Қазақстан • 25 Сәуір, 2017

Жібек жолы байланыстарды жаңғырта түседі

224 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан мен Қытай әріптестігі жөніндегі ко­ми­тет­­т­ің 8-отырысы өтіп, онда екі ел вице-премьерлері тараптар ара­­сындағы қарым-қатынасты жаңғыртудың түйінді мә­се­ле­ле­рін талқылады.

Жібек жолы байланыстарды жаңғырта түседі

Еуразия құрлығындағы барлық өңірлерді өзара байланыстырып келген ежелгі Жібек жолы қайта жаңғырып, маңыздылығын арттыра бастағаны белгілі. Оның жарқын көрінісін 2013 жылдың күзінде Қазақстан мен Қытай тарапының Ұлы Жібек жолы белдеуін қалпына келтіруге қатысты ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастауынан анық байқауға болады.

Қазақстан Премьер-Министрі­нің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаолидің екіжақты кездесуінде жоғарыда аталған мәселелер күн тәртібіндегі ұзақ мерзімді ба­сым­дыққа ие, болашағы зор мақ­сат-міндеттер ретінде қаралды.

Сонымен, Қазақстан мен Қытай әріптестігі жөніндегі ко­ми­теттің 8-отырысы өте жоғары дең­гейде өтті. Кездесуде тараптар стратегиялық әріптестіктің да­­му мақсаттарын, екіжақты қа­рым-қатынастың өзекті мә­се­ле­­лерін, атап айтқанда, сауда-эко­н­омикалық, энергетикалық, индус­трия­лық-инновациялық, ғылыми-тех­ни­ка­лық, қаржылық, көлік-ло­гисти­ка­лық, ауылшаруашылық, әс­кери-тех­никалық салалар мен ше­каралық және аймақтық әріп­тес­тік жайын жан-жақты сөз етті.

Әрине, талқылауда әріптестікті жандандыру жоспары әңгіменің не­гізгі өзегіне айналды. Сондай-ақ, аталған бағытта әрекет ету үшін «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «Нұрлы жол» жаңа эко­номикалық саясатын жүзеге асы­ру басымдыққа алынатындығы атап көрсетілді. Осы орайда, тал­қыланған мәселелер Қазақстан үшін қаншалықты маңызды болса, көрші Қытай үшін де жоғары мәнге ие екендігін атап өтуге тиіспіз. Мұндай ой түюге бір емес, бірнеше жағ­дай себеп болып отыр.

Біріншіден, бұл кездесу мамыр айының 14-15-і күндері Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумына басты дай­ын­дықты пысықтауға бағыт­тал­ған. Өйткені, бұл шараның құр­метті қонағы ретінде біздің Пре­зидентіміз Н.Назарбаев шақы­рыл­ған. Сондықтан да Қытай тарапы шақырылған қонақтардың қытайлық әріптестерімен өтетін кездесуін ұсақ-түйегіне дейін қал­дырмай, бүге-шігесіне дейін мұ­қият талқылайды. Өйткені, Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» идея­сын жүзеге асыруда Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді се­рік­­тесі, желілік әріптесі болып та­былады.

Екіншіден, біз үшін есімі қиын айтылатын Чжан Гаоли – Қытай экономикалық саясатының қалыптасуында жоғары беделге ие тұлға. Ол – ҚКП Орталық комитеті Саяси бюросындағы Тұ­рақ­ты комитет құрамына енетін 7 мү­шенің біреуі. Ал бұл ҚХР-дің жоғары саяси органы болып табылады. Сондықтан да екі­жақты кездесудің астарында Қазақстан мен Қытай арасында қол қой­ы­ла­тын стратегиялық құжаттар жо­ба­сын дайындау жатқандығын аң­ғару аса қиын болмаса керек-ті.

Кездесу аясында сөз алған бі­рін­ші вице-премьер А.Мамин екі ел арасындағы стратегиялық әріп­тестіктің жан-жақты дамуына жіті көңіл бөлініп отырғандығын баса айтты. – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы арқылы жалғасын табатын Әріптестік жоспарын жүзеге асыру тараптарға зор мүмкіндіктер береді. Әсіресе, көлік-транзиттік әріптестік пен сауда, өңдеу салалары қарышты дамиды деген сенімдемін», – деді А.Мамин.

