• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Қыркүйек, 2022

Ақаң және «Ғалия» шәкірттері

885 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың басында, яғни 1902 жылы дүниеге келген қазақтың танымал қалам­герлерінің бірі Тұрдықан Қасе­новтің (даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың атасы) туға­ны­на 100 жыл толуына орай, 2002 жылы аталмыш тұлғаның өмір-тарихы мен шығармашылығына қатысты дерек жинау мақсатында осыдан жиырма жыл бұрын Семей қаласында біраз уақыт аялдаған едік.

Бір күні бізбен бірге архив ақтарысып жүрген жергілікті жур­налист-зерттеуші Мұрат Кене­молдин қала­ның Тыныбай мешіті маңында Ертістің жағалауына жақын орналасқан көне­тоз жер үйде Роза Ибрагимова атты ­апай тұратынын, сол кісінің қолында әкесі­нен қалған Алаш арыстарына қатысты өте құнды түпнұсқа суреттер бар екенін айтты.

Маңызды хабарды естіген соң екеу­леп жолға шықтық. Бардық. Роза апамыз жетпіске жетеқабыл жастағы кей­уана екен. Қазақшаға тым шорқақ. Мұрат мені таныстырып жатыр. «Осылай да, осылай Астанадан келген тілші әрі зерт­теуші, ең бастысы, алашшыл азамат. Осы кісіге әкеңізден қалған құнды суреттер­ді көрсетсеңіз?» деді. Апамыз бәлсініп жатпады, қақ ортасынан ақ жіп­пен орай буған папканы алып келді. Көзім бірден дәл ортасында да таудай болып Ақаң, Ахмет Байтұрсынұлы отырған бір топ адамға түсті.

Менің фотоға ұмсына қараған түрімді аңғарған жолсерігім Мұрат Муфтиұлы суретті қолына алып, екінші қатарда сол жақта шетінде отырған қара тақиялы, қияқ мұртты адамды нұсқап:

 – Мына кісінің аты Хайролла Ибра­һимов, бұл Роза апамыздың туған әкесі әрі семейлік абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың ұстазы. 1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Кейін Алашорда үкiметi тұсында өз үйiнің ішінен бастауыш мектеп ашып, балалар­ға сабақ берген. 1937-38 жылғы жаппай жазалау­дан Алла сақтап аман қалған аз адамның бірі, – деді.

Жәдігердің артқы бетіне тө­тешемен «1916 жыл. Үпі (Уфа)» делінген өшкін жазу түсіпті. Дереу қалтамызда жүретін жиналмалы лентасы бар сырыл­дақ фотоаппаратты алып шығып, осы суретті және бірқанша жеке тұлғалардың жан­сыз бейнесін басып алдық. Астанаға орал­ған соң оларды жудырып, қатты қағазға таңбалатып тастадық.

Содан бері Роза Хайроллақызы­нан алған аталмыш фотосуреттерге қатысты дерек жинай жүруді де ұмытпадық. Біздің ойға түскен бірінші сауал: «Ақаң бұл жерге, яғни Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне не үшін барды?» екінші са­уал «Суретте бейнелеген адамдар кімдер?» Ақаңнан басқа адамның бәрі «Ғалия» медресесі­нің шәкірттері екені анық.

1916 жылы бұл оқу орнына 10 жыл толып, осы даталы оқиғаға қазақтың ­Ахметі шақырылған. Нәтижесінде, «Қазақ» га­зетiнiң 1916 жылғы 23 желтоқсан күнгі 210-санына «Медресенiң 10 жыл­дық тойы» атты мақала жарияланып, бұл медреседен жыл сайын аз дегенде 30-40 қазақ баласы оқу бiтiретiндігі, осында білім алған шәкiрттер «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамайтындығы туралы айтыла келiп, «Жасасын, «Ғалия»! Жасасын, «Ғалияны» ашып, тәрбие­леп, рухты жастар шығарушылар!» деп аяқталыпты. Ақаң осы сапарында мед­ресе шәкірттерімен бірге фотоға түскен. Айтпақшы, бұл фотоның басқа нұсқалары да бар. Олар соңғы жылдары әр жерде жарияланып жүр. Солардың ішінде сапалысы осы сурет.

Ал «Суретте бейнелеген адамдар кім­дер?» дегенге келсек, ең әуелі бұл фото­ны Роза апайға анасы Мағырифа тап­сырып кеткен екен. Бертінде, тоқы­рау­дың тоңы жібіп, көбесі сөгілген тұс­та фотосурет мұрагерлері қаладағы алаш­­­тықтардың көзін көрген оқымысты әрі Хайролла ұстаздың шәкірті Қайым Мұхамедханұлына көз шалдырады. Қайым аға дереу қолына қаламын алып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылы ­ 13 қазан күнгі санына осы фото­суретті жариялап, өзі таныған адам­дардың аты-жөнін жазып шығады.

