Үкімет • 24 Сәуір, 2017

Ел абыройын асыратын көрме

220 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік барысы және Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған алқалы жиын өтті.

Ел абыройын асыратын көрме

Кеңес басталмас бұрын Елбасы көрме қалашығын аралап, салынып жатқан нысандарды көріп шыққан болатын. Үкімет басшысы мен министрлер, Астана қаласының әкімі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, басқа да тиісті органдардың басшылары қатысқан жиынды ашқан Мемлекет басшысы халықаралық көрменің еліміз бен халқымыз үшін аса зор маңызға ие екендігін атап өтті. Шетелдік меймандар мен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристерді лайықты күтіп алып, оларға дұрыс жағдай туғызу үшін жан-жақты дайындалу керектігін айтты.

– Біз бүгінгі жиынды елімізде өтетін аса маңызды шара − ЭКСПО-2017 көр­месіне 50 күн қалғанда өткізгелі отыр­мыз. Тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тіктерімізді айтып өтетін болсақ, соның ең үлкені халықаралық деңгейдегі көрмені өткізу мүмкіндігін жеңіп алғаны­мыз. ЭКСПО-2017 – халқымыздың, Қазақстанның дәрежесін әлем алдында тағы бір сатыға көтеруі керек. ТМД мен Шығыс елдерінің ішінде біздің еліміз бұл шараны бірінші болып өткізеді. Оны абыроймен атқару халыққа да, мемлекетке де, Үкіметке де үлкен сын. Көрмеге 115 мемлекет, 21 халықаралық ұйым қатысады, 2,5 миллионға жуық турист келеді деп күтілуде. ЭКСПО-ның ашылуына 48 күн қалды. Қазір дайындық жұмыстарының соңғы кезіндеміз, көп жұмыс атқарылды. Қалған уақыттың тығыздығын ескерсек, істелетін жұмыс әлі де көп. Бұл − бірінші. Екіншіден, қала ЭКСПО-ның ашылуына дайын болуы керек. Миллиондаған адамды қабылдау, олардың барлығына қажетті жағдайды жасау, жататын, тамақтанатын, емделетін жері, жүретін көлік жолдарын қамтамасыз ету қаланың мойнында болады. Мен жаңа ғана салынып жатқан нысандарды көріп келдім. Дайындық жоғары деңгейде, құрылыс жақын арада аяқталғалы тұр. Нысандарды абаттандыру, толықтыру жұмыстары жүруде. Көрме өткізуді лайықты ұйымдастыру әлемдік қоғам­дастыққа тәуелсіз Қазақстанның жетіс­тіктерін көрсетеді, – деді Елбасы.

Осы жиында талқыланған екі мәселенің бірі халықаралық көрмеге дайындық барысы болса, екінші мәселе елорданың дамуының жай-күйі екенін жоғарыда айтып өткенбіз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ел экономикасындағы Астананың үлесі 12%-ға дейін көтеріліпті. Яғни, Қазақстан тағы бір қалаға – өзіне салынған қаражатты мемлекет қазынасына қайтара бастаған қалталы қалаға айналып, үлкен активпен байыды деуге негіз бар.

– Бүгінгі таңда шаһар экономи­касындағы шағын және орта бизнестің үлесі 46%-ды құрайды. Бұл − елдің өзге аймақтары арасындағы ең жоғары деңгей. Астана миллионер қалаға айналды. Өткен жылы ел аумағында 10,8 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, соның 2,3 миллион шаршы метрі немесе 20%-дан астамы Астанаға тиесілі. Қала маңызды әрі жаһандық шаралар мен кездесулерді ұйымдастыратын дәстүрлі орынға айналды, – деді Президент.


Қаланың иығында қыруар жұмыс бар

Жиын барысында Астана әкімі Ә.Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйлеп, халықаралық көрмеге әзірлік барысын баяндады. Олардың баяндамасында құрылыс нысандары, көлік қатынасы, көрмеге келген шетелдік және отандық туристерді орналастыру, тамақтандыру, қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету сынды маңызды мәсе­ле­лер қамтылды. Халықаралық көр­менің «Болашақтың энергиясы» деген тақы­рыбына сай, оның мазмұнын байыту жұмыстары да ортаға салынды.

