• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Экология 17 Тамыз, 2020

Ертіс өзенінің алқабы ерекше қорғалмақ

571 рет
көрсетілді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Павлодар қаласының жұртшылығымен кездесуде Ертіс өзенінің алқабына мәртебе беру үшін бұрын аяқталмаған техникалық-экономикалық негіздеме пысықталып жатқанын жеткізді.

– Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының шамамен 9%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие. БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйым­дардың ұсынысы бойынша бұл көрсеткішті 10 жыл ішінде 12%-ға дейін арттыру керек. Ал Ертіс өзенінің алқабы осындай аумақ тізіміне енуі мүмкін», деді ведомство басшысы.

Экобелсенділермен өңірдің экологияық өзекті мәселелері талқыланған жиында министр қазір Павлодар облысы бойынша жол картасының жобасы жасалып жатқанын, онда өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін шаралар белгіленетінін, бұл ретте министрлік қала жұртшылығымен бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар кәсіпорындарда ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу, жасыл желек санын артыру, халықтың экологиялық мәдениетін жақ­сарту және экологиялық заң­наманы бұзғаны үшін айып­пұлды қатайту мәселесі қоз­ғалды. Мәселен, халықтың Пав­­лодар қаласында улы өн­ді­рістерді салуға тыйым салу тура­лы өтінішіне жауап ретінде министр нақты елді мекендегі немесе өңірдегі ластану дең­гейіне қатысты халықаралық тәжірибені Қазақстанда енгізу жоспарланып отырғанын, жаңа Экологиялық кодекске тиісті нормалар енгізілгенін атап өтті.

Кез келген қауіпті өндірісті салу кезінде қоғамдық тың­даулар өткізілуі мүмкін. Сон­дай-ақ жаңа кодекс жобасында халықтың жобалардың қа­былдануына әсер етуін кү­шей­туге арналған тармақтар бар. Жасыл желек туралы мәселелер жол картасына енгізіледі. Қор­шаған ортаны ластайтын кәсіп­орындардың табиғатты қорғау іс-шаралар жоспарына ағаш егуді енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз мұны ERG компания­сымен де талқылаймыз. Соны­мен қатар үш жыл ішінде ағаш кескені үшін нормативтік-құ­қықтық базаны қатайту, өтем­ақы ретінде ағаш отырғызу мен оған күтім жасауды талап ету жоспарлануда. Қоқыс лақтыруға, ағаштарды кесуге, белгіленбеген орынға көлік қоюға және т.б. жол беретін тө­­мен экологиялық мәдениет мәселесін айта келіп, министр мұндай заңбұзушылықтар үшін жаза күшейтілетінін айтты. Алдағы уақытта мектептерде экологиялық мәдениет пәнін енгізу үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп онлайн дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Айта кетелік, кездесуде Президенттің экология пәнін еліміздің орта және жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде енгізу туралы бастамасына қолдау білдірілді.

«Жаңа технологияларға ке­летін болсақ, біз жаңа Эколо­гиялық кодекстің жобасына ең озық қолжетімді технологиялар нормасын енгіздік. Оған 1300-ге жуық бірінші санаттағы кәсіпорындар көшуі тиіс. Яғни шығарындылар көлемін едәуір төмендететін технологияларды енгізу керек. Егер қоршаған ортаны ластайтын кем дегенде 50 кәсіпорынды осыған көшірсек, мәселенің 80%-ы шешіледі. Біз осы ретте кәсіпорындарды тексеруді бастадық. Еуропада ОҚТ енгізу үшін 15 жыл қажет болды. Қазақстанда барлық жұмыс істейтін кәсіпорындар 2035 жылға қарай ОҚТ жүйесіне көшуі тиіс. 2025 жылдан бастап салынған барлық кәсіпорында жұмыс істеп тұрған ОҚТ болуы тиіс. Кәсіпорындар бұл рет­те үнемделген ақшаны ОҚТ енгізуге салуға ынталануы үшін мемлекет эмиссия төлету­ден бас тартуға дайын», деді М.Мырзағалиев.