Қайым ағаның айтуынша, суретте: екінші қатарда сол жақ­тан бірінші отырған ұстазы Хай­ролла Ибраһимов, үшінші қа­тарда: Байтұрсынұлының дәл сыр­тында тұрған 1919-1928 жылдары Семейде жарық көрген «Қа­зақ тілі» газетінің алғашқы редак­торы, журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев (1886-1937). Мәннанның сол жағында иық ті­ресіп тұрған – Абзал Жиенғалиев. Бұл кісі Семей педагогикалық техникумына Әбікей Сәтбаевтан ке­йін директор болған адам. Екінші қатарда, оңнан солға қарай екінші ретте отырған тұлға – Мағырифа Ибраһимованың айтуы бойынша Абылғазы Иманов деген кісі. Ал екінші қатарда оң жақтан бірінші отырған – дәрігер әрі ақын, Кеңес Одағының Батыры Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов.

Одан кейін аталмыш суреттің тағы бір ескірген нұсқасын порт­реттанушы Марат Әбдешов осы суретте үшінші қатарда тұрған Зәкір Сералиннің (алғашқы қазақ журналисі Мұхамеджан Сера­лин­нің інісі) баласы Файз деген кісі­нің қолынан алған екен. Мәкең ол суретті 2008 жылы «Алматыкі­тап» баспасынан жарық көрген «Қазақ портреттерінің тарихы» атты еңбе­гінде жариялап, фотодағы адамдар жайлы біршама толық ақпар берген.

М.Әбдешовтің нұсқасы бо­йын­ша: суретте (солдан оңға қа­­рай) бірінші қа­тарда еденде отыр­­ған бес адамның аты-жөні бел­гі­сіз. Екінші қатардағылар: ­1. Хайролла Ибраһимов, 2.3.4 (бел­­гісіз). 5. Ахмет Байтұр­сын­ұлы, 6. Омар Алмасов, 7. Абыл­ғазы Иманов, 8. Ахмет Мәме­тов. Үшінші қатарда тұрғандар: 1. Армия Ешеев, 2 (?). 3. Зәкір Сералин, 4 (?), 5. Аб­зал­ Жиен­ға­лиев, 6. Мәннен Тұрғанбаев, 7. 8. 9 (белгісіз). Төртінші қатарда тұр­ғандар: 1. Нұрхан Еленов, 2 (?), 3. Әбдірахман Мұстафин ­(бар­мағын шығарып қолын қау­сырып тұр), 4. Ишанғали Арабаев, 5-11 (белгісіз). Сондай-ақ соңғы жылдары төртінші қатарда оң шетте тұрған адамды (Әбде­шов­тің таң­балауы бойынша 11-ші) ­Ғ.Қара­балин деп жазыпты атыраулық дереккөзі. Қысқасы, суреттегі 34 адамның 15-16-сы анық­талып отыр.

Осындағы бейнесі анық­тал­ған адам­дар түгелдей дерлік қу­ғын-сүргін жыл­дары атылып кет­­кен. Мысалы, алаштану­­шы ға­лым Қайым аға анықтаған 5 адам­­­ның 4-і атылған. Ал Марат Әб­­де­шов анықтаған адамдардың бірі – Омар Алмасов болса, 1917 жылы жел­тоқ­сан айының 5-13 аралығында Орын­бор­да өткен Жалпы, қазақ съезіне қаты­сып, Алашорда үкіметіне мүшелікке сай­ланған. 1920 жылы кездейсоқ жағдайда қайтыс болған. Төртінші қатарда сол жақтан бі­рінші болып тұрған Нұрхан Еленов туралы қостанайлық қаламгер Ғұмар Ахметчин 2015 жылы қазан айын­да «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рық көрген естелігінде, бұл кісі 1914 жылы Мұхаметжан Сералиннің баласы Сәліммен бірге Троицк қаласында бас­тауыш орыс мектепте оқыған Жұмаш Еле­новтің інісі деп жазса, саяси қуғын-сүр­гін құрбандары жайында ашық тізім­де: Нұрхан Еленов 1893 жылы Қос­танайдың Қарабалық ауданы 18-ауылында туған, 1937 жылы 30 қараша күні тұтқындалып, 1938 жылы 31 қаңтарда үкім етілген депті.

Келесі аты аталған тұлға Әбдірах­ман Мұстафин медресеге қазақ жазушы­сы Бейімбет Майлиннің ықпалымен 20 жа­сында келіп оқыған. Кейін бұл кісіні Майлин газет ісіне тартып, жур­на­лист атандырғаны туралы дерек­ті кез­дестірдік. Сондай-ақ бұл кісіні үлкен ға­лым Тұрсынбек Кәкішұлы өзі­нің «Садақ» эссе-кітабында тебіреніс­пен еске алыпты. Ал суреттегі жалғыз қыр­ғыз ағайын Ишан­ғали Арабаев – Бішкекте Алаш пар­тиясының бөлімшесін ашқан шоң тұлға. 1933 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған.

Сондай-ақ суретте аттары атал­ған се­мейлік зиялылар Мән­нан Тұрған­баев туралы айтар болсақ, жергілікті қалам­­гер Мұрат Кенемолдиннің ««Ғалия» мед­ресесінің семейлік шәкірттері» атты мақаласында: «Мәннан Тұрғанбаев 1886 жылы туған. 1910 жылы «Ғалия» мед­ресесіне оқуға түсіп, оны 1915 жылы бі­тіріп шығады. Одан кейін Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қа­зақ» газетіне шақырылып жұ­мыс істеген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен бір­ге Түркияға са­парлап қайтқан көрнекті Алаш арысы» деп жазыпты. Жарық­тық, 1937 жылы 20 тамызда ату жаза­сына үкім етілген екен.