Елордада жаңа әуежай терминалы мен темір жол вокзалы салынып жатқаны белгілі. Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл екі нысан халықаралық көрмеге дейін салынып бітіп, уақытында пайдалануға беріледі.

– Екі нысан уақтылы пайдалануға беріледі. Инвестициялар және даму министрлігі барлық қажетті қосымша пойыздарды, әуе рейстерін пысықтады. Үкіметтің қолдауымен автобустар сатып алынды. Халықаралық делегациялар үшін 110 автобус бөлдік. 167 автобусты шаттл-бастың 7 бағдарына жібереміз, яғни бұл арнайы экспрестер меймандарды ЭКСПО аумағына тасымалдайды. Сонымен қатар, «Астана такси» қызметі құрылды, – деді Әсет Исекешев.

Әкімнің айтуынша, ЭКСПО қала­шығы аумағына келетін көліктер авто­­тұрақтармен қамтамасыз етіледі. Қауіп­сіздік жағы да толық ойласты­рыл­ған. Халыққа медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақ­тау министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар жасалған. Көр­ме кезінде ЭКСПО аумағында 7 ме­ди­цина­лық пункт, қала аумағында 13 меди­­ци­налық мекеме үздіксіз жұмыс істейтін болады.

44 мемлекеттің адамдары билет алған

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Ахметжан Есімов көр­меге дайындық барысы туралы баян­дама жасады. Оның айтуынша, қазір ЭКСПО қалашығындағы 20 нысанның 18-і толық аяқталған. Қалған екі нысан – Конгресс-орталық пен қонақүйдің құрылысы да көп ұзамай аяқталуы тиіс.

– Конгресс-орталық Сіздің тапсыр­маңызбен қайта жобаланды, қонақүй де берген ескертулеріңіз бойынша өзгер­тілді. Сонымен қатар, құрылысқа инвес­торлар тартылып, нәтижесін­де оның құны 20 млрд теңгеге кеміді. Инвесторлардың салған қаражатын ескерсек, мемлекеттік бюджет қаржы­сының шығыны 30 млрд теңге­ге дейін қысқарады. Бұл екі нысан­ның құрылысы мамыр айының соңында аяқталуы тиіс. Шет ел президенттерін осы жерде қарсы аламыз, ЭКСПО-ның ашылуы осында өтеді, − деді ол.

Ахметжан Есімовтің айтуынша, көрмеге қатысатын 115 мемлекеттің 110-ы өздеріне тиесілі павильондарды алған, 90 ел павилонды безендіруді бас­тап кетіпті. Қатысушыларға қызмет көр­сететін, «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық ашылған.

– Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам аккредиттеуден өтті. 500 БАҚ өкіліне арналған баспасөз орталығы құрылды. Көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы да бар. Қазіргі таңда 930 мың билет сатылды. Билеттерді өз елімізден бөлек, 44 шет мемлекеттің адамдары сатып алды, – деді А.Есімов.


Цифрлы технологияларды енгізу қажет

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев баяндамаларды тыңдап, тиісті тапсырмалар жүктеді. Көрмеге әзірлік барысына қатысты қала тарапынан жіберілген кемшіліктерді де тізбелеп өтті.

– Қаланы басқарудың барлық сала­сын­да қазіргі заманғы цифрлы тех­но­логияларды енгізу қажет. Үкімет Ас­та­наны цифрлы технологиялар ен­гізі­летін негізгі алаңға айналдыруы керек. Менің тапсырмам бойынша, ЭКСПО аумағында IT-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылатын болады, – деген Елбасы шаһарды Дубай, Гонконг, Сингапур қалаларының үлгі­сімен дамытуды және онда Еуразия кеңіс­тігі ауқымындағы қаржылық және іскер­лік хаб құруды тапсырды.

