмбірлеген күй мен әнге, ертегі мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендіктің небір кәусар бұлағынан нәр алып, нұр­ланып, шабыттың шуағына шомылатын ерекше шығармашылық жағдайды бастан кешті. Күні бүгінге дейін Толстойдың Ясная Полянасы осы қарқыннан, осы шы­ғармашылық шуақтан арыла қоймапты. Өйткені Толстойға табынып келушілер саны толастамайды екен. Өкінішке қарай, бүгінгі Абай ауылы, жалғыз данамыз ғана емес, Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген «Ұлылар мекені» жапандағы жалғыз үй болып, жетімсіреп тұрғанын көргенде кө­кірегің еріксіз шымырлап, «өз қадірін білмеген қайран қазағым» демеске лажың қалмайды. Кезінде қазақ руханиятының ордасы болған Абайдың атақты Жидебайында әлемдік ойлар туып, дамып, бүкіл далаға тарап, ұлы ақын тәрбиелеген небір ғұлама ғалымдар, ақпа ақындар, кемеңгер ойшылдар сол кезеңнің өзінде Толстойдың шығармаларын тәржімалап, қазақ оқыр­мандарына таратып жатқанын қай қа­зақ ұмыта қойсын! Алайда Абайдың Жиде­байы да Толстойдың Ясная Полянасы сияқты қонағы арылмай, ырыс-берекесі қашпай, қазақ халқының әдептілігі мен адамгершілігін, әні мен жырын, өнері мен өркениетін жұтатпай, бөтен жұртқа жарқыратып көрсетер жыр жұмағы, жер жәннаты болса ғой шіркін деген арман ой, әсіресе биылғы Абайдың мерейтойы ке­зінде жиі мазалайтын болды. Абай ауы­лының барлық құндылықтары ішкі-сырт­қы құнарымен қайта қалыптасып, әлем әде­биетшілерінің табынар, табысар құтты мекеніне айналса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Абай Толстойдың шығармаларын өзі тәржімаламағанымен айналасындағы шәкірттеріне (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халиолла Өскенбайұлы, т.б.) оқытып, әр туындысын талдап, мазмұн мағынасын ашып, түсіндіріп, аударуына бағыт беріп, бақылап отырған. Өзі де Толстойдың туын­дыларындағы даналық ойларға қа­нығып, ойына тамызық етіп отырған. Әйтпесе: «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой, Я адвокат, я тілмаш, Болсам деген бәрінде ой...» деп жазар ма еді? Бұл бір таусылмайтын тақырып және күрделі, айтсаң әдеби дерегі мұхиттай мол мұра. Ол арнайы зерттеуді талап ететін тақырып. Қалай дегенде де бір-бірін түстеп танымаса да таланттары мен ой-танымдары тамырлас жатқан екі ұлттың өкілі, бір дәуірдің ұрпағы – Абай мен Толстой ХІХ ғасырдың жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы адамзатқа ортақ рухани өмірге ерекше әсер еткен өзгеше көркемдік құбылыс иелері болғанын бүгінгі ұрпақ жақсы білсе екен деген тілек бар. Орайы келгенде айта кетер жайт, Абай айналасындағы ақын балалары мен шәкірттері ғана емес, екі ғасыр бұрынғы, яғни Толстойдың тұ­сындағы жерлестеріміздің өзі оның шы­ғармаларымен жақсы таныс болып, тіпті өз ризашылықтарын білдіріп хат жазып, тәржімалауға рұқсат сұраған әдеби деректер де бар. Міне, осынау ғылыми мағ­лұматы мол тарихи деректер де, Абайды тануға деген құштарлық мәселелері өз із­денушілерін күткен келелі тақырып.

