Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Бауырлас ел Қазақстанмен байланысқа басымдық береді

229 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың шақыртуымен 18-19 сәуір күндері Астанаға мемлекеттік сапармен Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов келіп кетті. Бұл Түрікменстан басшысының елде ақпан айында өткен президенттік сайлаудан кейінгі шетелге алғашқы сапарларының бірі.

Бауырлас ел Қазақстанмен байланысқа басымдық береді

Біріншіден, мұндай дипломатиялық қадам тарихи тамыры, мәдениеті, тілі мен діні бір, бауырлас, көршілес елдерді жақындастыра түсері анық. Екіншіден, аталған сапар барысында Қазақстан мен Түрікменстан арасында стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылуы екіжақты серіктестікке бағытталған қарым-қатынастардың жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Үшіншіден, Ауғанстан сияқты күрделі ішкі мәселелері бар мемлекетпен шекаралас Түрікменстанмен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа аймақ елдерінің ішінде алғашқы болып қол қойылуы Астана мен Ашғабад арасында өзара сенімнің артқанын айғақтайды. Сондай-ақ, бұл аймақтық және мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды шешім еді. Төртіншіден, түркімен халқының қорғау­шысы – «Аркадағ» (арқа сүйер тау) мәр­те­бесіне ие Бердымұхамедовтің президент болып жаңадан сайланғаннан кейінгі  ал­ғашқы сапарларының бірін Астанаға жа­сауы түркі әлемінде жетекші рөлге ұм­тылған Қазақстанның аймақтағы саяси салмағын көрсетсе керек. Бесіншіден, Түрікменстан басшылығы елімізге энергетика, көлік-транзит, инвестиция, Каспий теңізінің мәртебесі, Ауғанстан түйткілі, аймақтық ықпалдастық сияқты нақты мәселелер бойынша пікір алмасып, ортақ әрекет етудің мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында да келді. Алтыншыдан, Ас­танада Бердымұхамедовтің қазақ тілінде жарық көрген үш кітабының тұсау­ке­серін жасауы түрікмен тарапының осы жолғы са­парға жақсылап дайындалып келгенін білдіреді.

Қысқасы, Астанадағы екіжақты кездесу барысында Бердымұхамедовтің өз сөзімен айтқанда, «тек экономикалық мә­селелер ғана емес», сонымен қатар,  екі ел және аймақ үшін өте өзекті саяси жә­не күр­делі халықаралық тақырыптар тал­қы­ланғаны рас. Бұл өз кезегінде  Қазақстан мен Түрікменстанның саяси қарым-қа­тынастарын да жаңа стратегиялық бел­еске шығарып, аймақаралық және ше­к-

а­ра­лық байланыстардың дамуы сияқты кейбір түйткілдердің оң шешілуіне серпін береді. Бұдан бөлек, екі ел арасында осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған статистикалық ақпараттармен алмасу ту­ра­лы келісімге қоса, аталған сапар бары­сында құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісімге қол қойылуы ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды қадам болды.      

Орталық Азия тұрғысынан алсақ, осы сапардан шамамен бір ай бұрын алдымен Ашғабадқа, кейін Астанаға Өзбекстан президенті Ш.Мирзиеевтің келіп кеткені де ескерілуі тиіс. Шетелдің E-daily сарап­та­малық порталында Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан үштігінің құрылуы мүм­кіндігі туралы жазылыпты. Қалай болғанда да, бұған дейін ұстамды саясат жүргізіп келген қос іргелес елмен байланыс-

тарды нығайту Астананың стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Үш мемлекет аймақтың экономикалық және энер­ге­тикалық көшбасшылары екені рас. Сон­дық­тан, бұл үштік түрлі бағыттарда ортақ көлік-логистикалық, энергетикалық жобаларды дамытуға мүдделілік танытып қана қоймай, жүзеге де асыра алар еді.      

Қазақстан мен Түрікменстанның ха­лық­аралық транзит-көлік саласында ортақ мүдде мен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндігі зор. Қос мемлекет жылдар бойы жетілдіріп келген энергетикалық, көліктік және транзиттік стратегияларының синергиясын пайдалана алады. Орталық Азияның бірлескен көліктік картасын қалыптастыру және экономикалық тиімділік тұрғысынан екі елдің осы бағыттағы саясаты бір-бірін толықтыра алады.    

Түрікменстан – еліміз және аймағымыз үшін Таяу Шығыс нарықтарына шығатын транзит дәлізі қызметін атқарады. Астана мен Ашғабад аймақтық ықпалдастық саласында Қазақстан – Түрікменстан − Иран темір жолын бірге салып, Орталық Азия  елдерінің Таяу Шығыс нарықтарына шығуының негізін қаласа, Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан − Қытай таби­ғи газ құбыры арқылы да Қытаймен бай­ла­ныс­тардың дамуына қомақты үлес қосып отыр. Сонымен қатар,  Түрікменстан Ресей нарықтарына Қазақстан жері арқылы шыға алады.

Осы орайда, Г.Бердымұхамедов Түрікменстан мен Қазақстанның кө­лік са­ла­сындағы ынтымақтастығы Орта­лық Азия елдерін қоса алғанда, Сол­түстік − Оң­түстік, Шығыс − Батыс бағыт­та­рын­да­­ғы экономикалық интеграция мен серіктестіктің маңызды факторы екенін мә­­лімдеді.

Г.Бердымұхамедовтің ойынша, Еу­ра­зиялық жолдардың түйісу нүк­те­­сінде ор­­наласқан Түрікменстан мен Қазақстан кө­лік саласында ынтымақтасып, жа­ңа кө­­лік-транзиттік дәліздерді дамытуға қа­­­­тысуы қажет. Түрікмен тарапы елде көп­­­те­ген ірі жобалардың салынып жат­қа­­нын, әсі­ресе,  бизнес саласындағы сол жо­баларға қа­зақстандық компаниялар­дың белсене қа­тыс­қанын қалайтынын жет­кізді.  

Түрікменстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында энергетика жә­не көлік салаларында тиісті қарарлар қабыл­данғанын ескеру керек. Жуырда Тү­рікменстан президентінің Қатарға мем­лекеттік сапармен баруы Ашғабадтың ха­­­лықаралық энергетикалық саясаттағы ірі ойыншылармен байланысын жетілдіру мақ­­сатын білдіреді.

Г.Бердымұхамедов осы жылы Қазақ­стан­да өтеді деп жоспарланған Кас­пий елдері саммитінде Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесі туралы конвенцияға қол қой­ылатынына сенім білдірді. Қазақстан мен Тү­рікменстан Каспий теңізінің бейбітшілік пен серіктестік аймағы болуы қажеттігін ай­тып келеді. Келіссөздерде екі тараптың ұс­танымдары бір-біріне жақындай түсіп, әсі­ресе, Каспийдің экология, биосфера мен флора мәселелеріне көңіл бөлінетін бол­ды. Каспий теңізі бойынша екі ел арасында жаңа теңіз бағыттарын ашу жөнінде жұмыстар жүргізіледі.  

Түрікменстанның Арал және тран­с­шекаралық өзендер мәселесіне мән бе­руі бұл елдің аймақтық үдерістерге белсе­не атсалысатынынан хабар береді. Та­рап­тар Халықаралық Аралды құтқару қо­рының жұмысын одан әрі жандандыра тү­суге де уағдаласты. Арал мәселесінің түп­­кілікті  шешілуіне Түрікменстан мен Өзбекстанның атсалысқаны өте маңызды бет­­бұрыс болар еді.          

Түрікмен тарапы Ауғанстан мә­се­ле­сінің реттелуі үшін БҰҰ институтта­ры және халықаралық ұйымдардың қатысуымен тиімді саяси-дипломатиялық те­тік­терді іске қосу керектігін айтып отыр. Ашғабадтың ойынша, соңғы кездерде Ауғанстандағы ахуал біршама жақсарғанға ұқсайды. Осы мәселеде Түрікменстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекет – Қазақстанның қолдауына сенім білдіреді. Екіжақты кездесуде Ауғанстан мәселесінің күн тәртібіне шығарылып, ашық талқылана бастауы Ашғабадтың ұстанымында кейбір өз­герістердің болғанын көрсететіндей. Оның үстіне, Ашғабад TAPI газ құбыры жоба­сын және Түрікменстан – Ауғанстан −Тә­жікстан темір жолы сияқты жобаларды жү­зеге асыруды көздейді.

Қысқасы, Түрікменстан тарапы осы жолы Қазақстанмен халықаралық алаң­да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Бұл, біріншіден, еліміздің дипло­ма­тиялық саладағы жетістіктерінің көрші мем­лекеттер тарапынан мойындал­ға­ны­ның белгісі болса, екінші жағынан, Түрік­менстанның аймақтық саясатындағы соңғы өзгерістерден хабар береді.    

Түрікменстан президенті 2016 жыл­дың соңында жергілікті бұқаралық ақ­па­рат құралдарының жұмысына көңілі толмайтынын, халықаралық аренада елді таныстыру шараларының баяу жүріп жат­қанын айтқан еді. Одан кейін елдің ақ­парат агенттіктерінің халықаралық байланыстары біршама дами түсті. Соның бір көрінісі болар, өткен сапар аясында Түрікменстанның «TDH» мемлекеттік ақпарат агенттігі мен «ҚазАқпарат» ха­лықаралық ақпарат агенттігі арасында меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты − аймақтық интеграция негізінде екі елді ақпаратпен алмасу арқылы жа­қындастыру. Түрікменстан тарапы мұны ел­дің ақпарат саласындағы халықаралық байланыстарын кеңейту және имидждік ст­ратегия тұрғысынан жылы қабылдады.  Бұл түркі әлемінің ақпарат кеңістігін қалыптастыру бағытындағы  маңызды жетістік болды.  

Жалпы, Астанадағы қазақ-түрікмен келіссөздері саяси үнқатысудың әрі  қарай дамуына серпін беріп, мемлекетаралық қатынастардың нығая түсуіне жол ашатыны күмәнсіз. Ал, екіжақты қатынастарды дамытудың ең тиімді жолдарының бірі аймақта жаңадан қалыптасып келе жатқан ынтымақтастық жөніндегі бастамаларды қолдау болып табылады. Бұл жаңа қатынастардың негізін мемлекеттердің және аймақтың стратегиялық мүдделері, жаһандық мәселелерге ұқсас көзқарастың болуы, өзара құрмет, ашықтық пен сенім, ортақ рухани құндылықтар құрамақ.


Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

саясаттанушы 

Соңғы жаңалықтар