Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Тұрақтылық – тұғырымыз

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ең асыл қазыналарымыздың бірі – ел тыныштығы. Тәуелсіз­дігіміздің ширек ғасыр бедерінде бұл салада жинақталған тәжірибе мол. Соның жарқын бір үлгісі Қызылжар өңірін мекендейтін жүзден астам этнос өкілдерінің «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тату-тәтті жарасымды өмірі дер едік. Маңайына этномәдени бірлестіктерді топтастырып, жұртшылықты бүгіннен де нұрлы кемел болашақ құруға жұмылдырып келе жатқан Достық үйін тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы, киелі бесігі десе де болады. Біз толеранттылықты, ауызбірлікті баға жетпес басты байлығымызға балап, оған өз үлестерін қосып жүрген адамдарды сөзге тартқан едік.

Тұрақтылық – тұғырымыз

Наиль САЛИМОВ, 

Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық Қазақ­стан халқы Ас­сам­блеясы хатшы­лығының меңгерушісі:

– Елбасының тікелей бас­тама­шы­лығымен құрылған Қазақстан халқы Ас­самблеясы аясында жұмыс істейтін дос­тық үйлері тәуелсіздігімізге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Егемендігіміздің елең-алаң шағынан бері түрлі саяси-мәдени шараларға белсене араласып, қоғам тұрақтылығын сақтауды, татулықты, бірлікті дәріптеуді, қазақ халқы мен өзге де этностардың салт-дәс­түрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін, тілін насихат­тау­ды басты мұрат тұтады. Осыдан жиырма жыл бұрын этномәдени орта­лықтардың саны бесеу ғана болса, бүгінде Достық үйінде – 13, аудандарда 106 құрылым жұмыс істейді.

Президент «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңару» бағдар­ламалық ма­қа­ласында туған жерді айрықша қас­терлеу, өркендетуге үлес қосу шынайы патриотизмнің маңызды бөлігі екенін ерекше атап көрсетті. Осыған орай «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағдарламалары ұсынылып, Туған елге – Қазақ­станға деген пат­риоттық сезімді қалып­тастыруға ша­қырды. Бұл тұрғыдан сөз қоз­ғайтын бол­сақ, достық үйлері тарапынан атқарылып жатқан ша­ралар қызықтылығымен, маз­мұн­дылығымен ерекшеле­неді. Олар ұйымдастыратын шараларға жастар үлкен ынта жігермен қатысып жүр. Мек­тептер жанынан этноклубтар ашылып, белсенді өкілдер тартылды. Колледждер жанынан құрылған «Бейбітшілік және келісім» орталықтары да өміршеңдігін танытты. Үлкен Ел – Үлкен отбасы», «Ұлы Дала елі – Тәу­елсіздіктің 25 негізі» бүкілхалықтық ак­циялар барысында үш жүзден астам игі­лікті шаралар атқарылып, бірлік пен ын­тымақтастың өнегелі үрдістері ке­ңінен түсіндірілді.

Ләззат ЖАЛМҰҚАНОВА,

№17 ұлттық өркендеу-мектеп кешенінің директоры:

– Жаһандану үрдісі ерекше белең алып, түсініксіз құбылыстар көбейген тұста өскелең ұрпақ бойына Мемлекет басшысы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» қағидаттарын ұялату өте ма­­ңызды. Жуыр­да баспасөзде жарияланып, жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырған мақалада бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуы салдарынан туындайтын көкейкесті жайттар ашық айтылып, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеу жайына баса назар аударылды. Осыдан ширек ғасыр бұрын шаңырақ көтерген білім ұясында тоғыз этностық бөлім жұмыс істеп, екі жүзге жуық бала білім алады. Олардың арасында ана тілін еркін меңгеріп, төл мәдениетімен жете танысқысы келетіндер қатары көп. «Қазақстан – ортақ үйіміз», тағы басқа тақырыптар шеңберінде отаншылдыққа тәрбиелеу тағылымдары үзбей насихатталады. Бұл мәселелер оқу бағдарламасында да жан-жақты қамтылған.

«Қайырымдылық керуені», «Жақ­сылық жаса!», «Шын жү­ректен» акция­ларынан жинал­ған 4,5 миллион теңге сырқат балалардың мұқтажына жұм­салды. Достық үйлерінің Аналар кеңе­сімен бірлесіп өткізген шаралары да қолдауға тұрарлық. Мәселен, «Ақ орамал» акциясына 6500 адам қатысып, 14 елді мекен қамтылды.

Рашбиль ЕВДАЕВ,

«Еврей мәдениеті» облыс­тық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

– Достық үйлерінің этнос­аралық келісімді нығайтудағы рөлі өлшеусіз екенін күнде­лікті жұмыс тәжірибесінен ай­қын байқаймыз. Олардың қабыр­ғаларында өтетін іс-шаралар ешкімді де бей-жай қалдырған емес. «Салт-дәстүр» этномәдени фестивальдары, «Алғыс айту» мерекелері адамдардың бір-біріне деген шынайы құрмет сезімін оятып, одан әрі жақын­дастыра түсті. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін талқылау барысында ел бірлігін, ынты­мағын сақтауға қатысты та­ным­дық ойлар сабақталып, Елбасының ұлт пен ұлыстарды ортақ мақсатқа жетелеудегі жанқиярлық еңбегі ерекше атап көрсетілді.

Біз қайырымдылық акцияларына да қатысып тұрамыз. Тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға бірнеше мәрте қар­жылық көмек көрсетілді.

Отан– қастерлі де қасиетті ұғым. Мен Әзербайжанда тусам да, саналы ғұ­мырым Қа­зақ­­станмен тағдырлас. Аға ұрпақтың жақсы дәсүрлерін жас буын жалғастырсын десек, кез келген елдің қуаты – халқының бірлігінде, түсіністік тіні – бір шаңырақ астында топтасуында екенін жете ұғындыра білген абзал. Бүгінгі күні этностық төзімділік, сабырлылық ауадай қажет. Өзара сыйластық пен сенімге құрылған Қазақстанның таңдауы айқын. Достық үй­лері бірлік қағидасын берік ұстанымға айналдырған. Ана тілді меңгеру, салт-дәстүрлерді үйрену, мерекелік шараларды ұйымдастыру барысында этномәдени бірлестіктерге үнемі қолдау көрсетіп, ұйытқы болып келеді. Бұдан былай да этносаралық қатынастарды топ­тастырушылық рөлі артпаса, кемімек емес.

Иә, ынтымағы жарасқан елдің бо­лашағы қашанда жарқын. «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады» деп текке айтылмаса керек. Өңірдегі дос­тық үйлері мен олардың белсенді қаты­сушылары да Елба­сы­ның «Тұрақтылық – біздің тату­лығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз» деген сөздерін басты бағдар еткен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы



Соңғы жаңалықтар