Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2022

Алматыда көлік логистикасына арналған бизнес форум басталды

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «NEW SILK WAY» V Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда көлік логистикасына арналған бизнес форум басталды

Қазақстанның көлік апталығы шеңберінде ұйымдастырылған алқалы басқосуға 14 елден 350-ден астам делегат қатысуда.

Еліміздің транзиттік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатындағы форум жұмысы «Қазіргі жағдайдағы көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту» панельдік сессиясымен ашылды.

Жиынды Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов ашып, Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайдағы Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізі екенін айтты.

«Бүгінде елімізде көлік дәліздерінің тармақталған желісі бар. Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін негізгі халықаралық көлік желілерімен байланысы өте тығыз. Қолданыстағы транзиттік бағыттарды дамыту және жаңаларын құру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту біздің елдер үшін тиімді және осы тараптағы жұмысты одан әрмен жалғастыру өте маңызды», деп атап өтті вице-министр.

Қазақстан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі, Ляньюньган теңіз портындағы (ҚХР) логистикалық терминал, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА сынды жобаларды табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ қазіргі күнде Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізінде теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдау көлемін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Осыған орай Ақтау теңіз порты базасында контейнерлік хаб құрылады.

«Контейнерлік хабты құру жобасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Жобаның жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау жылдамдығын және Түркменбашы – Ақтау – Қытай транзиттік дәлізінің өткізу қабілетін дамытуға мүмкіндік бермек», деді өз сөзінде Алмаз Ыдырысов.

Жоба нәтижесінде 2025 жылға қарай Ақтау теңіз порты арқылы жүк тасымалдау көлемі 40 мыңнан 133 мың жиырма футтық эквивалентке артпақ. Бұдан бөлек, логистикалық маршруттарды жалғайтын 10 паром, 18 жүк тиеу танкеріне арналған флот құрылысын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынуда.

Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісінің құрылысы мен Достық – Мойынты темір жол дәлізін жаңғырту жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаларды іске асыру Ресей – Орталық Азия, Қытай – Еуропа транзиттік бағыттары бойынша жүктерді тасымалдау жылдамдығын бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бермек. Осы ретте айта кетерлігі, жыл басынан бері Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік жүктер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артып, 499 мың ЖФЭ-ні құрады.

Қазіргі уақытта елімізде транспорттық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. ҚР ИИДМ вице-министрінің айтуынша, барлық көлік дәліздеріндегі құрылыс жұмыстары 2030 жылға қарай толық аяқталады.

Сонымен қатар форумда көлік саласындағы жаңа мүмкіндіктер, халықаралық автомобиль тасымалдары, теңіз және теміржол логистикасы мен салада кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.

Екі күнге жалғасатын Халықаралық көлік-логистикалық бизнес форумы аясында «Көлік және логистика» Қазақстандық халықаралық көрмесі де өтеді.