Қоғам • 12 Тамыз, 2019

Талантты түлектер шетелдік оқу орындары үшін даярланатындай

943 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық түлектердің қалағанын, ал отандық оқу орындары бұйырғанын қабылдайды. Талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуының бәсеңдеуі осы пайымға негіз болып отыр.

Талантты түлектер шетелдік оқу орындары үшін даярланатындай

78 мың түлек аутсайдерлер қатарында ма?

Биыл мемлекет тарапынан бөлінген 53 785 грантқа 64 452 үміткер ғана қа­тысты. Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова 2019 жылғы білім грантының конкурсы өткен жылдармен салыстырғанда төмен деңгейде еке­нін мәлімдеді. Бұл ретте биыл 143089 оқушы мектеппен қоштасқанын да айта кетелік. Вице-министрдің айтуын­ша, бір грантқа орташа конкурс 1,29 адам­ды құрады. Ұлттық бірыңғай тесті­леуге қатысушылардың саны жыл өт­кен сайын азайып келеді. Ең жоғары көрсеткіш 2012 жылы тіркеліпті. Сол жы­лы 172 мың 762 түлек конкурсқа қатысқан. Содан кейінгі жылдардағы көрсеткіш 133 мың мен 143 мың талапкер арасында құбылып отырған. Ал 2015 жылдан бері өсім бере бастаған демографиялық нәтиже бойынша жыл сайын кем дегенде 200-250 мың түлек тестілеуге қатысуы тиіс-тін... Бірақ бұл фактор олардың грант ұту мүмкіндігі аз болғандықтан конкурсқа қатыспады дегенді білдірмейді.

2000 жылдардың басында  шетелде білім жиып келген жастарға көзқарас салмақты еді. Себебі олардың қатары көп емес-тін. Сондай-ақ «шетелге тек ауқат­тылар бара алады» деген көзқарас та басым түсетін. Қазір бұл тарапта кедергі жоқ. Бірі мемлекет ұсынған мүмкіндікті, енді бірі жекелеген компаниялар гранттарын пайдаланады. Кешеге дейін қа­жетті мамандарды шетелде оқыту мемлекетте тренд болды. Сонымен бірге шекаралас Ресей, Қытай, Қырғызстан жыл сайын қазақстандықтар үшін білім грантын бөледі. Ресейдің жоғары оқу орындары қазақстандық тү­лектерге 300-ге жуық білім грантын бөлетінін жыл басында хабарлап, түлектеріміздің бетін өздеріне бұрып қойды. Былтыр Білім және ғылым министрлігі таратқан мәлімет бойынша, шетелде білім алатын қазақ студенттерінің саны 30 мыңнан асты. Олардың 15 мыңы – Ресейде, 10 мыңға жуығы – Қытайда, 5 мыңы Еуропа елдері мен АҚШ-та оқып жүр. Демек, бұл шетелдік жоғары оқу орындары қазақстандық түлектерді таңдап жүріп қабылдайтынын, ал қазақстандық оқу орындары бұйыр­ғанын қабылдайтынын байқатады.

Дамыған елдердегі демографиялық дағдарыс

Соңғы уақытта кей басылымдар «қазақстандық түлектердің шетел­­дік жоғары оқу орындарына көп­теп шақырылуы қазақтың ере­к­ше жаратылған дарынына бай­ла­ныс­ты» деген пікірге ден қоя бас­та­ға­ны байқалады. Сарапшылар бұл Ор­та­­лық Азия елдеріне тән ортақ құ­бы­лыс екенін айтады. Мәселен, биыл Еуропалық одақ, Жапония және Қы­тай жоғары оқу орындары Қазақ­стан­мен бірге Өзбекстан, Тәжік­стан және Қырғызстанның мектеп бітіру­ші­лері үшін де білім грантын көптеп бөле бастады. Қазір дамыған елдерде демо­графиялық дағдарыстың әсері сезіледі. Сон­дық­тан бұл елдер таланттарды қо­лына шырақ алып іздеуге дайын.