Сондай-ақ, басқосуда екі ел арасындағы сауда көлемінің көр­сет­кіштері де айтылды. Биылғы жыл­дың алғашқы тоқсаны мен өт­кен жылдың сәйкес мерзіміндегі сау­да айналымы 30 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құраған. Бү­гінгі таңда жалпы сомасы 27 млрд АҚШ долларын құрайтын индустрия, инновация, көлік және логистика сынды салаларға бағытталған 51 жоба жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, кездесу барысында көлік-логистикалық бағыттағы әріптестіктің нығаюына баса көңіл бөлінді. Қазақстан соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын қарқынды дамытып жатқаны бел­гілі. Жібек жолы бағдары бойынша тасымалдау қызметін жандандыру нәтижесінде контейнерлік тасымалда биылдың алғашқы тоқ­санындағы көрсеткіш 2,6 есеге өскен.

Ал өз кезегінде сөз алған ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-пре­мьері Ч.Гаоли Қазақстан-Қытай қа­тынасы кең арнада қарышты да­мып келе жатқанын алға тартты. «Әріптестік жөніндегі комитеттің 8-отырысы тараптардың байланысын бұдан әрі тереңдете түсіп, екі ел арасындағы достық пейіл мен стратегиялық серіктестікті нығайтатындығына сенім зор», – деді ол.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан-Қытай әріп­тес­тігі жөніндегі комитеттің 8-оты­ры­сының Хаттамасына қол қой­ды. Сондай-ақ, қытайлық делегация Қазақстанға сапары аясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Сонымен қатар, ҚХР Мемлекеттік ке­ңе­сі­нің вице-премьері Ч.Гаоли бас­таған топты Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев та қабылдады.

Елбасымен кездесуінде Чжан Гаоли ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пиннің арнайы сәлемін жет­кізді және Әріптестік комите­тінің жаңа келіссөздерді сәтті жүзеге асы­ра­тындығына сенім арта­тын­дығын білдірді. Кездесуде Си Цзинь­пиннің маусым айының басында ШЫҰ жұмысы мен ЭКСПО көрмесінің шарасына қатысуға ниетті екендігі белгілі болды.

Жалпы алғанда, көрші елмен қа­рым-қатынасымыз өте белсенді дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Аз уақыт ішінде Қытай біздің еліміз­дің экономикалық негізгі серіктесіне айналып үлгерді. Әрине, алғашқы кездері біздің арамыздағы алыс-берісіміз шикізат тауарлары ғана болатын. Соңғы жылдары екіжақты әріптес­тік бағыты әртараптандырылып, нә­тижесінде 51 кәсіпорынды Қазақстан аумағына орн­а­лас­ты­ру­­дың жиын­тық бағдар­ламасы қа­­­былданды. Бұл Қазақстан-Қытай серіктестігін жаңа дең­гей­ге көтеріп, жоғары технология­лы экономикаға негізделген әріп­тес­тік­ке жетелеуде.

Жаңа кәсіпорындар рес­пуб­ли­камыздың барлық өңірін­де ашылады. Десек те, оның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске қо­сылады. Бірнеше жоба бүгінде өз жұмыстарын бастап кеткен. Мә­се­лен, Павлодар облысында ұнтақ­ты полипропилен өндірісін толық қайта жаңғырту жүргізілді.

Байқағанымыздай, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қаты­на­сы барлық бағыт бойынша қа­лып­та­сып, даму үстінде. Бұл сөзімізді вице-премьер Чжан Гаоли бастаған делегацияның арнайы сапармен Қазақстанға келіп, онда Жібек жо­лы форумының ойдағыдай өтуі мә­селесінің талқылануы оның негізінде екі елдің болашақ бағ­да­рын нақтылау ниеті жат­қан­дығын айғақтай түседі.

Тағы бір айта кетерлік жайт, осы кездері біздің елімізде Қытайдың жоғары шенді саясаткерлерінің бірі – ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И де ресми сапармен болды. Ол ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің кезекті отырысына қатысты. Сондай-ақ, Қазақстанның жетекші тұл­ғаларымен биыл Астанада өте­тін ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер бас­шылары саммитінің кейбір мә­селелерін де нақтылап, талқы­ла­ды.

Руслан ІЗІМОВ,

саясаттанушы


Соңғы жаңалықтар