Қоғам • 17 Маусым, 2020

Ата-ананың аялы алақаны – баланың иммунитеті

871 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргідей пандемия өршіп тұрған жағдайда ересек адамдардың жауапкершілік жүгі екі есе ауырлай түсті. Себебі олар өзімен қатар үйдегі балаларға да қамқор болып, кішкентайларды қауіпті індетті жұқтырып алудан қорғауы керек.

Ата-ананың аялы алақаны – баланың иммунитеті

Ең алдымен ересектер бала­ларға қолды жиі жуу, көп­шілік орындарда мін­детті түрде маска тағу, сани­тай­зерлерді қолдану секілді вирустан сақтанудың қарапайым қағидаларын үйретуі тиіс. Содан соң кішкентайлар­дың жақсы тамақтануына, таза жүруіне мән беру керек. Ал ашық алаңдарда балаларды мас­ка тағып ойнауға мәжбүрлеудің қажеті шамалы.  Өйткені ойын ойнағанда бала секіріп, жүгіріп белсенділігін арттырады, ондайда маска кері әсерін тигізуі мүмкін.

3 жастан жоғары балаларға вирустан қалай сақтануға болатынын үйрететін ертегі немесе түрлі танымдық кітапшаларды оқып беруге болады. Мысалы, UNICEF балалар қорының Қазақстан­дағы өкілдігі жақында БҰҰ-ның IASC (Inter-Agency Standing Committee – Ведомствоаралық тұрақты комитеті) гуманитарлық серіктесі шығарған «Сен – менің батырымсың» атты ертегісін қазақ­шаға аударды. Жал­пы, жұқ­палы аурулардан сақ­тану­­дың кеңестері көр­сетілген кітап­ша­ларды еліміздің әр өңіріндегі ем­ханалардан да табуға болады. 

Емізулі нәрестесі бар ата-аналарға айтарым, 6 айға дейін тек ана сүтін емген шақа­лақтың түрлі ауруларға қарсы иммунитеті жоғары болады. 6 айдан соң ана сүтімен бірге қосымша тамақтарды ішкені дұрыс. Жалпы, ата-аналарға айтар тағы бір кеңесім дәл осы өкпенің қабынуына алып келетін COVID-19 кезінде баланың тыныс алу жиілігін жиі бақылап, санап отыру қажет. Айталық туғаннан 2 айға дейін сәбидің тыныс алу жиілігі 60-тан асса немесе 2 айдан 1 жасқа дейінгі нәрестеде 50-50-ден жоғары болса, қабынудың алғашқы белгісі барын білген жөн.

1

Еліміздегі статистикаға көз жүгіртсек, қауіпті індетті жұқ­тыр­ғандардың арасында бала­лар саны аз. Өйткені кішкен­тайлардың ағзасы ересектер мен жасы жеткен жандарға қараған­да, анатомиялық ерекшелігіне қа­рай түрлі тосын жайттарға, атап айт­қанда, жұқпалы аурулар­ға, қа­бынуға төзімді келеді. Шын­дығында, бүгінде біршама бала коро­навирустың симптомсыз түрін бастан өткізіп жатыр. Мұн­дайда ауруды тек ағзаның вирус­қа қарсы тұру қабілетінің күшімен ғана жеңіп шығуға болады. Ал баланың бойындағы иммунитет тек тазалық, тамақ­тану, белсенділікпен ғана емес, отбасындағы жақсы көңіл күй­мен де қалыптасатынын, күше­йетінін білу керек. Себебі ата-ананың аялы алақаны – баланың иммунитеті.

 

Нұрхан МАДАЛИҚЫЗЫ,

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, педиатр

Соңғы жаңалықтар