24 Сәуір, 2017

Ұшқыр ойлы жайсаң жан

1075 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Камал Смайылов жайында сөз қозғау – қызығы басым, күрделі іс. Ол –ХХ ғасырдың ортасынан бастап отандық тарихта орын алған өзекті оқиғалардың қайнаған ортасында жүріп, қоғамдық және мемлекеттік қызметтің ауқымды шеңберінде жарты ғасырдай еңбек еткен, қоғамда есімі танымал тұлға.

Ұшқыр ойлы жайсаң жан


Ол республикалық газеттің меншікті тілшісі мен түрлі үш журналдың бас редакторлығынан – Орталық комсомол комитетінің хатшылығына, екі бөлек министрлікті басқарудан – Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне, журналистер Одағының төрағалығынан – Жоғарғы Кеңестің депутаттығына, қатардағы мұғалімнен – өнер Академиясының профессорлығына, нақты тәжірибеден – жалпы теориялық ғылыми талдауға дейінгі жолды жүріп өтті.

Камал екеуміздің туып-өскен жеріміз – қазақтың бағына біткен, үш жүздің басын бір ту астында біріктірген, қасиетті мекен – Ұлытаудың төсі. Балғын балалық шақтың қызығын бірінші кластан бастап бірге көрдік. Жоғары оқу орындарына да қатар түсіп, әрқашан бір-бірімізден көз жазбадық. Камалдың әкесі ауыл мұғалімі болған, репрессиялық қудалауға ұшырап, ерте дүние салды. Камал ол кезде он бірде, атасының асырауында қалды. Мектеп қабырғасында жүріп сұм соғыстың сұрапыл жылдарының ауыртпалығы мен одан соңғы тар заманның қиыншылықтарын көріп өстік. Ол уақыт біз үшін рухани дүниеміздің қалыптасқан, маңызды кезең болатын. Ел тағдырына байланысты сұрақтар Камалды ертеден толғандырды, алғашқы мақалалары мектепте жүріп-ақ аудандық, облыстық, республикалық газеттердің беттерінде жарық көрді. Кеңес заманында шыққан тегің жайлы айтудың жөні бола бермейтін, оны зерттеу мүмкін болмады, барлық дерек ауызба-ауыз беріліп отыратын. Болыс болған әйгілі бабасы Бабырдың Яссауи кесенесінің қасында жерленгенін естіп Камал қуанышқа бөленген болатын. Отан соғысының жаужүрек тілшісі, атақты жазушы Баубек Бұлқышев көкесін әрдайым пір тұтты. Бұлқышев есімімен аталған сыйлықпен бүгінде жас дарындар марапатталады. Екеуі жиі хат алысып, хабарласып тұрды. Баубектің айтқан кеңес-сөздері мен өсиеттері Камалдың еңбек жолына бата болып, мәдениетіміздің ақиығына айналуына апарған бастау болды.

Көзқарастарының қалыптасуына себепші болғандардың бірі – жұбайы Нәдләнің ағасы, Әнуарбек Шманов, білімдарлығы зор осы жанның идеялық қағидалары партиялық ұстанымдарға сәйкес келе бермейтін. Камалдың бар ғұмыры белгі-бедерлі оқиғаларға толы болды, солардың ортасында жүріп өрелі, әсем шығармашылық өмірбаяны қалыптасты. Өмірінің әр кезеңінде күрделі де қиын істерді игеруіне тура келді, олар жаңа шығармашыл деңгейге көтерілуге шақырды. Басқарған түрлі мекемелері мен ұжымдарында кілең шығармашыл жандардың басын біріктірді. Оның басқаруының айнытпай танитын, өзіне тән ерекшелігі бар болатын. Қоғамға қажеттілігін ұдайы асырып, уақыт үніне табыспен жауап қатып, шығармашыл қажыр-қайратын аяусыз жұмсап, кездескен қиыншылықтарды жеңе білді. Арыңа ақау түсірмей табысты болу – ауыр міндет. Ол әрдайым өзгенің жанын аялап, өзіне деген сенімге сәйкес тұрып, қоршаған ортасына мейірім сыйлады.

