Аймақтар • 25 Сәуір, 2017

Орал: жүз жылдың жаңғырығы

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1917 жылдың 19-22 сәуір күндері Орал қаласында Орал облысы қазақтарының бірінші сиезі өткен еді. Жаһанша Досмұхамедұлының төрағалығымен сол кездегі цирк үйінде 800-ден аса делегат көптеген мәселені талқылап, Орынбордағы жалпықазақ сиезіне баратын өкілдерді сайлаған. Осы датаға орай Орал қаласындағы Жұбан алаңында театрландырылған көрініс қойылып, тағылымды шара өтті.

Орал: жүз жылдың жаңғырығы

– Осыдан дәл 100 жыл бұрын, түскі сағат 12-де, дәл осы жерде Орал облысының түкпір-түкпірінен келген қазақтар бас қосып, сол кездегі ең өзекті мә­селе – қазақ автономиясын құ­ру мәселесін ақылдасқан еді. Сиез төрағасы Жаһанша Дос­мұ­хамедұлы болса, орынбасары болып Ғұбайдолла Әлібеков пен Алпысбай Қалменов сайланды. Сиезде ең алдымен мем­лекеттік басқару жүйесі туралы мәселе талқыланып, Жа­һанша Досмұхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халық­тың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», – деп сөйлеген екен, – деді белгілі алаштанушы Дә­меткен Сүлейменова.

Иә, бір ғасыр бұрын өткен бұл жиынның тарихи маңызы жөнінде белгілі алаштанушы ға­лым Кеңес Нұрпейісов те өте жылы пікір білдірген екен. Сиезде 23 мәселе қаралған, қа­зақ­тың болашақ тағдырына қатысты жәйттердің ешбірі сырт қалмаған. Осы сиезде 100 баптан тұратын «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережесі» қабылданған. Дәметкен Досмұқанқызының пікірінше, 1918-1919 жылдары қызмет еткен Ойыл уәләяты үкіметін құруға Жаһаншалар сол кездің өзінде дайын болған. Облыста келімсектер иеленіп кеткен қазақ жерлерін кері қайтару, Жайық өзенінің оң жағалауына еркін өту, дін мәселесі – Орынбор мұхтариятына қосылу, ерікті милиция жасақтарын құру, облыс аумағында оқу-ағарту мәселесін қолға алу, оқушы қазақ балаларына көтеріңкі шәкіртақы тағайын­дау мәселесі, салық жинау т.б. көптеген түйінді тақырыптар осы сиезде кеңінен талқыланған екен.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегiндегi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi «Алаш» партиясының алатын орны мен қызметiн зерттеу – Отандық тарихымыздың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi. Өйткенi кезiнде «Алаш» пар­тиясының жетекшiлерi ұсынған қағидалары күнi бүгiнге дейiн өз маңызын сақтап отыр» деген сөзімен бас­талған театр­ландырылған кө­рініс өте маз­мұнды болды. Ба­тыс Қа­зақ­стан облыстық қазақ драма театры әдебиет бө­лімінің мең­герушісі Нұрлан Сә­дірдің сценарийі бойынша қо­йылған көрініске Алаш арыстары Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер бел­ор­тасында жүр­ген тарихи оқи­ғалар өзек болған.

– Қойылымдағы барлық рөлді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері ой­нап шықты, – дейді осы оқу ор­нының Мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы Сәуле Сүндетқалиева.

Қойылымның шынайылығы соншалық, ақын Ақұштап Бақты­гереева мұны Орал қаласындағы барлық жоғары оқу орындары сахналарында қайталап көрсетуді ұсынды. Өлкетанушы Жайсаң Ақбай Орал қазақтарының бі­рінші сиезі өткен орынға ескерт­кіш белгі орнату туралы айтты. Тарихшы Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстары мен жастар» тақырыбында қызықты баяндама жасады.

Жиын соңында жастардың:

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді алашты ешкімнің,

Қорлығына бермейміз!

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды Алаш, өлмейміз!

Жасасын, Алаш, жасасын! – деген асқақ үні Жайық бойын жаңғыртып кетті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ

Суреттерді түсірген

Айбатыр НҰРАШ


Соңғы жаңалықтар