Енді осы екі ұлыға ортақ тағы бір таң­ғаларлық қасиет-қарапайымдылығында. Қасындағы шаруалармен теңдей жүріп, теңдей киініп, өзін өзгеден биікпін де­мейтін ұлылардың екеуінің де қарапа­йымдылығы соншалықты, өзін зиялы қауым өкіліне де қоспаған ғой. Ал адам­гершіліктің биік үлгісін танытқан, бү­кіл адамзаттың санасына ұлылықтың ұясын салып, теңдік, әділдік, білімділік, мәдениеттіліктің мәйегін орнатып, рухани төңкеріс жасаған ұлы тұл­ғаларды кім «интелллигент емес» деп айта алады? Алайда Толстой: «Я рад что не интеллигент» деген. Ал енді «кәсіби әдебиетші емеспін» дегеніне келсек, оның «Что та­кое искусство?» деген көлемді де күр­делі еңбегінде не жоқ, әдебиет тари­хы да, сыны да, теориясы да бар. Ол өзі­нің замандастары мен әлемдік әде­биет­тің ірі өкілдерінің шығармаларын дер кезінде оқып, талдап, танып, өз пікірін білдіріп отырған. Өзінің замандастары Тургеневтің, Пуш­киннің, Чеховтың шы­ғармаларын, Белинскийдің сындарын қадағалап оқып, жүйелі түрде пікірін біл­­діріп отырған. Тіпті Белинскийдің сы­­­нынан соң Пуш­кинді енді таныдым деп тамсанғаны да белгілі. Ал Пушкин шы­ғармаларын оқып түсіну арқылы өзін тапқан, өз-өзінің шы­ғармашылық мұ­ра­тының мәнін ұққан десе де болады. Ол үнемі әйеліне: «Мно­го­му я учусь у Пушки­на, он мой отец...», дейді екен (Тол­стая С.А.Дневники: В 2 т. М. 1978. Т.1.С.500). Әлемге әйгілі данышпан Л.Н.Толстой Пуш­кинді қандай рухани ұстаз, әке тұтса Абай да солай ұстаз, өнеге тұтты. Сондай дәрежеге жеткенше ізденді, оқыды, тәжірибе жинады, аударды, тағылым алды. Тәржіма-тәжіри­бе алмасудың алаңы. Пушкин, Лер­монтов поэзиясы арқылы «өлең сөздің патшасы» екендігін ұғынған соң ғана Абай өзінің ақындық қабілетін тани бастады, дарынын мойындады. Ол жөнінде «Абай» журналының 1918 жылғы 2-санының 1-3 беттерінде жарияланған «Абайдың өнері мен қызметі» атты абайтану саласындағы алғашқы өмірбаяндық зерттеуінде М.Әуе­зовтің: «...Өз өлеңдерін 98-жылға дейін жиғысы келмегені: Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған сияқты. Өлең болса Лермонтов, Пушкин сөзіндей болмаса, одан берідегі сөздерді, өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған көрінеді...», деуі тегін емес («Әуезов.М. Шығармалары­ның елу томдық толық жинағы» Ал­маты: Ғылым, 1997. 1-том. 472-бет. 66-б). Әде­би ортадан жырақтағы Ясная Полянада отырып Пушкинді қалай танып, бағаласа Жидебайда жүріп-ақ орыстың ой орманына еркін еніп, Пушкиннің парасатты поэзиясындағы шеберлікті, суреткерлікті Абай да танып, білді. Өлеңіне өзек етті. Шәкірттеріне үлгі-өнеге етіп, Пушкинді пі­ріндей көріп, өзі аударды емес пе? Ұстаз тұт­ты, ұлылықты ұқты, үйренді, білді, са­на­сы­на сіңірді. Қанша талантты, бүгінгі ХХІ ғасырдың көптілді, білімді, тәжірибе­ні меңгерген аудармашыңыз да Абайдан асып Пушкинді аудара алмасы ақиқат. Се­бебі ұлыны ұлы ғана ұғына да түсіне де алады. Табиғатымен тұтасып бір тұлғаға айнала алатын құдірет кие бар, оларда. Бір-бірінің парасат-пайымы, түсінігі, ұғымы, қабылдауы, сезінуі, таланты, тағдыры, т.б. бір ақындардың суреткерлік шеберліктері де, алымды ойлары да алғыр танымы да тұтасқан, тамыры біртұтас тұлғалар.

Осындай ұлылармен ұғынысып, талантты тұлғалармен терезесі теңескен ұлы ақын, кемеңгер философ Абай Құ­нанбайұлының ғылыми өмірбаяны мен шығармашылығы туралы әрқилы пі­кір­таластар ақынның мерейтойы кезінде ғана емес әрдайым болып тұрар. Алайда М.Әуезовтің өзі жазғандай: «Еңбексіз, дерексіз құрғақ күдікшілер Абай мұрасына көмек етпейді... ондай адамдар өз басына да арзан олжа, еңбексіз оңай абырой қоса қояды деп сенбейміз... Абайды тану мәселесін өзінің қыңыр-қияс, бұлдыр-бұраң есебіне қарай «бұрып пайдаланамын» дегендерге жұртшылығымыздың жол бермейтініне көзіміз кәміл жетеді» (М.Әуезов. «Абай мұрасы жайында», 30 том. 164 бет). Сондықтан Абай әлеміне сақ болып, түрлі жаңсақ пікірлерден жырақ жүрсек деген тілек бар.

 Осындай орынсыз ойлар, сауатсыз сауалдар әлемдік руханиятты «кезіп» кетпеу үшін бүгінгі гуманитарлық ғылымға мемлекет тарапынан тұрақты, ұзақ жылдарға жоспарланған, қаржыландырылатын тақы­рыптар төңірегінде ұлттық стратегиялық жоспар, мақсат-мүдде бойынша жұмыс жүргізуге жете көңіл бөлінсе. Үш жыл сайын берілетін гранттық жобалар Ұлт­тық ғылым академиясы қарамағындағы инс­ти­тут ұжымдарын қосымша қаржылан­ды­­­ру мақсатында бөлінгені жөн сияқты. Себе­бі әр үш жыл сайын тақырып ауысып, ол бірде түрлі себептермен конкурстан өтпей қалып, абайтану, т.б. секілді іргелі зерттеу бөлімдерінің жабылып қалуына, ондағы аз мамандардың қаржының жоқтығынан басқа жаққа ауысып, кадр тапшылығына кездесуіне тура келіп жатады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей­тойы тойланып жатқан үстіміздегі жылы осындай ойсырап жатқан олқылықтарды ескеріп, абайтану саласын тұрақты, жүйелі зерттейтін мамандарды шоғырландырып отыратын және олардан кешенді, күрделі тақырыптар төңірегінде жұмыс жасайтын ғылыми орта қалыптастыру қолға алынса құп болар еді. Қазақ халқы барда, қазақ әдебиеті барда абайтану мен мұхтартану салалары мәңгілік тақырыптармен кешенді түрде күрделі мәселелерді көтеріп, зерттеп отыруы заңды. Сонда ғана бүгінгі оқырман, жастар тарапынан көңіл толмау­шылық, түрлі жаңсақтықтарға жол берер­лік күдік-күмәні мол алуан түрлі адас­тырушылықтарға сілтейтін сыңаржақ пікір­лер тумас еді.

 

Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы