Футбол • 25 Сәуір, 2017

«Иртыш», «Тобол»... Сөзіміз қашан түзеледі?

188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым...», деп хәкім Абай айтқандай, бұл өзі күн­де болмаса да, жыл он екі айда ара-тұра айтылып қалып жүрген әңгіме. Әңгіме болғанда да, қазақ­тың намысына тиетін, тілін тіс­тетіп жүрген ащылау әңгіме болып тұр. Бірақ, бұған етіміздің үйреніп кеткені соншалықты, бұл күнде былқ етпейтін дәрежеге жеттік...

«Иртыш», «Тобол»...  Сөзіміз қашан түзеледі?

Жалпы, спорт деген сиқырлы әлем арбаған жұрттың қарасы көп. Миллиардтар десек қателе­суіміз неғайбыл. Соның ішінде миллиондардың сүйікті ойыны фут­болдың жөні бөлек. Ала добыңыз жұмыр жерді айнала ұшып жүргелі қашан..? Тіп­ті бар ғой, дүние «Реал­фан» және «Барсафан» болып қаққа бөлінгендей...

Иә, футболыңыз бүгінде биз­нестің қайнар көзіне айналған. Орасан зор қаржы жүрген жерді саясаттың да төңіректейтіні бел­гілі. Әлбетте, әлемдік спорт қауым­­дастығы бұл салаға саясат­тың сыналап кіргенін жақтыра қой­­­майды, оған аса сақтықпен қа­райды да. Мұндай ұлық ұста­ным­ды өркениет көшіне ілескен біздің ел де қос қолдап қолдайды, әрине.

Біздің жағдайда осы футболға қатысты қабырғамызға шаншудай қадалып жүрген бір жайт бар. Тоқетерін айтқанда, әңгіме тілі­мізге келіп тіреледі. Тәуелсіздің алғанымызға ширек ғасырдан асса да, премьер-лигамыздағы кейбір футбол клубтарының атауы орысша аталып һәм жазылып келеді. Өкініштісі сол, қазақтың өрімдей жастары бұл күнде тілін бұрап: «Иртыш», «Тобол» деп жүр... О, тоба! демеске лаж жоқ.

Павлодардың футбол клубын «Ертіс» деп айтсақ, орыстілді оқыр­ман ақиланып шыға келеді-ау деп ойлаймыз. Өйтпегенде ше, олардың ұғымында Павлодардың намысын жалғыз ғана «Иртыш» деген команда қорғайды емес пе?!

Бұл өзі елімізде Шығыс Қазақ­стан және Павлодар облыс­тары арқылы ағатын Ертіс өзенінің атауын иемденген команда ғой. Ертіс ағып жатыр, ал біздің футболдың басы-қасында отырғандар қа­сиетті атаудың ырың-жырыңын шы­ғарып жатқанда неғып отыр дегің-ақ келеді. Бәзбіреулер «Ертіс» сөзін орыс­тілді оқырман жетістіріп айта алмайды дегенді уәж етерін сеземіз. Баяғыда «Ал­ма-Атаны» айтқанда да, тіпті бер­тінге дейін де бұл ағайынның тілі бұ­ралатын. Бірақ, бұралған тіл қазір  түзеліп келеді емес пе? «Көш жүре түзеледі» дегендей. Сол сияқты «Ертіс» деген жазуға ең алдымен көз үйренуі керек. Мысалы, команда таңбасындағы «Иртыш» деген сөз «Ертіс» болып өзгергені ләзім. Орысша мәтінде бұл атаудың «Ертіс» болып жазылуын тіл заң­дылығына сүйеніп қадағалауға да қақымыз бар. Сөйте-сөйте, көз үйренген соң тіл де қанша қи­налғанымен көндігіп кетеді деген ойдамыз.

«Иртыштан» «Тобол» да қа­лыспай-ақ келеді. Бұл да Ер­тіс­ке барып құятын өзеннің атауынан алынған. Жалғыз ғана әріп қасарысып, туған тілге  қыр көр­сетіп тұрғандай.

Бұларға қарағанда «Актобе», «Акжайык», «Кайрат» деп, «Қ» әрпінің артық жерін шауып тастап жазып жүргендері айт пен тойдай екен-ау.

Енді дейміз, сіресіп жатқан бұл мәселенің тоңын жібітіп, біржақты етіп шешуге  Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл­дерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, Қазақстан Футбол федерациясы, облыс әкім­діктері жұмыла ат салыспаса болмайын деп тұр.

«Доп ойнаған – тозар» де­геннің күні өткен. Футбол ар­қылы мың­даған жастың санасында жақсы мағынасындағы төңкеріс жасауға болады. Осы ойынмен байланысқан жақсылық атаулы, мысалы, саламатты өмір салтына деген жағымды көзқарас жас ұрпақтың санасына іркіліссіз сіңсе дейсің. Ал енді жоғарыда біз айтқан кемшіліктер мен ол­қылықтарды сылып алып тастау, яғни бұраңдағанды орнына қою, бұралаңды түзеу қоғамның және де жауапты мекемелердің мүбәрак міндеті болса керек!

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар