Қаржы • 10 Тамыз, 2023

Әртараптандыру межесін меңгере аламыз ба?

242 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Экономиканы әртараптандыру ресурстық-шикізаттық құрылымды бұрын елде өндірілмеген және сыртқы нарықта бәсекелестік артықшылықтарға ие жаңа технологиялық, күрделі өнімдерді жасауға бағдарланған жаңа құрылымға айналдыру арқылы жүзеге асуға тиіс. Бірақ Жоғары аудиторлық палата елімізде жаңа бағыттарды дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей отыр деген пікірде.

Әртараптандыру межесін меңгере аламыз ба?

2021-2025 жылдарға арналған «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының мақсаты ‒ экономи­ка­ны әртараптандыру. Былтыр ұлттық жоба­ны қаржыландыру көлемі 2 636,4 млрд теңгені құраған. Оның ішінде бюд­жеттен тыс қаражат ‒ 2 479,3 млрд теңге (94,1%), республикалық бюджет – 157,1 млрд теңге (5,9%). Ұлттық жобада 12 стратегиялық көрсеткішке қол жеткізу көзделген. Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне жасаған қорытындысында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі толық ақпаратты ұсынды. ЖАП мәлімдеуінше, әртараптандыру барысын объективті қадағалау үшін елдің экономикалық күрделілігі индексін және жаңа, жоғары технологиялық өнімдер экспортының нақты көлемінің өсуін мониторингтеу, бағалау құралдарын енгізу қажет. Мысалы, 2021 жылы осы индекс бойынша еліміз 131 елдің ішінен 77-орынға ие болды (0,28). Рейтин­гтегі көршілеріміз ‒ Гватемала (0,24) және Марокко (0,28). Тізімді Жапония (2,06) мен Швейцария (1,94) басқарып, Гви­нея (1,84) мен Чад (1,93) аяқтайды. Пост­кеңестік елдер көрсеткіштеріне келсек,­ Лит­ва ‒ 0,91, Беларусь ‒ 0,84, Украина ‒ 0,49, Ресей ‒ 0,46, Грузия ‒ 0,01, Молдова ‒ 0,02, Армения ‒ 0,19 және Қырғызстан 0,28 дең­ге­йіне тұрақтаған.

Жоғары аудиторлық палата бұл ұлттық жобаны іске асыру экономика құрылымының өзгеруіне айтарлықтай әсер етпейді деген қорытындыға келді. Өйткені ұсынылып отырған іс-шаралар жаңа жобалардан гөрі жұмыс істеп тұрған салаларды жаңғыртуға көбірек бағытталған. Ұлттық жобаның әлеуметтік әсері 4 көрсеткішке қол жеткізумен ұсынылған. 2022 жылы оларды іс жүзінде орындау бойынша ресми деректер ЖАП қорытындысы жарияланған кезде әлі қалыптаспаған. Сондай-ақ халықтың нақты ақшалай табысы 2019 жылға қарай 10%-ға артады деп межеленсе, ол 2022 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,2%-ға ғана өсті. Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, бұл міндеттің осындай қарқынмен 2025 жылға қарай орындалуы екіталай.

Жоғары аудиторлық палата есептеуінше, өңдеуші өнеркәсіп қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуі 2020 жылға қарай 24,1%-ды құрады (жоспар ‒ 22,4%). Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 14,5%-ға тең болған. Бұл ретте 2022 жылғы IV тоқсанда жалақының сатып алу қабілеті 2021 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткішімен салыстырғанда 2,8%-ға ғана өсті. ЖАП орташа жалақының өсу қарқыны 2025 жылға қарай осы көрсеткіш бойынша жоспарланған параметрлерге сәйкес келеді деп санайды. Электр энергетикасы саласында орташа жалақының өсуі 2020 жылға қарай 20% деңгейінде жоспарланған. Алайда орташа жалақының өсу қарқынының баяу­лауына байланысты бұл көрсеткіш бойынша жоспарланған параметрлерге қол жеткізбеу қаупі бар. Мұнай-газ химиясы саласы қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуі 2020 жылға қарай 9% деңгейінде жоспарланған. Кейінгі жылдардағы инфляцияның жоғары деңгейі (2022 жылы – 20,3%, 2021 жылы – 8,4%, 2020 жылы – 7,5%) 2019 және 2020 жылдармен салыстырғанда халықтың нақты ақшалай табысын төмендетеді. Сондықтан ЖАП осы көрсеткіштерді базалық жылға қарай қайта есептеу кезінде олардың орындалмауы мүмкін екеніне назар аударады.