Бүгін біз Камалдың бейнесін есте қалған естеліктерден елестетіп отырмыз. Қазақ университетін үздік дипломмен аяқтап, қызметін «Лениншіл жастың» (кейінгі «Жас Алаш») меншікті тілшісі ретінде бастап, өзін тамаша публицист ретінде таныта білді. Бір ғана «Қыз намысы» атты мақаласы Орталық комсомол комиетінің арнайы қаулы қабылдауына себепші болып, есімін елге танытты. Алғашқы ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының бірінші редакторлығы кезінде ұлы Сәтпаев пен Марғұланның еңбектерін жариялап қоймай, өздерін редакциялық кеңестің мүшелігіне тартқан еді. Орталық комсомол комитетіндегі хатшылық қызметі тұсында Өзбекәлі Жәнібековтың өзімен үзеңгілес-әріптес болып, осы тамаша жанның сол кезеңдегі барлық айрықша бастауларына белсенді көмек көрсеткен еді.

Киностудия директорлығы, Мемлекеттік кино орынбасарлық қызметтерінде «Қазақфильмнің» шатыры астында көркемдік кеңестің мүшелері ретінде Ш. Айманов, Ә. Нұрпейісов, О. Сүлейменов, Ғ. Мүсірепов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Марғұлан, Ә. Әлімжанов, Ә. Тарази, С. Мұратбековты шақырып, отандық мәдениет аспанында Р. Бағланова, Б. Төлегенова, Е. Серкебаев, Ә. Мәмбетов, А. Әшімов сияқты өнер жұлдыздарын жарқырата алды. Қазақ киносын бүкіл Одақтың көрермендеріне танымал еткен, классикалық туындыларға айналған: «Транссібір экспресі», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Атаманның ақыры», «Шоқ пен Шер», «Нан дәмі» фильмдерінің жарыққа шығуына ықпал етті. Өзінің бүкілодақтық кино мен теледидар форумдарында сөйлеген жалынды сөздерімен Қазақстанға тағылған «шеткері мекен» айдарын жоя алды. 1975 жылы Алматыда оның ынтасымен кеңестік және әлемдік жұлдыздарды жинаған Халықаралық кинофестиваль өткізілді. Ол әрдайым қалыптасқан жағдайдың құрсауынан шығатын жолды таба білді. Мысалға, Ғабиден Мүсіреповтің 1940 жылы жазылып, ұмыт қалған «Қыз Жібек» сценарийіне жан бітіріп, жоспардан тыс өндіріске енгізіп, қосымша қаржыландыруды одақтық бюджет бөлінісі кезінде іске асыруы – ғажап іс. Оның зор ынтасымен кейіннен халықаралық сыйлыққа ие болған «Шоқ пен Шердің» сценарийі «Қырғызфильмнен» қайтарылып алынды. Шәкен Аймановтың қойылымындағы «Атаманның ақыры» фильмін экранға шығаруда орасан қиындықтардан өтті. «Қилы заман» фильмін жарыққа шығаруда қаржылық шиеленістерді шешу жауапкершілігін мойнына алды. Үміт оты өшіп, қиналыс басқан тұста да ұлттық анимациялық мультипликациялық фильмге жол бере алды. Осы бастаудан соң 200-ден артық мультфильм экранға шыққан еді. Публицист-жазушы бола тұрып, жаңа мамандықтарды тез игеріп, біртұтас өнер ретінде кино мен теледидарға тең түрде, табысты басқарушылық етті.

Мемлекеттік телерадиодағы қызметіне келген кезінде теледидар саласы арманшылдық кезеңді басынан кешіруде болатын, оған ісіне шексіз берілген, жігермен алға бастайтын жетекші қажет еді. Партиялық-мемлекеттік тәжірибеден өткен, бұрын мемлекеттік киноны басқарған, белгілі журналист жаңа орынды бөтенсімей, бірден қызу басқару ісіне кірісті. Мәскеу теледидарының көлеңкесінде қалған Қазақ теледидарының көңілсіз хабарлары Смайыловтың келуімен жанданып, көрерменді қызықтыратын жаңа, әсерлі кейіпке көшті. Ол Кеңес Одағының біртұтастық ұстанымдарына сай Қазақстанның көп ұлттылығы өнерде бейнеленуі тиіс деп санады. Өзі құрған «Айтыс», «Терме» секілді ұлттық бағдарламалардың шеңберінен асып, түрлі мәдениеттің өзара сұхбатын құрды. Соңынан «Азия даусы» халықаралық фестивалі мен шат-шадыман «Тамаша» бағдарламасына ұласқан «Медеу жұлдыздары», «Алматы қонақтарды қарсы алады» хабарларының ынта берушісі мен ұйымдастырушысы болды. Оның келуімен көптеген деректі фильмдер пайда болып, көрермен отандық тарих пен өмір жағдайына теледидар арқылы зер салды. Үнемі өзі мен өзгенің бойындағы жақсылықты ұштап, қарапайым жанға дарындылық сезім сыйлайтын қасиеті бар еді.

