22 Ақпан, 2017

Сенемін, сенбеймін

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан бір-екі жыл бұрын отан­дық телеарналардың бірінен арабтар түсірген «Сұлтан Бейбарыс» (2005 жыл) атты 28 бөлімді теле­хи­­каяны көрсетті. Телехикая қан­ша жерден жақсы шықса да, он­дағы бас кейіпкерді бәрібір Нұр­мұ­хан Жантөриннің Сұлтан Бей­ба­ры­сындай қабылдай алмадық. Бұ­дан кейін де талай фильмдер, те­­л­е­­хикаялар дүниеге келе жатар, бі­­рақ Сұлтан Бейбарыс дегенде са­на­­­мызда алдымен міндетті түр­де Жан­­­төрин сомдаған Бейбарыс бей­не­­с­­інің жаңғырып тұратыны анық. Жан­төриннің Бейбарысы – сөзсіз ак­­тердің маңдайына жазылған шы­ғар­машылық бақыт еді. Қазақ киноэкраны Сұлтан Бей­барыстан да өзге тарихи тұлғалар туралы біраз дүниелерді ұсынды. Бірақ олардың барлығы сәтті шыға қоймады: кейбірін қабылдадық, кейбіріне сын көзбен қарадық, ал енді қайсібір дүниелердің бояуы күткендегімізден әлдеқайда солғын, әлсіз шыққандықтан бір көруден бағы аса алмай жатты. Осы тұста тарихи тұлғаның бейнесін экранға алып шығудың жауапкершілігі соншалықты күрделі әрі екінің бірінің маң­дайына жазыла бермейтіні белгілі бо­лып қалды. Неліктен араб елі түсірген Бей­ба­рыс­ты тұшына қабылдай алмадық? Өйткені, оның алдында өзіміз құ­лай сен­ген, батыр баба бейнесін жадымыз­да жаңғыртқан Бейбарыс бар болатын. Біздің сенімімізді сол Бейбарыс әл­де­қашан иеленіп қойған. Одан кейін­гі­леріне сене қою да қиындау еді. Өнер­дің құдіреті сол ғой – илану, сендіру. Әсі­ресе, тарихи тұлғаның экрандық бей­­несі дегенде мәселе осы «сенемін-сен­­­беймінге» келіп тіреледі. Ал, ол «се­­немін-сенбеймін» ең алдымен, актер­дің түр-тұлғасымен, тұлғалық бол­мысы­мен байланысты. Сондықтан, та­рихи кейіпкерлерді сомдауда ак­тер­лерді таңдау, талас тудырмастай та­бу – фильм немесе телехикаяның сәт­ті шығуының басты кепілі болары даусыз. Фильмнің режиссурасы да, сценарийі де тәп-тәуір болуы мүм­кін, бірақ экрандағы актерге тарихи тұл­ғаға селкеусіз сеніміңіз болмаса, бә­рі бекершілік екені соңғы жылдары тү­сі­ріл­­ген кейбір отандық телехикаялар­дан айқын дәлелденіп жүр. Егер, актері дұ­рыс таңдалмаса, ол өзінің кімді ойнап (немесе сомдап) жүргенін аса сезінбесе, онда көрерменнің сезімін селт еткізуі, яғни қапысыз сендіруі екіталай. Мұндай жағдай туындап жатса, әлбетте, ешқандай грим де, мимика да, сөз де, шебер монтаж да, сәтті опе­ра­торлық жұмыс та, тіпті жақсы дра­ма­тур­гия да көмектесе алмайды. Бұл әри­не, тек актердің дарынсыздығы деген сөз емес. Керісінше, ол өте дарынды бо­луы мүмкін және басқа тақырыптар мен жанрларда түсірілген картиналар­да мінсіз өнер көрсетіп жүрген актер болуы да ғажап емес. Осы тұста ак­тер­ді дұрыс таңдау ең алдымен, фи­льм немесе телехикая авторларының жау­апкершілігі мен талапшылдығына бай­ланысты деуіміз керек. Алдымен ак­­тер сомдайтын кейіпкеріне өздері нық сенбей түк өнбейді. Ал егер кө­рер­меннің көңіліне сенім ұялата алмай­тын тарихи тұлға бейнесіне өздері көз­сіз ила­нып жатса, онда ол авторлар тақ­ы­­ры­пты, жалпы тарихи кейіпкердің бол­­мысын, тұлғалық қасиетін аса сез­ін­беген болып шығады. Сондықтан аса жауапкершілік пен талапшылдық ең алдымен, сценарий авторы мен ре­жис­сердің өздерінен басталуы тиіс. Өкінішке қарай, біздің кейбір теле­хи­каяларымыздағы тарихи тұлғалар көп жағдайда мелодраманың неме­се драмалық оқиғалардың басты кей­іп­­керіне айналып кете барады. Он­да­ғы кейіпкердің есімін қалай деп өз­гертсе де, аса ештеңе біліне қой­май­­ды. Өйткені, ол жерде тұлғаның өмі­рін, киноның сюжетін тартымды де­тальдар мен әсіре әсерлермен әрлей алмайсыз. Мұндай батыл қадамдарға баруға тәжірибелі режиссерлердің өзі жүрексінеді. Сол себепті көбі көр­кем туындыны тұшымды ету әре­кет­те­рін жанама персонаждар арқылы жү­зеге асырып жатады. Ал таза тарихи дерекке ғана құрылған фильмде тұл­ғаның сыртқы бет-пішініне қоса іс-әрекетінде, қимыл-қозғалысында дәл­дік, ұқсастық болғанмен, бірақ кейіп­кер­ге тап Бейбарысқа сенгендей илана қоймайсыз. Шынын айтқанда, соңғы төрт-бес жыл бедерінде экранға шыққан та­рихи-биографиялық жанрдағы телехикаялардан өмірде болған, халыққа ете­не таныс ірі тұлғалардың бейнесін на­нымды, шынайы шеберлікпен ойнай­тын, көңілге сендіре сіңдіретін ак­терлердің әлі де болса елімізде некен-сая­қ­тығы, тіпті жоқтың қасы екені білініп қалды. Болған күннің өзінде, мұндай аса маңызды тақырыптар мен кей­іп­керлерді сомдауға дайындық пен жауапкершіліктің тым жетпейтіні кө­рініп жүр. Асығыстық байқалады. Сон­дық­тан, тарихи тұлға туралы экрандық дү­ниені түсіру ғашықтар туралы мело­драма, драма немесе шытырман оқи­ға­лы детектив түсіру емес екенін авторлар да, ондағы ойнайтын актерлер де ұмытпаса екен деген тілек бар. Ендігі жерде саннан сапаға көшетін уақыт жеткен секілді...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,

кинотанушы, өнертану кандидаты