24 Сәуір, 2017

Хат қоржын (24.04.2017)

96 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (24.04.2017)


Ел сыйлаған ер

Халел Мұқатайұлы кіндік қаны тамған Қарқаралы ауданына әкім болып 2011 жылы келіпті. Тумысынан сөздің емес, істің адамы болғандықтан, қызметіне тағайындалған күннен бастап, жер-жерді аралап, халықтың мұң-мұқтажымен танысып, бірден нақты қадамдар жасауға көшті. Тоқтар Әубәкіров ағамыз салып берген Жарлы ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге биыл 10 миллион теңге бөлдіріп, ауыл жұртын бір қуантып тастады. Ауыл маңайыңдағы су шайып кеткен бөгеттерді жөндеуге ауданнан техника жіберіп, тасқын зардабынан құлап қалған 13 үйді қайта тұрғызуға қолұшын берді. Былтырғы жылы аудан бюджетінен мол қаржы бөлдіріп ауыл көшелерінің ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізді. Ой-шұңқыры көбейіп, қарапайым халықтың қалаға барып тұруына қиындық туғызып келген Жамбыл ауылымен арадағы тас жолға жөндеу жүргізілді.

Қарқаралы сияқты табиғаты көз тартар өлкеге туристерді тарту үшін де жыл сайын бұрын-соңды атқарылмаған жұмыстар жүргізілуде. Демалыс аймақтары көркейтіліп, қала қонақтарына көз қуанышын сыйлауда.

Мұның бәрі Халел Мұқатайұлы атқарып отырған ауқымды шаралардың бір парасы ғана. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас демекші», туған өлкемізді басқарып отырған азаматтың игі істерін елеп-ескеру біздің міндет.


Рахат ЕРМЕКҰЛЫ

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Тоқтар ауылы


«Әсем» «хиттің» құрбанына айналды


Тiлге, сөзге бай қазақ бола тұра сөзiмiздiң соңына әйтеуiр бiр нәрсенi жамап, жасқамасақ жүре алмайтын болдық. Соның салдарынан шетелдiң небiр терминдерi қазақтың көркем сөздерiн басып озды. Телеарналарымыздағы шетелдiк тiркемелер көбейiп кеттi. Мысалы, «маңдайалды», «озық үлгiдегi» және «айтулы» деген сөздерiмiздi белiнен бiр сызып, орнына «бренд» дегендi шегелеп қойдық. Бұл сөздi ендiгi қолданыстан шығару қиын-ау. Себебi, үлкенi де, кiшiсi де, телеарналар да, баспасөз беттерi де осылай сайрауда.

«Құлақтан кiрiп бойды алар, әсем ән мен тәттi күй» деген аталы сөз бар. Осындағы «әсем ән», «тәттi күй» деген сөзден артық қандай әсерлi сөз болуға тиiс. Егер айтылар ән әсем болмаса, тартылар күйiңiз соншалықты бiр тәттi шықпаса, сiздiң құлақтан кiрiп, бойыңызды балқытуы мүмкiн емес. Бiрақ қазiр осы «әсем» деген сөзiмiздi «хит» деген сөз жығып тастағандай. Телеарналар мен баспасөздердiң осы бiр түрпiдей тиетiн сүреңсiз сөздi жиi қолдануы да өкiнiштi.

Өркениеттiлiк жақсы, бiрақ оған өз тiлiмiздi құрбан етiп бармауы­мыз керек шығар. Керiсiнше, сол өркениеттiлiкке өз тiлiмiзге деген жанашырлық таныту арқылы, салт-дәстүрлерiмiздi жан-жақты, мәдениеттi түрде дамыта отырып жеткенiмiз дұрыс қой. Мағынасыз жарнамаларды тiлiмiзге жапсыра бергендi тоқтатпасақ, тiлiмiз шұбарланып, небiр асыл сөздерiмiздi жоғалтып алуымыз әбден мүмкiн.


Серiкбай ТҰРЖАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Оңтүстік Қазақстан облысы


«Әжелер мектебі» ашылды

Қызылордада қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп келген әжелердің мектебі ашылатындығы туралы «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен шара барысында белгілі болды.

