02 Қазан, 2013

«Адалдарға – кішімін, арамзаның – сұсымын...»

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халық композиторы, ақын әрі балуан Иманжүсіп Құтпанұлы туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп. Жақында Шымкентте Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына арналған «Тарихи тұлғаларға тағзым» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл іс-шараға қатысушылар Иманжүсіппен бірге тарихи тұлғалар, оның әкесі – Құтпан батыр, атасы Тұрғанбай датқаның өмір жолы туралы кеңінен әңгіме қозғады.

Халық композиторы, ақын әрі балуан Иманжүсіп Құтпанұлы туралы ел аузында аңыз-әңгімелер көп. Жақында Шымкентте Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығына арналған «Тарихи тұлғаларға тағзым» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл іс-шараға қатысушылар Иманжүсіппен бірге тарихи тұлғалар, оның әкесі – Құтпан батыр, атасы Тұрғанбай датқаның өмір жолы туралы кеңінен әңгіме қозғады.

«Адалдарға – кішімін, арам­заның – сұсымын...» деп жырлап, ел ішіне алдымен ақындығымен, әншілігімен, батырлығымен танылған Иманжүсіп шынында ерлік пен игі істер үшін жаралған жан сияқты. Жас кезінен-ақ ай­наласының үлкен құрметіне ие болды. Иманжүсіпті жұрт өздерін зорлық-зомбылықтан қорғай ала­тын адам деп білді. Оның әкесі Құтпан 17 жасынан бастап Кенесарының жасағында болған. Ал атасы Тұрғанбай датқа тарихта Қоқан хандығына қарсы азаттық күрестегі ерліктерімен ерекшеленді. Ол Қоқан ханды­ғынан Түркістан жерлерін қайта­рып алмақ болған шайқаста қаза табады. Тарихта бұл шайқас Ші­лік оқиғасы деген атпен белгілі. 1916 жылы «Қазақ» газетінде «Тұр­ғанбай және оның жоғалған ұлы» деген мақала жарияланып, онда 1913 жылдары Иманжүсіптің Шиелі жаққа сапарлап келгені айтылады. Тұрғанбай датқаның тірі көзі, ұр­пағы Иманжүсіпті ел ықыласпен қарсы алып, өз алдына отау тігіп, алдына мал салып берген. Бірақ бір жағы балуан, бір жағы батыр, елінің азаттығы үшін ештеңеден аянбайтын ол 1916-жылғы ұлт азаттық қозғалысында әскер басқарып, кейіннен атылып кетеді. Яғни, бұл әулеттің үш бірдей буыны, атасы, баласы, немересі осы азаттық пен бостандық үшін күресіп, тәуел­сіздіктің жолында құрбан бол­ған жандар. Иманжүсіптің шы­ғар­машылығының шағын бөлігі ғана сақталған. Дегенмен, «Сары­мойын», «Сарыарқа», «Әкем Құт­пан», «Сарыбел», «Ерей­мен­тау», «Сейфіл-Мәлік» әндері бүгін­гі ұр­паққа етене таныс.

«Бұған дейін Ақсу қаласы орталығында Иманжүсіптің мүсіні орнатылды. Жаңа спорт сарайына есімі берілді. Бұдан бөлек өмірі мен шығармашылығына арналған «Тұлпар ізімен» атты кітабы жарық көрді. Міне, енді Шымкентте үлкен конференция өтіп, осынау тарихи тұлғаларды ұлықтап жатыр.

– Мансұр Бекежанов деген ақынның Тұрғанбайға арналған дас­таны бар. Бірақ біз оны бөлек кітап қылып шығарып, жұртқа тарата алмай жатырмыз. Бұл шығармаға жүз жылдай уақыт болды, ал, ондағы автордың қозғайтын әңгімесі осы күннің өзекті мәселелері болып отыр,– дейді ақынның немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова.

Иә, шынында тәуелсіз елде Иманжүсіп секілді ұлы тұл­ға­лар­ға жаңа заманның жаңаша сөзі, көзқарасы керек. Бұл тұл­ғаның ру­хын тұғырына қон­дыратын уақыт болды. Бұл күні Сағадат Нұр­мағамбетов атындағы қоғамдық қордың Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы бөлімшесінің ұйым­дас­тыруымен Отырар ауданының Шілік ауылында осынау үш тарихи тұлғаға ескерткіш ашылып, қазақша күрестен жарыс өтіп, соңынан ас берілді.

«Қазір елімізде Елбасымыздың бастамасымен қазақ тарихын зерттеуде жаңа бір толқын, жаңа бір леп жүріп жатыр ғой. Иманжүсіп тарихта ұлт рухын тірілткен тұлға ретінде қалды. Сондықтан бұл тұлғалардың ерлік істері, өнеге толы өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі. Жас ұрпақ олардың жалынды өмірлерін жаттап өсіп, содан қуат, рух алсын деген ниетпен осынау іс-шараны ұйымдастырдық»,– дейді «Саутс Ойл» ЖШС-інің төрағасы, белгілі меценат Серікжан Сейітжанов.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.