Ұлттық жобаның экономикалық әсерін талдай келе, ЖАП былтыр 27,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланғанына (тұрақты – 24,3 мың, уақытша – 3,5 мың), ал іс с жүзінде 16,6 мың жұмыс орны құрылғанына (тұрақты – 14,6 мың, уақытша – 2 мың) тоқталған. Сол сияқты өңдеу өнеркәсібінде (мұнай-газ химиясыз) 23,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, іс жүзінде 14,4 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Зауыттардың толық қуатына шықпауы жұмыспен қамту мәселесіне де кері әсер етеді. Айталық, мұнай-газ химия­сы саласында жоспарланған 498 жұмыс орнының 129-ы ғана құрылды. Жоспарлы мәндерге қол жеткізбеу Атырау облысында полипропилен және Батыс Қазақстан облысында метанол өндіретін зауыттар салу жөніндегі жобаларды іске асыру кестесінің өзгеруімен де байланысты болды. Сонымен қатар энергетика саласындағы жоспар ‒ 2 620 жұмыс орны (тұрақты – 120, уақытша – 2 500) болса, қол жеткізілгені ‒ 1 093 (тұрақты – 158, уақытша – 935). Тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жоспарлы мәндерді асыра орындау 2022 жылға жоспарланбаған жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) 4 нысанын: үш жел және бір күн электр стансасын пайдалануға берудің арқасында мүмкін болды. Дегенмен бірқатар жобаның (Атырау ЖЭО ‒ 130 МВт, Sagat energy ‒ 30 МВт, Риддер ЖЭО ‒ 30 МВт, СевКазЭнерго ‒ 47,8 МВт) іске асыру мерзімдерін ауыстыру себепті уақытша жұмыс орындарын құру бойынша жоспарлы мәндер игерілмеді.

Жоспар бойынша 2 475,6 млрд теңге жеке инвестициялардың нақты көлемі 2022 жылы 2 972,4 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі (мұнай-газ химиясыз) 1 567 млрд теңге жоспардағы нақты мән 2 071,3 млрд теңгені асыра орындаумен қалып­тасты. 2022 жылы жалпы сомасы 2 трлн теңгеге (4,3 млрд доллар) 160 жоба іске асырылып, 14,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Ақмола облысында – 21, Солтүстік Қазақстан облысында – 13, Шымкент қаласында 14 жоба іске қосылды. Үш аймақ бойынша жобалар саны олардың жалпы санының 48 немесе 30%-ын құрайды. Сондай-ақ инвестициялардың едәуір бөлігі Атырау (54,6%), Қарағанды (10,4%) және Ақмола (9,1%) облыстарындағы жобалар есебінен қамтамасыз етіледі. Ақмола (16,8%), Қарағанды (12,2%) және Солтүстік Қазақстан (9%) облыстарында жұмыс орындарының басым бөлігі құрылды. 2022 жылы іске қосылған барлық жоба то­лық қуатына шыққан кезде олардың өн­діріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құ­райды. Оның ішінде 1,1 трлн теңгеге өң­дел­ген өнімді экспорттау жоспарлануда. Им­порт­ты­ алмастыру көлемі ‒ 0,6 трлн теңге.

