Әдебиет • 24 Сәуір, 2017

Мэлстің мұңлы музасы

1750 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ән тағдыры қашанда талант тағдырына тікелей байланысты. Әуенін әлдилеп, сезімін серік етіп өткен Мэлс Өзбековтің тағдыр-талайына бұйырған шаттық та, өкініш те шығармашылығынан көрініс тапты.

Мэлстің мұңлы музасы

Құланның қоңыр мінезін бойына дарытқан талант иесі туралы бүгінде мөлдір әңгімелер, сағынышты естеліктер айтылады. Қарапайым халық оның жазған әндерін ерекше жақсы көреді.

Тоқсаныншы жылдары «Тобылғы сай» әнін Жанар Айжанованың шырқағаны ел есінде. Домбыраның қоңыр дауысымен ғажап үйлесім тапқан әнді тыңдағанда тербелген қайың, еркелеп аққан есіл бұлақ, әсем сазға ұйыған дала елес береді. Халық әні деген ұғыммен тыңдарман санасына сіңіп кеткен бұл әннің Мэлс Өзбековтің туындысы екені кейінгі уақыттарда ғана айтылып жүр. Тобылғылы дала, жусанды жазық, селеулі боз беткейдің бәрі де қазақтың қоңыр тірлігімен үйлесім тауып тұрғандықтан да, бұл әннің көңілге ұялайтыны содан болар.

Құландық қаламгер, Кәріпжан Нүсіптің «Өнер деген өлке бар» деген кітабында да «Тобылғы сай» әні туралы айтылады. «Бірде республикалық «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасында жезтаңдай әнші Жанар Айжанова, тағы бірде танымал әнші Нұрлан Өнербаев Мэлстің «Тобылғы сай» әнін орындап тұрып, халыққа оны – «Халық әні» деп жеткізді», деп жазады автор. Жалпы, бұл әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Дегенмен де күні бүгінге дейін біреулер оны халық әні деп қабылдап келгені белгілі. Өзегін жарып шыққан өнерді өлмес әнге айналдырған Мэлстің тебірентерлік тағдыры осы әуенде жатқандай болып көрінеді.

Біреу білер, біреу білмес, Мэлс Өзбековтің бұдан өзге де «Келші, Айым», «Келші, Құланға» сияқты лирикалық әндері бар. Ал «Тобылғы сай» әнін Мэлстің өнердегі төлқұжаты деуге болады. Осы орайда бұл ән халық арасына қалай тарады деген сауалдың да қылаң беретіні бар. Әнді алғаш орындаушы ретінде Жанар Айжанованың пікірін білгенімізде, ол «Тобылғы сай» әніне қатысты өз ойын былайша білдірді. «Әнді маған 1987 жылы жаркенттік айтыскер ақын, сазгер, әнші Жандарбек Бегімбетов берді. Бірақ ол «халық әні» деп айтқан болатын. Кейіннен Жандарбектің өзі де қайтыс болып кетті. Содан мен ол әнді «халық әні» деп орындап жүрдім. 1989 жылы Алматыдағы бір концертке Мэлс аға мені іздеп келіпті. Ағамыз жай ғана «Тобылғы сай» менің әнім еді. Сөзін Төлеу Үшқоңыров деген ақын жазған», деп, бәрін түсіндірді. Мэлс ағаның атын бұрын да естуші едім. Бірақ «Тобылғы сай» әнінің авторы деп ойламаппын. Өзінің айтуынша, Қазақстан авторлар қоғамында да өз авторлығымен тіркеулі тұр екен», дейді әнші.

Бір ойды бір ой қозғайды. Табиғаты көркем қазақ жеріне тобылғы таңсық емес. Ән атауы «Тобылғы сай» болған соң, белгілі бір жер атауына байланысты туған ән екені анық. Әннің шығу тарихын бізге Төлеу Үшқоңыровтың өзі айтып берді. «Сарысу ауданындағы Бестоғайда Тобылғы сай деген жер бар. Шабақты өзенінің бойында орналасқан көрікті мекен. Сол жерде шаруа қожалығын ашып, біраз уақыт тұрдым. Бір күні керемет көркемдік ерекше шабыт сыйлап, осы өлеңді жаздым», дейді автор. Ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында қызмет еткен Төлеу ақсақалдың айтуынша, «Тобылғы сай» әні осыдан қырық жыл бұрын жазылған. Жас күнінен Мэлс Өзбековпен сыйлас, сырлас бола жүріп, шығармашылық байланыста болыпты.

Жұлдыздардың із тастап ағатыны сияқты, таланттардың да соңында жарқыраған сәуле іспетті шығармалары қалады. Мэлстің мұңлы музасы ретінде белгілі болған бір әннің де тарихын айта кеткен жөн болар. Кезінде Мэлс Өзбеков құландық Қамшыбек Ақатаевқа бір жайды айтқан екен. Ол жай «Келші, Айым» әніне байланысты. Бұл ән көрнекті жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен түсірілген «Гауһартас» фильмінде орындалады. «Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді, мен тұрмын жағада жабырқау...» деп басталатын әннің тұңғиығында бір мұң, айықпас сағыныш, жазылмас дерт жатқандай әсер ететін. Сөйтсек, мұның да өзіндік сыры бар екен. Қамшыбек Ақатаев өз жазбасында композитордың сөзін келтіреді. «Ол кезде менің консерваторияда оқып жүрген кезім еді. Алматы медициналық институтының Айымзада есімді қызына ғашық болдым. Жанарларымыз оттай жанып, қос жүрек бірін-бірі түсініп, махаббаттың шарабына мас болып жүргенімізде, жазғы каникул да келіп қалды. «Жаңа оқу жылы басталғанша...» деп, екеуміз бір-бірімізді қимай, ол өзінің ауылы Алматы маңына, мен Луговойға кете бардық. Алғашқы кезде Айымзада хабарын айтып, хат келіп тұрушы еді. Соңыра оның ізі суға сіңгендей ғайып болды. Себебін сұрап хат жазайын десем, ол: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деген соң, каникулдың бітуін күттім.

Үздігіп күткен жаңа оқу жылы да басталар уақыт болды. Мен ауылдан құстай ұшып Алматыға келсем, Айымзада әлі келмепті. Екі көзім төрт болып отырғанда, курстас қыздардың бірі келіп, Айымзаданың каникул кезінде шомылып жүріп, суға кетіп қайтыс болғанын айтты. Мен кездейсоқ сең соққандай көзім қарауытып, отырып қалдым», деп естелік қалдырыпты композитор.

Сірә, адамзат басында баянсыз махаббат аз болған ба? Арманының азаппен аяқталғанына, музасының мұң жамылғанына өзегі өртенген ол «Келші, Айым» әнін жазады. Бұл ән де көңіл пернесін тап басқан туынды ретінде танылды. Бірақ ілгеріде телеарналар әннің сөзін жазған Дулат Исабеков деп көрсетіп жүрді. Ал ән жинақтарында Әбдірахман Асылбек деп жазылған. Дұрысы соңғысы.

Тіршілікте елеусіз күн кешіп, елеулі ән қалдырған Мэлс Өзбеков 1996 жылы қайтыс болды. Өзі дүниеге келіп, кейіннен тебіреніп әнге қосқан Құлан жерінде бүгінде Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйі жұмыс істейді. Енді Мэлстің «Құрбы назы», «Назерке», «Біз екеуміз» және өзге де әндері халық арасына кең насихатталып, таныла түссе нұр үстіне нұр болар еді. Әулиеата жерінде сондай бір талант иесінің болғаны көпшілік көңілінде сақталса, тіпті ғажап.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы                                                                                        

Соңғы жаңалықтар