Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Трюк орындаған тарландар

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде ашылған Экспозициялық залда бір сурет біздің көзімізге оттай басылғаны. Фото жақтауына «Рекордтық трюк. Қос аттың астынан өту. О.Джаманаков. О.Курманбаев. Москва. 1980 жыл» деп жазылған. Фото авторы көрсетілмеген.

Трюк орындаған тарландар

Трюк – қателікті кешірмейтін ерекше қауіпті өнер. Қазақ циркі­нің әр­тістері қырық жыл бұрын кезінде әлемнің ешбір циркі қай­та­лай алмаған «Қос аттың астынан өту» дейтін рекордтық трюкті жа­са­ғанын қазір көрермендердің көбі ұмытып та қалғаны сөзсіз. 

Сол фотоның қасына барып, бі­раз­ға дейін толқып тұрып қал­дым. Ма­нежде жүйткіген қос жүй­рік­тің астынан көз ілеспес жыл­дам­дықпен сауырынан суырылып шы­ғып келе жатқан қазақ жігіті кім еді? Аттың құлағында ойнап келе жатқан шабандоз кім?

Бұл сұрақтың жауабын білсе, 1976-1987 жылдары Мәдениет ми­ни­стрі болған Жексембек Еркімбеков аға­мыз білетін шығар деп, ол кісіні су­реттің жанына алып келдім.

– Жексембек аға, мына жігіт­тер­ді білуші ме едіңіз? Бұлар қазір қайда? Есімдері кім?

– Анау аттың үстіндегі жігіт мен. Аттың сауырынан шығып келе жат­қан Орынбасар Құрманбаев, –деді су­ретке мұңдана қарап тұрған егде аза­мат.

Кепка киген, бурыл мұртты, ег­де тар­тқан қазаққа Жексембек аға екеу­міз де жалт бұрылдық.

Аяқ астынан өзі табылған адам – Омархан Жаманақов болып шықты. Ал аттың астынан суырылып шығып келе жатқан шабандоз Орынбасар Құрманбаев екен.

– Сонау 1968 жылы цирк студия­сына түскен бізді Саратов ци­ркіне екі жылға оқуға жіберді. Сол жерде қазақ жігіттерін аттармен жасалынатын нө­мірлерге баулыды. «Джигитовка», «Та­бунчики-джигиты» дейтін трюктерге машықтандық. Кейін келе-келе бір жылдың ішінде екі аттың астынан өтуді үйрендік. Қос атты мүлтіксіз қа­тар, аяқтарын бірдей алдыру оңай­лықпен келген жоқ. Бұл шамасы 1974-1975 жылдар. Бұл нөмірмен Ке­ңес Одағының біраз республика­ла­рын гастрольмен араладық. Қос аттың атынан өту трюгін жасау өзіміздің идеямыз болса да, бізге Қадырхан Бөрі­беков жетекшілік жасады, – дейді Омархан аға.

– Бұл трюкті ешбір елдің циркінен қай­тып кездестірмедім. Ойларына да келмеген шығар деп ойлаймын. Осы нөмір Гиннестің рекордтар кітабына енуі керек еді. Бірақ Кеңес Одағы кезінде бізді шет елге шығарған жоқ. Сондықтан, рекордтар кітабына енбей қала бердік, – дейді байырғы шабандоз.

Бұл нөмірмен Омархан Жа­ма­нақов пен Орынбасар Құрман­баев 90-жылдарға дейін өнер көрсеткен. Содан кейін Кеңес Ода­ғы ыдырап, біраз уақыт өнер жетім қа­ла­ды. Ал Қазақ циркінің мықты май­тал­ман­да­ры шет елдерге кетуге мәж­бүр бол­­ған.

Әлемнің талай елінде өнер көр­сет­­кен Омархан ағамыз 2008 жылы ел­­ге оралыпты. Ал Орынбасар Құр­ма­н­­баев әлі де отбасымен АҚШ-та тұрады.

– Америкаға 1992 жылы кет­тім. Көптеген мемлекеттердің ци­рктерімен келісімшартқа отырып, бүкіл Еуропаны араладық. Күш-қуатымыз бар кезде өнер көрсеттім. Кейін жастарды шабандоз болуға баулыдым. Қазір зейнеттемін. Осы өнердің жолында көп зақым алдық. Енді денсаулықты күйттеп отырған жай бар, – деп әңгімесін аяқтады бір кездері аттың құлағында ойна­ған қазақ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар