Мирас • 11 Наурыз, 2024

«Абат батырды» жырлаған ақын

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, жыршы, қобызшы Мәлік Әлмұратовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір жырын жырлайды ақын жүрек» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл жинаққа ақынның «Ақбикеш» поэмасы, «Жамал қыз», «Әйел теңдігі» өлеңдері, Жамал қыз бен Зәкәрия, Қазбай, Бедермен айтыстары, «Абат батыр» жыры енді. Жинаққа енген өлеңдер мен жырлар ақынның қызы Сұлушаш Мақашева ұзақ жыл сақтап келген қойын дәптерлерден көшіріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қолдауымен жарық көрді.

«Абат батырды» жырлаған ақын

Мәлік Әлмұратов 1907 жылы Ырғыз ауданының Жиделібұлақ деген жерін­де дүниеге келген. 1932-1936 жылдары Ырғыздағы халық театрында түрлі сахна­лық рөлдерді сомдап, одан кейін Мамыр деген жерде кеңес өкіметінің халықтың сауатын ашуға арналған «Қызыл отау» ұйымын басқарған. Сол жылдары «Қызыл отауға» оқуға келген адамдардан көне жырлар мен аңыздарды, айтыстарды жазып алған. Мәлік Әлмұратов өзінің ұстазы Тілепберген жыраудан «Абат батыр» жырын үйреніп, қағазға түсірген. Осы жырдың толық нұсқасы 1965-1966 жылдары «Қазақ ертегілері» жинағы­ның ІІ томында жарияланған. Мәлік жырау 1942 жылы соғысқа алынып, 1943 жылы Беларусь майданында жамбасынан ауыр жараланып, елге оралған соң әуелі Ырғызда, кейін қазіргі Әйтеке би ауданының «Жабасақ» кеңшарында мектеп мұғалімі болып жұмыс істейді.

Ауыл арасынан ұзап шықпаса да, көкірек көзі ашық жан ел ішіндегі аңыз-әңгіме, қисса-дастан мен айтыстар­ды қағазға түсіріп қана қоймай, халық басы­нан өткен оқиғаларды да түртіп отыр­ған. Жазғандарын жұрт көзіне көрсет­пей, сандығында ұстаған. Бұл кісінің қобыз­шылық өнері де ерекше екен. Алайда кеңес өкіметінің саясаты қобызды ескіліктің сарқыншағы деп бағалағандықтан, сол заманда қобызшылар шетқақпай көрді. Сұлушаш апай бала кезінде әкесінің оңаша бөлмеде қобызын қолына алып, бір әуендерге ыңылдап қосылып отыратынын есіне алады. Соғыстан кейінгі жылдары, дүние қат кезде қолына түскен ағаштан кебеже, жүксалғыш, кереует жасайтын шеберлігі де болған. Көпқырлы талант иесі 1989 жылы дүние салған. Көзі тірі кезінде Мәлік қобызшының мұралары жиналмаған. Ырғыз өңіріндегі жыраулық-жыршылық өнердің үлгісіндей болған сан қырлы талант иесінің шәкірттері де белгісіз.

 

Ақтөбе облысы