Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Халықпен тонның ішкі бауындай үйлескен ұйым

241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХV сессиясына Қостанай облысынан баратын делегаттардың қатарында Әлімжан Бекмағамбетов те бар. Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалы директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты Әлімжан Бауыржанұлы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы ғылыми-сарапшылар тобына жетекшілік етеді. Ол Ассамблеяның Елбасы саясаты мен мемлекеттік идеологияны халыққа жеткізуде мүмкіндіктерінің мол екенін сапар алдындағы әңгімемізге өзек еткен еді.

Халықпен тонның ішкі бауындай үйлескен ұйым

− Әлімжан Бауыржанұлы, әңгі­мені облыстық Ассамблея жанын­дағы ғылыми сарапшылар тобы­ның жұмысына шолудан бастасақ.

− Көз өтпесін дейік, біздің ел­дегі ұлт пен ұлыс­тар татулығына, бейбіт күнге сырт көз қызық­қандай. Қазақстанды Отаным деп санай­тын қандай ұлттың өкілі болса да бірін-бірі дос, ағайындай көреді. Елбасы сонау Тәуел­сіздігіміздің алғашқы жыл­дары-ақ елде тату­лық орнамай даму да, береке де бол­май­тынын айтқан болатын. Оның мысалын кей­бір алыс-жақын елдердегі жағдайлардан көріп отырмыз.

Елбасы жолдауларында айтылатын, Үкімет атқарып отырған түрлі стратегиялық бағдарла­малар мен жобаларды халыққа жеткізу, оның бүге-шігесін түсіндіру үлкен мәселе екенін білесіз. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Жағдайды, бір мәсе­лені түсінбеген кісі оған мән бермейді. Қазақта «таны­ма­сын сыйламас» деген мәтел бар ғой. Егер Елбасы­ның сая­сатын түсінбеген адам оның маңызына бойлар ма еді? Өт­кен жылы «Ұлысаралық қатынастардың өзекті проб­ле­ма­лары: қазіргі жағдайы және болашағы Қостанай облысы материалдары бойынша» деген ұжымдық монографияны дайындау барысында облыс тұрғындарынан көптеген сауалдама алуға тура келді. Ол облыстың әр шалғайынан жүргізілді. Сонда қостанайлықтар «Мәңгілік Ел» идеясы тура­лы жалпы білетінін, оны Ассамблея сессиясында қабыл­дағанын айтты. Бірақ ішкі мазмұнын терең түсіне қоймағанын да жасырған жоқ. Негізі осындай мәселелерді анықтап, біліп отыру ғылыми-сараптамалық топ жұмысының бір парасына жатады. Ал әлеуметтік сауалдамалар арқылы алынған мұндай материалдар қағаз бетінде қалып қоймауы тиіс. Оның нәтижесі үшін жұмыс жүргізілуі тиіс. Кейін «Мәңгілік Ел» идеясы туралы сонау шалғайдағы ауылдардан бастап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ол қазір де жалғасуда.

− Ақпараттық қоғам құрып жатқан қазіргі уақытта Ассамб­лея­ның адам­дарды ойландыратын мәсе­ле­лерді біліп отыруы да маңыз­ды ғой?