Сарапшы Тоғжан Қожалиева шекара­лардың ашықтығы бұл үде­рісті тездетіп отырғанын жет­кізді. «Жапония, Қытай, Ресей сырт­тан маман тартумен бірге ерек­ше қабілетті адам ресурсын сақтап қалуды страте­гиялық бағыт деп қарайды.  Қазақстан маман­дарын сыртқа экспорттайтын ел­дердің қатарына қосылуға жақын­дай бастады. Өйткені білім гранты көбірек бөлінген салаларда да сту­денттердің саны жоспардан аз болып тұр. Ал ақылы білім бере­тін бөлім­дерге студенттер қабыл­дау 40-85%-дың арасында екен. Жо­ғары оқу орнына түсуге қажет шектi дең­гейдің өте төмендігі де жағ­дай­ды өзгер­те алмады. Ұлттық уни­вер­­­­ситет­­тер тікелей мемлекеттің қар­­­­жы­­­­лан­дыруымен жұмыс істеп отыр­­­­ған­­дықтан Қазақстандағы әрбір талант үшін таласуы керек», дейді Т.Қожалиева.

Толық талдау жүргізілуі тиіс

Соңғы 15 жылда орыс және қазақ тілінде білім алған түлек­тердің ара салмағын ҰБТ нәти­жесі арқылы білуге болады. Нәти­жесінде, грант бөлінер кезде «50х50» деген қасаң өлшемнің күші жойылды. Бұған қарап кейбір басылымдар «қазақ тілінде білім алатын балалардың саны өсті» деген ақпаратты жариялап та жіберді. Ал қоғам болса орыс сыныбын бітірген түлектердің басым көпшілігі Ресей немесе шетел асатынын көріп-біліп жүр. Экономист Ерлан Ибрагимов бұл көрсеткіш тек Ұлттық бір­ың­ғай тест тапсыруға өтініш беру­шілердің саны екенін айтады. «Қазақстандағы орта мектептерді қанша бала бітіріп шықты, олардың қаншасы Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдады?» деген сұраққа мемлекет тарапынан назар аударылған емес. Қанша түлек ата-анасының қаржысымен шетелде оқып жүр?» деген сұраққа ресми түрде әлі жауап берілген жоқ», дейді Е.Ибрагимов.

Қытайдың білім ведомствосына сілтеме жасаған ағылшын тілді «China Daily» басылымы жыл басында Қытайда білім алатын шетелдіктер саны бойынша Қазақстан 9 орында екенін жазды. Бұл ретте еліміз Франция, Вьетнам, Германия, Моңғолия, Ұлыбританияның алдын орап кетті. «Қытайда білім алу Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан елдер үшін сәнге айналуда. Оған Қазақстанды мысалға келтіруге болады. 2005 жылы Қытайда 781 бала білім алса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 11 764 балаға жеткен» деп жазды «China Daily». Басылымның жазуынша, ҚХР мемлекеттік кеңесі 2020 жылға қарай Қытайда білім алатын шетелдік студенттер санын 500 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазақстан елшіліктерінің мәліметіне сүйенсек, Ресейдің жоғары оқу орындарында 26 600 қазақстандық білім алуда. Оның 19 100-і – күндізгі оқу бөлімінде, 1700-і – халықаралық келісімшарт аясында оқып жүр. ҚХР-да 9 670 отандасымыз оқи­ды. Шамамен Ұлыбританияда – 4 мың, АҚШ пен Чехияда – 1 мың, Ма­лай­зияда – 1500 (Малайзияның көші-қон қыз­метінің мәліметі бойынша – 611), БАӘ-де – 715, Түркияда – 783, Поль­шада 300 қазақстандық білім алуда.

Қажетті мамандарды елде дайындау керек

«Ресей Федерациясы мен Қытай­дағы жоғары оқу орындарында оқу құны да, деңгейі де бізбен салыс­тыр­ғанда арзан әрі сапалы. Кырғыз елін­дегі жоғары оқу орындарын таң­дап жатқан ұл-қыздар да бар. Финлян­дия мен Иран биылдан бас­тап шетелдік студенттерге білім гран­тын көптеп бөле бастады»,  дейді Т.Қожалиева. Ол мәселенің түйі­нін алыс-жақын шетелдерге білім экспансиясын ұйымдастыру арқылы тарқатуға болатынын алға тартты. Мәселе – оқу ақысында ғана емес. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан ел­дері әлемдік рейтингте жоғары оқу орын­дарының тартымдылығын арт­тыру бойынша алдыңғы орында. Аталған елдердің алыс-жақын ел­дерге білім экспансиясы бізден бұ­рын басталған. Шетелдердегі дип­ло­ма­тиялық корпустары ар­қылы оқу орындары жарнамасын дұрыс жүр­гізеді. «Мемлекет есебінен қаржылан­ды­ратын білім гранттарын көбейту мәсе­лені шешпейді. Жоғары оқу орын­дары әлемдік деңгейдегі тар­тымдылығын арттыру үшін шетелдік түлектерге бөлінетін білім гранттарын көбейту керек. Бұл оқу орындарының таны­мал­ды­лығын арттырады. Еліміз­де шетелдік компаниялар көп. Егер Қазақстанда тіркелген шетелдік ком­панияларға қажет мамандарды елде оқытуға міндеттесек, оларға қажетті мамандар елімізде дайындалар еді»,  дейді Т.Қожалиева.

Қазақстандық жоғары оқу орын­дарына шетелдік түлектерді тарту мемлекеттік деңгейде талай рет айтылды. Жыл басында Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда 18 мың шетелдік студент оқитынын, олардың басым көпшілігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден келгенін жеткізді. Алдағы бірер жылда шетел­дік студенттер санын шамамен 40 мыңға дейін жеткізуді көз­деп отырмыз.  «Жыл сайын 20 пайызға көбейтіп отырсақ, алдағы 5-6 жылда Қазақстан айтарлықтай ауқымды білім беру хабына айналады», дейді министрліктің баспасөз қызметі таратқан дереккөздерде.

Академик Асқар Жұмаділдаев мамандықты түлек емес, грант таң­дай­тынын, мамандық пен грант арасын­дағы «аламан бәйгеде» грант­тың бәсі басым болып шыға­тынын жеткізді. Ал түлектің ма­ман­дыққа бейімі мен ынтасы екін­ші кезекке ысырылды. Осы ретте соңғы жылдары техникалық мамандарға грант көп бөліне бас­тағаны белгілі. Математика немесе жаратылыстану пәндерінен төменгі сыныптарда жөнді білім ала алмаған түлек 11-сыныпқа келгенде жанталасып, тест сұрақтарын жаттап алып, қажетті балға қол жеткізеді. Бірақ әрі қарай алып кетуге қабілеті жетпегендіктен, оқу­ды орта жолдан тастап кетеді. «Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап бұл мәселеге мән беріліп, зерделенген жоқ. Ішкі нарық мамандық дайындауда ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын теңгер­ме­лі тетіктен көз жазып қалды», дей­ді А.Жұмаділдаев. Сондай-ақ ол бі­лім грантын бел­гілейтін комиссия құ­ра­мы қо­ғам­­ға құпия екенін айтады. Ға­лым­ның сөзінше, «Қандай са­ла­ға грант көбірек бөлінді? Себе­бі неде?» деген сауалдардың жауабы ҰБТ қарсаңында емес, оқу жылы бас­тал­ғанда белгілі болуы тиіс. Бұдан бөлек, комиссия құрамына өндіріс орын­дары басшылары, өңір басшыла­ры кіргені жөн. Себебі өндіріс басшылары қанша маманның зейнет жасына жеткенін, қай салаға жас­тар­­­ды көбірек тарту қажеттігін ор­та­лық­­­та отырған шенеуніктерге қара­ған­­да әлдеқайда жақсы біледі. «Білім және ғылым министрлігі жаны­нан осы мәселені зерттейтін ар­найы сарап­тамалық орталық ашатын кез келді. Маман­дыққа тапсырыс беру­шілермен байланыс арқылы бөлінетін грант санын сұранысқа қарай реттеп отыру құзіреті жүктелуі керек. Сонда сұра­нысқа ие мамандар дайындаймыз. Сту­денттер мамандығы бойынша жұ­мыс таба алатынына сенімді болады. Бүгінгі таңда ағылшын тілді елдер жедел дамып жатыр. АҚШ-тың әскері де, экономикасы да қуатты, өйткені олар ақылды адамдарға жағдай жасай­ды»,  дейді А.Жұмаділдаев.

Мемлекет кадрларды даярлауға қомақты қаражат бөлуде. Мысалы, кадр даярлауға 2 жыл ішінде 234 млрд теңге бөлініп, жыл сайын 300 мыңдай жас маман жоғары және кәсіптік тех­ни­калық білім алып шығады. Алай­да бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық ресми статистикаға сәйкес 82 400 адамды құрайды.

Түйін

Жастардың алыс-жақын шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына көз тігу үрдісі Қазақстанда ғана жүріп жатқан жоқ. Еліміздің орталық органдары бұл мәселенің бақылауда екенін айтқанымен, «халықаралық стандарт», «тәжі­рибе», «қалыпты жағдай» деп өзімізді өзіміз сендіріп отыр­ғанда, болашақта негізгі жұмыс күшіне айналатын буыннан айырылып қалмасақ болғаны. Бұл – қаперге алатын мәселе.

 

АЛМАТЫ