Қажы апаларымызбен бас қосқан қала мешіттерінің ұстаздары, қыз-келіншектер қыз балалар тәрбиесі үшін маңызды тақырыптарды қозғап, ақыл-кеңестер тыңдалды. Әжелер тарапынан да салт-дәстүрге сай өнегелі өсиеттер айтылды. Айта кетейік, бүгінде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті жанындағы жалпы және жастар ісі бөлімі, Қызылорда облысы бойынша әйелдер-қыздар секторы жастарға, қыз-келіншектерге тәлім-тәрбие беру бағытындағы өз жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Алдағы уақытта сектор бастамасымен «Әжелер мектебі» жұмысын күшейтіп, қыз балалар тәрбиесі үшін бірқатар маңызды шаралар қолға алынбақ. Болашақ ана атанатын нәзік жандылар үшін бұл шаралардың өз нәтижесін берері сөзсіз.


Елубай ӘУЕЗОВ

Қызылорда


Cәбилердің сөйлеу қабілетін дамытады

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Өзін-өзі тану» мен «Балалардың тілін дамытуда коррекциялық қолдау көрсету» орталықтары ашылды. Орталықта сөйлеу қабілетінің кемістігі бар жеткіншектер оқып, тәрбиеленбек. Мұнда дефектолог мамандар сәбилерге жан-жақты педагогикалық, физиологиялық және психо­логия­лық зерттеулер жасап, кемістікті түзеу бағытында жұмыс атқарады.

Сондай-ақ, педагогикалық оқу орнының 3-4 курс студенттері ұстаз-логопед ретінде тәжірибе жүргізе алады. Орталық 4-8 жас аралығындағы 50 шақты тәрбиеленушіні қабылдауға қауқарлы. Білікті мамандар арнайы педагогикалық авторлық бағдарламалар арқылы заманауи әдіс-тәсілдермен жұмыс істемек. Ал «Өзін өзі тану» орталығында бірнеше шет тілдерін үйренуге болады. Шығармашылықты ұштау үйірмелері де бар. Атап айтқанда, жеткіншектер театрландырылған қойылымдарға қатысып, мүсін жасау, кестелеу өнеріне машықтанады. Дәрістерді педагогикалық оқу орнының ұстаздары жүргізеді.


Жандар АСАН,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының

ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі

Тараз


Тәрбие тал бесіктен басталады

Қазақы тәрбиенің қаймағы үш ауыз сөзде: ұят болады, сауап болады, обал болады. Бізді өсірген ата-ана да кезінде осы қағидамен тәрбиеленген. Баланың алғаш қадам басқанында тұсауын үш түрлі затпен: көк шөппен – табиғаттай таза болсын, ұрпағы көктей өсіп-өнсін, тоқ ішекпен – берекелі болсын, ала жіппен – өзгенің затына қол жүгіртпесін, адал болсын, ардан аттамасын деп кескен. Осы салтымыздың өзі баланың болашақ өміріне ата-ананың қандай тілекші екендігін көрсетіп тұр емес пе?

Сөздің қадірін қадым заманнан білген ұлтымыз тәрбиені – тал бесіктен дейді. Оны мақалы мен мәтеліне, салты мен дәстүріне негіздеп отырған. Бала санасына салтты ерте сіңірмесе, бұғанасы қатқан шақта ол бойына дарымайды. Сондықтан құйған ақылың да құтаймай жатады. Баламыз заман көшінен қалмасын дейміз, бірақ бұл дәстүрді аттап кету деген сөз емес. Мысалы, өзбек отбасына сырттай үңілсең, әке-шеше алдында қол қусырып қызмет етіп жүгіріп жүрген ұл-қызын көресіз. Оларда ата-анасын қарттар үйіне өткізу, жетімін қаңғырту өте сирек. Мұның бәрі отбасында ұлттық тәрбиені қатаң ұстанғанның арқасы. Мен де әке-шешемнің көзінің үміт еткен бір нұрымын, болашақта бір үйдің келіні атанамын, ана боламын. Сол себепті тәрбие мәселесін айналып өткім келмейді. Бұл мақалам өзім қатарластарға ой салар деген үмітпен жазылып отыр.


Жанерке ХАЛИУЛЛИНА,

11-сынып оқушысы

АТЫРАУ


Соңғы жаңалықтар