− Әрине, солай. Қазір ең басты бір мәселе бар. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бәсеке деген ұғымның бәсі басым болып тұр. Тек экономика емес, идеологиялар бәсекесі жүріп жатыр. Батыс өзінің идеологиясын таңғы­сы келе­ді, ал біз өзіміздің ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалуы­мыз қажет. Бұл үшін халқымыз өзгенің мәдениетінен де хабар­дар болуы, өзінікін де жетік білуі тиіс. Мұның барлығы да айты­­л­а сала­тын сөз емес, ол үшін жұмыс істеу керек. Менің әріп­т­е­­сім, филолог ғалым Алмас Әдсадықов жақында өткен бір ба­­с­­қосуда ақпараттық технология дамыған сайын рухани бай­­­лы­­­­ғымызды сақтауды барынша ойластыруымыз қажет еке­­нін айтты. Мен бұл пікірді құптадым. Мысалы, жастардың бү­г­ін­­де ұлттық әдебиетімізді, өнерімізді қалай білетініне көңі­лі­­міз тола ма? Әдеби кітаптардың оқылмайтыны ойлантады. Әбу­насыр әл-Фараби бабамыз тәрбиесіз білімнің қауіпті еке­­нін айтқан екен. Міне, осындай мәселелердің барлығын ха­лық­­­пен ойласуда, түсіндіруде Ассамблеяның мүмкіндігі кең. Біз­де мемлекеттік мекемелер, партиялар халықтың алды­на ба­рады. Бірақ олардың кездесулері шаруашылық, күн­де­лік­ті тір­­­шілік, экономика шеңберінде болады. Ал Ассамб­лея ха­­лық­­­­пен тонның ішкі бауындай үйлесіп, саяси да, эконо­ми­ка­­лық та ұғымнан тысқары, адамгершілік, сыйластық аясында араласады.

− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелердің барлығы да ұлттық бірегейлігімізді сақтау, сол арқылы ұлттық әлеуетімізді күшейту ұғымына саяды. Бұл орайда Ассамблея атқарар шаруа да аз болмас?

− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақалада халықтың көкейіндегі, уақыттың пісіп жетілген мәселелерін дөп басып айтқан. Ең бастысы, бүгін арпалысқан, технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамыған, бәсеке басымдыққа ие болған дәуірде өмір сүріп отырмыз. Қазір ұлт өзінің рухани келбетін сақтап қалумен қатар, «біздерде мынандай бар, мәдениетіміз мынандай», деп оны әлемге паш етіп көрсете де білуі тиіс. Елбасы ұлттық код туралы айтты. Ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүріміздің озығын алып, тозығынан арылуымыз қажет. Туған өлкесінің, өз ауылының өткенін білмейтіндер аз ба? Оның есесіне өз атасының атын дақпыртқа айналдыратын рушыл көзқарас та жетіп артылады.

Елбасы «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деді. Тіліміз болмаса ұлт­тық руханиятымыздың тамыры суалары дәлелдеуді керек ет­пейді. Ұлттық сананы қалыптастыруды ойлағанда алдымен ана тілімізді білуді, оның байлығын барынша пайдалануды, ме­ре­йін көтеруді алдыңғы орынға қоятын боламыз. Қазір жал­пы білім беру саласында қазақ тарихы пәнін қазақ тілінде, ал ма­те­­матика, физика, информатика пәндерін ағылшын ті­лін­­де оқыту басталып жатыр. Егер бала қазақ тілін білмесе қа­лай пән­ді түсінеді? Үш тұғырлы тілдің мақсаты – қазақ, орыс, ағыл­­шын тілдерін үйрету. Мақсат қойса, тіл үйрену қол­­­дан кел­мейтін шаруа емес. Барлығы да ниет пен еңбекте деп білемін.

Мақалада айтылғандарды Қазақстанда ешқандай уайым-қайғысыз бір атаның балаларындай тату-тәтті тұрып жатқан ұлттар өкілдерінің барлығына да түсіндіреміз. Мемлекеттік тілді қазірдің өзінде меңгеріп алған өзге ұлттың жастары жеткілікті. Қостанай өңірінде оның тамаша мысалдары да бар. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың өз тілін, дәстүрін сақтауға да жағдайдың барлығы бізде жасалған. Ал Елбасы мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қостанайлықтар тарапынан да ерекше ынта-ықыласқа ие боларына сенемін. Біздің өлкенің тарихы да бай, «Жаңа 100 есім» қатарынан орын алуға лайық замандастарымыз да жанымызда жүр. Мемлекет басшысы меңзеп, айтып отырған қазақстандық патриотизмді күшейтетін осындай қастерлі істердің өрістеуі үшін Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеялары тамаша істердің ұйтқысына айналары сөзсіз. Елдің, жердің тарихын білген ұрпақ ол елді де, жерді де сүйеді, мақтан етеді.

Әңгімелескен

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ


Соңғы жаңалықтар