Сонымен қатар 574,4 млрд теңге қаржы құйылуға тиіс мұнай-газ химиясы саласына салынған жеке инвестициялардың нақты көлемі 517,5 млрд теңге болды. Қашаған газ өңдеу, полиэтилентерефталат өндіру және метанол өндіру сияқты зауыттарды салудың баяу жүруі көрсеткіштің біршама төмендеуіне әкелді. Мысалы, Қашаған МӨЗ жобасы 2022 жылдың басында әрі қарай «QazaqGaz» балансына берумен және құрылыс жұмыстарын тоқтата тұрумен сыйға тарту шарты бойынша GPCI компаниясына республикалық меншікке берілді. «Полиэтилентерефталат» жобасына келсек, оған әзірге шикізатты («АМӨЗ» ЖШС-дан параксилол) жеткізуге кепілдік жоқ. Ал «метанол» жобасы бойынша қаржыландыру мәселесі шешілмеді. Өйткені Өнеркәсіпті дамыту қоры зауыттың бүкіл өмірлік цикліне (шамамен 2050 жылға дейін) шикізат жеткізу бойынша кепілдік сұрайды. Жоба үшін шикізат табиғи газ екенін ескере отырып, оны сыртқы жеткізушілерден 2050 жылға дейін жеткізудің тұрақтылығына кепілдік беру мүмкін емес.

334,2 млрд теңге көзделген энергетика саласына жеке инвестициялардың нақты көлемі 383,9 млрд теңгені құрады. Асыра орындау 2022 жылға жоспарланбаған ЖЭК 4 объектісін пайдалануға берумен байланысты. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғайту 31,8 млрд долларлық жоспарда нақты көрсеткіш (аралық деректер) 34,1 млрд долларды құрап, 107,2%-ға орындалды.

Мұнай-газ-химия өнімдері экспортының өсуі 387 млн доллар жоспарымен нақты көрсеткіште 165,3 млн доллар көлемінде қалыптасты. Межелі көрсеткішке қол жеткізбеу полипропилен өндіру жөніндегі жобаны іске асырумен байланысты. Былтыр қарашада пайдалануға берілген зауытта қазіргі уақытта технологиялық қондырғылардың сынақ жұмыстары жүргізілуде. Пандемияның әсерінен жобаның негізгі жұмыстары 2021 жылдан бастап 2022 жылға ауыстырылған.

Қазіргі күні республикамызда 70-тен­­ аса энергия беруші мекеме «Электр энер­­ге­тикасы туралы» заңның талапта­ры­на сәйкес келмегеніне қарамастан қызметін жалғастыруда. Бұл ретте энергия беруші мекемелер санын 132-ге қысқарту көзделгенімен, олардың саны – 145. Жауапты орган электр беру желілерін тұтынушыға жекешелендіру арқылы өз тарифтерін асыра бағалайтын және осылайша халық үшін түпкілікті тарифке әсер ететін энергия беруші ұйымдардың санын қысқартуға міндетті. Мұндай жеке энергия беруші ұйымдардың санын азайту үшін өтемдік тарифтерді қолдану әрекеті тиімді болмады.

Жалпы, 2022 жылы елімізде 10 ұлттық жоба жүзеге асырылды. Жоғары аудиторлық палата есебінде Мемлекет басшысының азаматтарға түсінікті, көрсеткіштері мен индикаторлары аз ұлттық жобалар форматына көшу бойынша қойған міндеттеріне қол жеткізілмегені айтылды. Әзірленген ұлттық жобалардың көлемділігі, оларға іс жүзінде бірдей іс-шаралар мен кемшіліктері бар инвестициялық жобалардың енгізілуі байқалады. Жоғары аудиторлық палатаның мәлімдеуінше, ұлттық жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы әлсіз. Нәтижесінде, жұмыс тиімсіз басқарылады. Жеке жоспарланған көрсеткіштерді асыра орындау мәселесі де өзекті. Бұл жобаны қалыптастыру кезеңіндегі индикаторларды сапасыз жоспарлау мен болжауды (асыра бағалауды) көрсетеді. Ведомство бөлінген қаражатты игермей, көрсеткіштерге қол жеткізу фактілерін де анықтаған. Бұл стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың теңгерімсіздігіне әкеледі.