– Бүгінде Астанада шетелдік 2700 компания жұмыс істейді. Олар қала экономикасына 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Дегенмен, бұл ретте қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Астана арнайы экономикалық аймағының әлеуеті жет­кіліксіз пайдаланылуда. Елорданы одан әрі дамыту барысында урбанизация үр­дісін ескеруге тиіспіз. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны тағы 1 миллион адамға өсуі мүмкін. Бұл қала алдына үнемі жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ел-жұртты еңбекпен қамтамасыз ету міндетін қояды, – деді Президент.

Елбасы тұрғын үй секторын дамыту жайына арнайы тоқталып, Үкіметке мемлекеттік тұрғын үй қорынан бас­пана алу үшін кезекте тұрғандардың мәселесімен айналысуды тапсырды. Жыл сайын жалпы көлемі кем дегенде 2 миллион шаршы метр болатын тұрғын үйлерді пайдалануға беріп отыру қажет екендігін айтты. Орталық аудандарды ескірген үйлерден тазарту қажеттігін жеткізген Н.Назарбаев Астана әкіміне елорда құрылысын ықшамдап салу жөнін­де ұсыныс енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Прези­денті тұрғын үйді жалға беру жөнінен «көлең­келі» нарықтың белең алып отырғанына, үлескерлер проблемаларына тоқтал­ды, зама­науи көлік инфра­құры­лы­­­мын ұйым­дастыру қажеттігіне назар аударды.

– Туристік орталыққа айналу үшін Астананың әлеуеті жеткілікті. Үкі­мет­ке әкімдермен бірлесіп, елорда ту­риз­мін дамыту жөнінде шаралар қа­­был­дауды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жұ­мысының кемшін тұстарын да тізбелеп өтті. Елбасы айтып өткендей, қала­да салынған көкөніс қоймасы, ком­муналдық базар, сауда павильондары желісі әлі де толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, сегіз көкөніс қой­масы­ның екеуі жұмыс істемейді, ал қал­ған­дарының төрттен бір бөлігі ғана тол­ты­рылған. Өткен екі жыл ішінде ғана Астанаға құны 42 млрд теңгеден асатын қаражатқа импорттық азық-түлік әке­лінген. Олардың көбісі – өзіміз өнді­ре алатын өнім. Мұның бәрі, түптеп келгенде, Астана төңірегінде азық-түлік бел­деуін дамыту жөніндегі жұмыстың сәт­сіз болғанын білдіреді.

Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қаланың дайын­дық барысына қатысты Ұлттық ком­пания мен Үкімет алдындағы міндет­терді айқындап берді.

– Нысандардың көпшілігінің құры­лысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сонымен бірге, Конгресс-орта­лық пен мейрамхананың құрылыс жұмыс­тары әлі де жалғасуда. Олардың уақ­ты­лы тапсырылуын қамтамасыз ету керек. Қонақтар алғаш әуежай мен вокзалға келген сәттен бастап-ақ көр­генін көңілге түйе бастайды. Барлық инфрақұрылым толық дайын болуы керек. Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының да әуежайлары резерв ретінде қонақтарды күтіп алуға дайын болсын, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, кеңес барысында көрме өтетін күндері мәдени-көпшілік іс-шара­лар ұйымдастыру, ақпараттық жұ­мыс, Астана қонақтары мен тұрғын­дары­ның қауіпсіздігі, қонақтарды қарсы алуға волонтерлерді дайындау сынды мәселелер де қамтылды.

– Енді көрмені мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне келейік. Қатысу­шы елдер экспозиция жобаларын әлі бекітіп болған жоқ. Барлық шетелдік қатысушылардың өз павильондарын мазмұндық жағынан толтыру үдерісін тездетуді «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясы мен Сыртқы істер ми­нистр­лігіне тапсырамын. Қазақ­стан­ның павильонына да ерекше назар аударылады. Оған отандық 28 әзірлеме, соның ішінде жоғары оқу орындарының жобалары іріктелініп алынды. Біздің экспонаттар халықаралық экспонаттардан кем түспеуге тиіс, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы айтып өткендей, бас қаланың ғана емес, елдің мәртебесін арттыратын ауқымды шараның ашылуына 48 күн қалды. Президент Үкі­мет­ке, Астана әкімдігіне, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына осы уақыт аралығында атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар