Руханият • 18 Ақпан, 2021

Мәулен Әшімбаев: Тақсіретті кезеңді ұлт жадында сақтау мақсатында «Аза сарайы» мемориал-кешені бой көтереді

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің алдымызда тұрған ең негізгі міндет – Тәуелсіздікті нығайту. Ол үшін ұлттың тарихи санасын жаңғырту аса маңызды. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

Мәулен Әшімбаев: Тақсіретті кезеңді ұлт жадында сақтау мақсатында «Аза сарайы» мемориал-кешені бой көтереді
«Тарихи сананы жаңғырту – халқымыздың дәуірлеген кезеңдерімен бірге, «тар жол тайғақ кешулерін» де ұмытпай, озық тұстарымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығару деген сөз. Осы ретте шежіремізге қасіретті жылдар ретінде жазылған ашаршылық тақырыбын көтеру өте орынды. Әсіресе азаттықтың 30 жылдығы аясында аталған ақтаңдақты зерттеуге басымдық берілуін заңды деп қабылдаймыз. Өйткені бұл мәселеде әлі де болса ашылмаған ащы ақиқаттар аз емес», дейді Сенат Төрағасы.
 
Осы орайда Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта мемлекеттің қолдауымен осы бағыттағы жүйелі және кешенді жұмыстар жалғаса беретінін баса айтты.
 
«Бұған Президентіміз баса мән беріп отыр. Соған сәйкес ғылыми институттарды жұмылдыру, архив материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, ақпараттық қолдау көрсету сияқты бағыттар бойынша тиісті министрліктерге тапсырмалар берілді. Осындай мәселелерді талқылау үшін Парламент Сенаты Мемлекет тарихы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарымен бірлесіп, осы аптада арнайы дөңгелек үстел өткізгені белгілі. Іс-шара барысында аталған бағытта атқарылуға тиіс шаралар жан-жақты сөз болды», деді Мәулен Әшімбаев. 
 
Сенат Төрағасының айтуынша, зерттеу жұмыстары кезінде, алдымен, ашаршылық құрбандарын түгендеудің және олардың нақты санын анықтаудың маңызы зор.
 
«Әрине, құрбандардың аты-жөндерін анықтау оңай шаруа емес. Ол үшін мүмкіндігінше әр әулеттің шежіресін де жіті зерделеген жөн. Бұл жұмысқа өңірлердегі университеттердің ұстаздары мен студенттерін де жұмылдырған дұрыс болар еді. Алапат аштыққа арналған дөңгелек үстел барысында ғалымдар тарапынан осындай ойлар айтылды. Сонымен қатар осы нәубетті бастан өткерген куәгерлердің естеліктерін жинау да көп жайтты анықтауға септігін тигізеді. Мәселен, Мекемтас Мырзахметұлы ағамыздың «құндақтағы қарындасы» жайлы аянышты оқиғасы көпшілікке белгілі. Ел арасында айтылып жүрген осындай естеліктерді жазып алуымыз керек. Себебі, бұл жадымызды жаңғыртуға тың серпін беретін негізгі тетіктердің бірі», деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
 
Өткізілген іс-шара қорытындысы бойынша ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдері айтқан пікірлердің негізінде арнайы Ұсынымдар дайындалды және ол тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Онда жоғарыда айтылған мәселелермен бірге, бірқатар ұсыныстар көрсетілген. Атап айтқанда, аштық салдарын анықтау, құрбандардың цифрлық базасын жасау, шетел архивтеріндегі құжаттарды зерделеу, елден босып кетуге мәжбүр болғандардың кейінгі тағдырларына назар аудару және нақты деректерге сүйенген кітаптар шығару, фильмдер түсіру, театрлық қойылымдарды сахналау сияқты бастамалар бар.
 
«Тақсіретті кезеңнің тауқыметін ұлт жадында сақтау, әсіресе, жастарымыздың санасына сіңіру мақсатымен «Аза сарайы» мемориал-кешенін салу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мұның бәрін ашаршылық жылдарында құрбан болған бабалар рухына тағзым етуге арналған шаралар деп қабылдаймыз. Алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынады деп сенеміз. Барлық іс-әрекет Сенаттың қолдауымен және сенаторлардың бақылауымен іске асырылатынын атап өткім келеді. Шын мәнінде, бұл бастамалар елдігіміздің еңселі, егемендігіміздің мәңгілік болуына өз үлесін қосатын маңызды дүние екені сөзсіз. Осы жазбаға сол дөңгелек үстелде сөйлеген қорытынды сөзімнің видео нұсқасын қосып отырмын. Онда ашаршылық тақырыбын зерттеу кезінде ескерілуі керек шаралар қамтылған», деп түйіндеді Сенат Төрағасы.