Бір сөзбен айтқанда, Камал сол заманның киносы, теледидары мен журналистикасындағы барлық шығармашыл үрдістердің ұйытқысы, ынта берушісі, ұйымдастырушысы болды. 1986-88 жылдары Камал Смайылов Орталық партия комитетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды, бұл кезеңде өзі құрылысына қатысып, жасампаздығына қоғам зиялысы, мәдениет қайраткері, ХХ ғасыр аяғының шежіреші-жазушы ретінде үлес қосқан Қазақстан елі түбегейлі өзгерістердің алдында тұрған болатын. Ол партияның қолындағы сойыл соғар болмады, сол кезеңдегі барлық нағыз мәдениет қызметкерлері сияқты белгілі тәртіпті ұстанғанмен, әдемі сөзді жалау етіп, жеке мақсатты көздейтін пиғылдан аулақ болды. Өзін партияның «адал қызметкері» санады, бірақ «партия» ұғымына ол елді, халықты, оның тарихын, сан ұрпақ ерлік көрсетіп, шайқастарда қорғаған елдің болашағын жатқызды. Камал Смайылов партиялық – кеңестік биліктегі әріптестерімен бір мектептен өткеніне қарамастан, оларға ұқсамайтын. Оның күн сәулесіндей шуақты, қарсы келгенді қарусыз жайрататын жылы жүзі, адамдарды түрлі деңгейге бөлмей, бірдей қарапайым қабылдауы мәселелердің түйінін жеңіл де тез шешуіне көмектесетін. Отырған ортасын өзіне бірден баурап алып, жылы шыраймен шүйіркелесе кететін мінезінен ешуақытта танбайтын.

Қашанда қалың қауым ортасында, кабинетінің адам кірген сайын кеңи түсетін қасиеті бар болып көрінетін. Ол отаншылдық рухқа толы көптеген республикалық, белгілі ресейлік басылымдардың рухани ортасында өмір сүрді. Қоршаған ортасы да оның тұлғасына қызығушылық танытты. Олар әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар, мәдениеттік, идеологиялық және эстетикалық ұстанымдары жағынан біріне-бірі сәйкес келмейтін, кейде қайшы келіп жататын түрлі ағым өкілдері болатын. Оның өмірбаянынан кеңестік жүйе заманының екінші жартысында тарихта орын алған табыстар айқын көрінеді, ол өзі де сол құрылыстың айқын өкілі болды. Кейінгі ойлары өзгеріске ұшырағанымен, өткенге топырақ шашатындардың қатарында болмады. Уақыт дөңгелегінің айналымы күшейіп, желісі зымырай түскен сайын, құндылықтарымыз құбылып, этика, эстетика, мәдениет, адами қарым-қатынастар легі өткеннің қойнауында қалып, көпшілік саяси бағытын оп-оңай өзгерте алғанымен, ол өзінің «көне көз» ұстанымдарында қалды.

Қызметі мен өміріне тән бір бағытқа жұмыла кірісетін, керістен алшақ, жатық қимылы басылымдары мен кітаптарынан анық байқалады : «Өмірді өзімен өлшесек», «ХХI ғасырға саяхат», «Ғасыр қырқасында», «Оянған ойлар», «Жиырма жеті жолданбаған хат», «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда», «Жеті қыр, бір сыр» және басқалары соның айғағы.

Оның қаламының ұшынан 230 мәселелі очерктер мен мақалалар, 15 кітап шыққанын айту жеткілікті. Қоғамның жолыққан күрделі мәселелері жайлы алғашқылардың бірі болып біліп, ортаға салған ойы замандастарының көңілінен шығып жататын. Мақалалары мен кітаптары арқылы оқырманды тарихқа қатысты етіп, қоғамдағы маңызды үрдістерге тартып, Қазақстанның жуырдағы болашағына сапар шеккізіп, толғануына себепші болатын. Мысалға, ядролық полигон, Байқоңырдағы ғарыш және Сарышағандағы зымыран айлақтары жайында үнемі аса алаңдаушылықпен жазды, қырық жылдан артық ядролық жарылыстан зардап шеккен халыққа лайықты өтемақы төленіп, Байқоңырдың елге бет бұруы қажеттігі жайында айтты («Қиғаш кітап», 2000 ж.).

