Қазақстан • 24 Сәуір, 2017

Бірліктің киелі бесігі

220 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

26 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтеді. Ал Елбасы өзінің жуырда ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», деп негізгі мәселені атап көрсетті.

Бірліктің киелі бесігі

Ұлттық код ұлттың өзімен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатқан құн­дылығы екені белгілі. Ұлтымыздың қа­нына сіңген сон­дай ұлы қасиеттің бірі – дос­тыққа адалдық. Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде де тамырынан ажырамаған, негізі­нен бөлінбеген ел елдіктің қа­дірін ерекше түсінеді. Өткен ғасырдың өзінде-ақ қасіретті, қилы кезеңдерді бастан кешкен халқымыз бүгінгі жарқын заманда да достыққа беріктігін сақтап қалды. Тағдырдың жазуымен қазақ жерін паналап, ұлттың ұлы дәстүрін, салтын бойына сіңірген өзге ұлт өкілдері бүгінде бір шаңырақтың астында тату-тәтті тірлік кешіп келеді. 

Қазақстан халқы Ассам­блея­сы б­ү­гінде бейбітшілік пен келісімнің кие­лі бесігіне айналып отыр. Тұтастық пен тұрақтылықтың құтты ша­ңы­­рағына баланған Ассам­блея «Бірлік. Тұрақтылық. Ж­асампаздық» идеясын ту етіп, тұғырға көтерді. Ел мұ­раты – ежелден қастерлі, қасиетті. «Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жү­ре­гі бір» азаматтар бір идея, бір мақ­сат төңірегінде топтасып, тұрақтылықты насихат­тап ке­леді. Еліміз әлемдік дәрежеде де өзінің бейбітсүйгіш, ынты­мақшыл халық екенін көрсетті.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ал­ғашқы Достық үйін ҚХА-ның он жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Содан бері Достық үйі облыстағы этнос өкілдерін бір ортаға біріктірген кие­лі шаңырақ болып саналады. Ал ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында «Кө­не Тараз» тарихи-мәдени ке­шенінен бой көтерген Достық үйі нысанының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сәулетті ғимаратты салуға мемлекет қа­зы­насынан 1 миллиард 277 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілді.

Бүгінгі таңда облыс ассам­блеясының құрамында 175 қо­ғам­дық келісім ке­ңестері, 27 аналар кеңесі, 12 медиа­ция кабинеті, 12 ақсақалдар ке­ңесі, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының кафедрасы, ғылыми-сарап­тамалық топ, қолөнер шебер­­лерінің клубы және «Ақ желкен» жастар бірлестігі жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұн­­дағы 240 орындық мәжіліс залы, пікірлесуге арналған дөң­гелек үстел алаңы, жүз адамға арналған конференц-зал, ғылы­ми-әдістемелік бөлмелер, хорео­графиялық зал өңірдегі игі шараларды өткізуде, Елбасы саясатын насихаттауда оң нәтиже көрсетіп отыр.

– Аталған құрылымдық ұйым­дар Ас­самблеяның мақ­са­ты мен міндет­те­ріне сәйкес, өз бағыттарына қарай же­­місті жұмыс жүргізуде. Этно­­м­ә­де­ни бірлестіктердің қатысуымен қо­ғамдық тұрақ­тылықты, қазақ­стандық пат­риотизмді қалып­тастыру, этносаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты ілгерілетуге арналған және эт­ностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту мақ­сатында ауқымды істер атқ­а­рылып келеді, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Маржан Қожаева.

Бүгінде облыс халқының этнос­тық құрамын негізінен қазақ, орыс, дүн­ген, түрік, өзбек, күрд, әзербайжан, қыр­ғыз, корей, татар, неміс және украин ұл­тының өкілдері құрайды. Бәрі де Дос­тық үйі шаңырағында тәуелсіз Қазақ­станның өркен­деуіне, дамуына үлес қосып келеді. Бейбітшілік пен келісім ордасының да негізгі мақ­са­ты мен міндеті – ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дар­хан­дығын, кеңпейілдігін дәріп­теу, насихаттау. Бұл тұр­ғыда аталған мекеменің елдік, ұлттық мүдде аясында қалып­тасқан өзіндік қағидасы бар.

Достық үйі көне Тараз шаһа­рындағы сәулетті нысанның бірі. Сондай-ақ, сапалы жұмы­сы­мен де ерекшеленген мәдени-рухани келісім ордасы болып саналады. Еліміздегі әрбір бет­бұрыс, жаңа кезең мекеменің назарынан тыс қалмайды. Мә­селен, Елбасының «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарының 86-қа­дамы бойынша «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жобасы аясында облыстық ҚХА-ның 110-нан астам іс-шара өткізгенін айтуға болады. Шалғай орналасқан және этнос­тар жинақы тұратын елді мекендерде өткізілген іс-шаралармен 55 мыңнан астам халықтың қам­­тылуы да бір­лік пен тұтас­тықтың жарқын үлгісін көрсетеді. Ал Достық үйі Ана­лар кеңесінің бастамасымен бүгінгі таңда өзекті қалың мал, қыздар арасында ерте тұрмыс құру, туыс­тар арасында некелесу мәселелерін реттеу бойынша да нақты жұмыстар жүргізіп ке­леді. Бұл бастама бүгінде өзбек, дүнген, ұйғыр, күрд этностары тарапынан да қолдау тапты.

Ассамблеяның тағы бір айрықша тұсы – тұрмыстық және әлеу­меттік мәселелерге де үн қосуы деуге болады. Мәселен, облыста аталған мә­селе­лерге байланысты түс­кен 246 өті­ніштердің 181-і медиа­тор­лардың араласуымен реттелген. Бұл да бейбітшілік, тұрақ­тылық орнаған қоғамда мазмұнды маңызға ие көрсеткіш. Сондай-ақ, мемлекеттік саясатты насихат­тау­да және жаңа реформа­ларды ха­лыққа түсіндіруде де об­лыстық Ассамблея мүшелері мен құ­рылымдары халық арасында жүзден астам кездесулер өткізді.

Бүгінгі таңда Достық үйі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Халқымыздың болмысында қалыптасқан «Туған жер», «Ұлт», «Мәдениет пен салт-дәс­түр» ұғымдары ерекше қас­терлі. Бірлік пен татулық аясында бұл құндылықтардың да қасиеті арта түсері сөзсіз.

Ынтымақты елдің ырысқа кенелетіні, бірлігі мол елдің бақытқа жол табатыны белгілі. Бүгінгі таңда бірлік пен бейбіт­шіліктің бесігіне айналған мем­ле­­кетіміздің маңызды мін­деті де, ұлы ұстанымы да осы. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», деген сөзі аса маңызды.


Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы



Соңғы жаңалықтар