Қоғам • 30 Қараша, 2022

Ұлы көшке жол ашық

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы тоғыз айда Қазақстаннан 20,3 мың адам өзге елдерге қоныс аударған. Ал осы аралықта елімізге 11 мың адам келген. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 51,7 пайызға артық. Қандас мәртебесін алғандардың саны да өткен жылдармен салыстырғанда басымырақ. Қазір мемлекет ұлы көшке баса назар аудара бастады. Өйткені 2025 жылға дейін Ұлттық жоспарға сәйкес атамекенге 80 мыңдай шетте жүрген қандасты қайтару күн тәртібінде тұр.

Ұлы көшке жол ашық

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министр­лі­гінің хабарлауынша, жыл басынан бері 15,637 мың этностық қазаққа қандас мәрте­бе­сі берілген. Тарихи отанымен табыс­қан­дар­дың жарты­сынан көбі (65,2%) Өзбек­стан­нан, 9,2%-ы Қытайдан, 8,8%-ы Ресейден, 8%-ы Түрік­менстаннан, 4,8%-ы Моң­­ғолиядан және 4 пайызы басқа елдерден келген. Атаме­кенге келген этностық қазақтар негізінен Алматы (28,1%), Маңғыстау (16,3%), Түркістан (8,7%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (9%), Шымкент (6,9%) және Алматы (5,5%) қа­лаларына қоныстанған. Елге оралғандардың арасында еңбекке қабілетті жаста­ғы­ла­рдың саны 59,6 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 26,7 пайызды және зейнеткерлер 13,7 пайызды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қан­дас­­тардың 16 пайызы жоғары, 39 пайызы орта кәсіби, 43,1 пайызы жалпы орта білімді және 1,9 пайызының білімі жоқ.

Елге оралған қандастар са­нының артуына Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бо­­­йынша Үкіметтің оларға жасап жатқан «қамқорлығы» себеп. Кеше Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023-2027 жылдарға ар­налған «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасын ұсынды. Онда елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру мә­се­лесі енгізілген. Мәселен, тұ­жырымдамада гранттар бе­ру, қоныс аударушылар мен қан­­дастарды оқытуды ұйым­дас­тыру, кейін­нен жұ­мыс­қа орналасуға жәр­дем­десу мәсе­­ле­сі ұсынылған.

«Қандастарды қоныс­та­н­дыру саясатын елдің демо­гра­фиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныс­тан­дыру өңірлеріне қоныс­тан­ды­ру­ды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», деді министр.

Үкімет қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын айқындаған өңірлерге (Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) ғана бөледі. Өңір­лік квота бойынша қоныс аудар­ғандар отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем және 12 ай ішінде тұрғын үй жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге бір отбасыға 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде субсидия түрінде қаражат төленеді. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес қандастар елге кіру ке­зін­де көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлем­дерді төлеуден босаты­ла­ды, олар бейімдеу және ық­пал­дас­тыру орталықтарына тегін бара алады, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота бөлінеді (ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген). Сонымен қатар олар ел азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамты­ла­ды, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өті­ніш бере алады және елде тұрақты тұратын қандастар же­ңіл­­детілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Респуб­ли­касының азаматтығын ала алады.

Айта кетейік, тәуелсіздік алға­лы елге 1 миллион 103,5 мың этностық қазақ оралған. 1991-1992 жылдардың өзінде 7 мың қазақ атажұртқа келді. Олардың басым бөлігі Өзбек­стан, Қытай, Моңғолия, Түрік­менстан, Иран және Ауған­стан­нан қоныс аударған. Елдегі 19 миллион астам халықтың 6 па­йызын атамекенге оралған қан­дастар құрап отыр. Өзге елдерде әлі де 4,5-5 миллионға жуық қазақ бар. 2025 жылға дейін межеленген Ұлттық жоспар іске асса, олардың 80 мыңға жуығы туған топырағына оралмақ.

Соңғы жаңалықтар