Жаңа уақыт лебі жаңа есімдерді ала келеді. Бірақ, тарихтың асау толқынына Камал Смайылов секілді тарландардың есімдері ғана төтеп береді. Ол көпшілік үшін қайталанбас, шыңы биік тұлға ретінде қала бермек. Оның өзектілігіне баға жетпес публицистикасын Б. Сердалиннің диссертациялық тақырып етіп алуы – соның бір айғағы. Камал Смайыловтың өзі де журналистігімен қоса кино саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы салада елуден астам мақалалар жазды.

Өтпелі кезеңнің қиындықтарын жеңу жайында жазылған «1996 жылғы тәуелсіздік туралы ойлар» басылымы хақында Республика Президенті жылы пікір білдірді. Бұл оның өз әрекетін қоғамның мүддесіне сәйкес ұстап, жоғары жауапкершілікпен қарайтындығының белгісін танытқан еді. Көп нәрсеге көңілі көншімесе де, жаңадан бойын тартпай, мәдениет пен қоғамға батқан күйзелісті өткінші санады. Мысалы, эфирде зерделік бағдарламалардың аздығына, болса да саяси хабарлардан аспайтындығына, ойын-сауық бағдарламаларындағы терісқойлықтың басымдығына, әзілдің өзі ауыр шығып жататынына қынжылыс танытатын.

Ол сан алуан тақырып пен бағытқа қалам тартып, бір соқпаққа түспеді. Оның еркіндігі - түрлі топтың қаржылық мүдделері мен ақпараттық соғыстардан алшақ тұруында еді, кейбір журналистер секілді адамның абыройын төгуден алшақ болатын. Смайылов уақытпен бірге жасап, әрдайым жаңа қырынан табылып, өзінің ұшқыр ойларының ұшқынымен өрнектеп, тайға таңба басқандай етіп жазатын мақала жолдарымен таң қалдыратын. Жазушылық ар-ұятына нүктедей қылау түсірмей, талғампаз оқырманның көңіліне төрледі.

Журналистика, кино мен теледидардағы қызметі арқылы сан алуан тағдырмен танысып, түрлі мінез-құлыққа қанықты. («Жеті қыр мен бір сыр», 2000ж.). Адамның жан дүниесінің құрдымға құлдырауы мен қырандай самғауының құпиясын зерттеді. «Адамды білсең, Камалдай біл», – дер едім. Ақ жүрек қателессе де, жақсы жаққа бет алады. Атқарған сан жоғары лауазымды қызметі аяқталған кезде соңынан тас атқан жан болмайтын. Басшылық қызмет бабы жұмыр бастан тез сырғып өтіп, үкімет тарту еткен түрлі марапаттармен, алған атақтармен есте қалады. Ал адамдардың айтқан алғысы мен көрсеткен ықыласының орны – әрдайым бөлек.

Жайсаң жан отбасылық өмірінде де жайдары болатын. Жұбайы Нәдлә – Абай атындағы педагогикалық университеттің құрметті профессоры. Ұлы Сәлім мен қызы Зайра жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, кәсіпкерлік істе табысты еңбек етуде. Қатаң тағдырдың қасіреті айналып өтпеді, дипломаттық жолды таңдаған ұлы Нұрлан өмірден мезгілсіз озды. Атасы ретінде немерелері Нәзико, Нәриман мен Әсияны шексіз қамқорлығы мен мейіріміне бөледі, олар үшін атасының атақтылығы маңызды емес еді, жанындай жақсы көретін аталарының жұмсақ алақанынан артық нәрсе болмайтын. Жеке көлік пен саяжай іздемей, барына қанағат етті. Барымен базарлы болды, сахна төрін бермейтін эстрада әншісі емес, зерделі жазушы-журналистің жаны әрдайым қарапайымдылықты қалады. Смайылов Камалдың өмірі мен ісі – құрметке қатар лайықты, табиғат пен қоғамның үндескен ғажап құбылысы.


Төрегелді ШАРМАНОВ,

академик

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар