Өнер • 12 Қараша, 2024

Қойылымдар шеруі: қызық пен шыжық

363 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы әкім­дігінің қолдауымен және Н.Жантөрин атын­дағы музыкалық драма театрының ұйымдас­ты­руымен Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған «Abish alemi» ІІІ халықаралық театр­ фестивалі өткені белгілі. Фестивальдың салтанатты ашылуы теңіз жаға­лауындағы амфитеатрда болды. Иран, Грузия, Қырғызстан, Татарстан және өз елімізден қатысқан театр ұжымдарының өнерін саралап көрдік.

Қойылымдар шеруі: қызық пен шыжық

Фестиваль шымылдығын Х.Бөкее­ва атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Қаралы сұлу» спектаклімен ашты. Ұлы жазушымыз М.Әуезовтің аталған әңгімесін асқан шеберлікпен пьесаға айналдырған (1996) Р.Мұқанованың бұл туындысына жас режиссер Алмат Шәріпов басқаша үңілген екен. Ол спектакль жанрын метафизика деп анықтап, алты жыл бойы сүйген жарын жоқтап, жүзінен қайғы табы кетпеген Қарагөздің жан дүниесіндегі арпалысты ашуды мақсат еткен. Режиссер Қарагөз­дің жалғыздығы мен ауыл адамдары­ның буырқанған тіршілігін қатар көрсетуге тырысқан. Сахна түкпіріндегі көпшілік домбырамен ән салып, ойындар ойнап, өзара қалжыңдасып жүреді. Бірақ сондай жар­қын өмірге Қарагөз – Х.Шамелова тарапы­нан ешқандай қызығушылық жоқ. Тіпті қаралы сұлу оларға көзінің қиығын да тастамайды. Осы тұста А.Шәріпов келіншек сезімінің оянуына айналасындағы думанды тіршілік­тің әсер еткенін актерлік ойын арқылы көрсетуі қажет еді.

Содан соң режиссерлік оқылымда Қарагөз өз нәпсісін жеңе алмай соның құр­ба­нына айналады. Ал драматург идеясы бо­йынша жас әйел тән қалауын жеңіп, адам рухы­ның мықтылығын паш етеді. Біздің пікірімізше де қойылымның сахналық үлгісі мен шешімін әдеби шығарманың терең зерттелген мазмұнынан, көркемдік сипатынан туындайтын өзіне тән ерекшелігінен іздесе үлкен нәтижеге жетуге болар еді.

па

Келесі өнер көрсеткен С.Амутаев атын­дағы Мензеле Мемлекеттік татар драма театры Ф.Буляковтың «Сүйесің бе, сүй­мей­сің бе?» деп аталатын трагикомедия­сын ұсынды. Спектакль оқиғасы өмір бойы қатар жүріп бірге қартайған ерлі-зайыптылардың өзара жарастықтары туралы. Жаныңдағы сүйікті жарыңды бағалау, оның қадірін түсіну аса маңызды екені туралы ойлар қозғалады. Бірақ режиссер Ильсур Казакбаев (Башқұртстан) қойылымды трагикомедиялық биікке көтере алмаған. Спектакль бір сарынды баяндауға құрылып, тұрмыстық драма деңгейіне түсіп кеткен. Актерлер қанша тырысқандарымен де қойылымның екпін-ырғағы бір қалыптан өзгерген жоқ.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Йерма» қойылымын фестиваль қатысушылары мен көрермен қа­уым әрқилы қабылдады. «Йерма» деген сөздің мағынасы испан тілінен аударғанда «жеміссіз», «тұл», «бедеу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да бұл спектакль бедеу әйелдің тағдырын көрсетуге құрылған. Дина Жұмабай қай шығарманы қолына алса да сахналық тың идея, басқаша көркемдік үлгі-үрдіс, көзіміз үйрене қоймаған плас­тикалық шешім тауып, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі сезім шарпылыстарын актерлердің ойыны арқылы жеткізуге көңіл бөледі. Бұл қойылымның сыртқы пішіні де бөлек. Спектакль оқиғасы сахнаның үстіне жайғасқан көрермендердің алдында ойналды. Режиссер топырағы бұрқырап терең қазылған төртбұрышты көрге бір­неше семиотикалық мағына сыйдырған. Бастапқыда көр – Йерма мен оның күйеуі Хуан екеуінің отауы болып елестейді. Олардың арасында бала жоқ болса да әдемі жарастық бар. Әйелі күйеуін жұмысқа қимастықпен шығарып салады. Уақыт өте келе баласы болмай шарқ ұрған Йерма өз үйінде нағыз тұтқынға айналып, жаны ышқынады, психологиялық күйзеліске тап болады.

Дина Жұмабай алғашқы сахнадан бас­тап көрдің шетімен жүріп келе жатқан Йермаға «әлди, әлди» деген сөзді айтқызып, көрермен назарын қойылымның басты мәселесіне бұрады. Сахналық жарық пен музыка да спектакльге ерекше серпін беріп, кейіпкердің контрастық хал-күйін жеткізуге мол септігін тигізді.

Йерма рөліндегі А.Рахат өз кейіпкері­нің психологиялық толғаныстары мен ой ағымының даму үрдісін, яғни оның күйеуіне, төңірегін қоршаған адамдарға деген қарым-қатынасын, күйзелісінің асқыну себептерін шынайы бейнеледі. Актрисаның Йермасы эмоциялық желіде өте әсерлі өріліп, шатасқан ойлардың шырмауына маталған әйел үшін бедеуліктің жазылмас дертке айналғанын жүріс-тұры­сынан, сөйлеген сөздерінен және сәт сайын құбылатын мұңды жүзімен көрсетті. Мұ­ның ақыры балалы болғысы келмеген күйе­уін тұншықтырып өлтіруге жеткізген траге­диялық жағдайға ұласқанына сендіре алды.

Е.Отарбаевтың Хуаны аса байсалды, өз кәсібіне берілген адам болып бейнеленді. Әйелінің бетін қақпайды, бірақ сыртқа шығып, басқалармен араласуына қарсы­лық білдіреді. Ішкі дүниесі қайғы мен зарға толған әйелінің бала туралы сөз­дерін жүре тыңдап, немқұрайдылық танытады. Сонымен қоса актер Хуанның қызғанышы мен секемшілдігін Виктормен кездесетін сахналарда ашуға күш салды. Бірақ режиссерлік шешімде Йерма мен Виктордың арақатынасы анықталмаған. Содан болар, бұл кейіпкерді сомдаған Қ.Төлен оқиғаға араласа алмай, үнемі бөлек­теніп жүрді.

Тұтас алғанда спектакльде актерлік ансамбль мықты болды. Шағын рөлдердің өзі сахналық айқындылығымен, даралығымен шығарманың көркем идеялық мазмұнын ашуына мол ықпал етті. Атап айтқанда, Д.Шымырбаева (Мария), Г.Қазақбаева (1-кемпір), К.Белжанова (2-кемпір), К.Бай­тілеуова (1-әйел), М.Қонысқызы (2-әйел), Н.Әбілқиясқызы (3-әйел) өз кейіпкерлеріне лайық мінез тауып, орындаушылық өнер тұтастығын көрсетті.

Бұл қойылымнан кәсіби өнерге тән сахна мәдениетін, режиссер мен актерлердің тандемін, театрдың күрделі драматургиялық туындыны меңгере алатын шығармашылық өресін байқадық. Спектакль «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесімен марапатталды.

Фестивальдың үшінші күні Қырғызстан Республикасының А.Жайнақов атындағы Баткен облыстық музыкалық драма театры С.Раевтың Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісімен жазылған «Маң» деп аталатын драмасы бойынша қойылған спектаклін көрсетті.

Режиссер Н.Әбдіқадыровтың бұл қойы­лымынан жаңалықтың нышанын бай­қамадық. Сахнада өтіп жатқан оқиғалар режиссер тарапынан айқындалмағандық­тан да оның көркемдік-идеялық мазмұны түсініксіз болды. Өлген адамның мүрде­сін кілемге орап алып, әрі-бері сандалған көпшіліктің қимыл-қозғалыстары қайта­лана берді. Қойылымнан режиссер­дің өзіндік қолтаңбасын, актерлердің шама-шарқын барлай алмадық. Ең бастысы, шығармаға бүгінгі талап тұрғысынан келу жетіспейді. Біздің қазіргі өміріміздің өнерден мазмұндылық пен күрделілікті, шығармашылық жауапкершілікті талап ететіні ескерілмеген.

ро

Иран театры мәдени шараға Еврипид­тің «Электра» трагедиясын алып келіпті. Спектакль бос кеңістікте декорациясыз, му­зыкасыз және реквизиттердің көмегін­­сіз ойналды. Кейіпкерлердің бөлмелері еден­­де шартты түрде ақ бояумен сызылған. Элек­тра мен Клитемнестра, Ифигения үстері­не ұзын көйлек киіп, бастарына жаулық сал­ған. Актрисалардың бет-жүздері анық көрі­­ніп, сөздері нақты естілді. Қойылым Электра­­ның жыл сайын өзінің туған күнінде қорқы­ныш­ты жағдайлар бола беретін­ді­гін айтып, ­сот­қа шағымданғанын мәлімдеу­ден баста­лады. Ол әкесін өлтірген адамды тауып, жаза­лауды талап етеді. Осыдан кейін қатысу­шы кейіпкерлердің барлығы да жоғары­да отырған көзге көрінбейтін тергеуші­нің сұрақтарына жауап береді.

Режиссер Мостафа Насири этюдтік тәсілдерді қолданып, кейіпкерлердің іс-қимылдарын пластикалық әрекет арқылы көрсетіп отырды. Қойылым соңында Электра әкесінің өліміне қатысты барлық шындыққа көзін жеткізеді. Сахналық шығармада адам өмірінің тым шектеулі екені және кім қандай қылмыс жасаса да бір Алланың алдында түбі жауап беретіні туралы жалпыға белгілі ақиқат айтылды. Бұл спектакльден режиссерлік жаңалық көрмесек те актерлік ойындар өз ерекшеліктерімен дараланып, Агамемнонды сомдаған Жалал Шахбазнезадқа «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» жүлдесі тапсырылды.

Бұдан кейін Г.Әлиев атындағы Тбилиси Әзербайжан кәсіби Мемлекеттік драма театры П.Нуралиевтің «Мен өлгенде, жылама» («Не плач, когда я умру») деген психологиялық драмасы бойынша қо­йылған спектаклін көрсетті. Өкінішке қарай, аталған қойылымнан режиссер Т.Вали-Заденің көркемдік қиял жүйрікті­гін, спектакльдің пластикалық үлгісін шешу­дегі ізденісін көре алмадық.

пр

Ақмола облыстық орыс драма театры­ның «Бекетші» («Станционный смотритель») қойылымы фестивальдың сайыстық сәнін келтірген көркемдік шоқтығы биік мәдени жаңалық деп бағаланды. Спектакль режиссері алыс-жақын шетелдерге есімі жақсы таныс «Алтын маска», «Алтын Софит» жүлделерінің иегері Тимур Кулов (Татарстан режиссері) бұған дейін де аталған театр ұжымымен ортақ тіл табысып, М.Әуезовтің «Көксерек» туындысын сәтті қойған еді. Оның аталған спектаклі бірнеше театр фестиваліне қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатын.

А.С.Пушкиннің белгілі повесі негі­зінде сахналанған бұл қойылым алғашқы көріністен-ақ көрерменді бірден қызық­тырып әкетеді. Ат қорада тұрған жылқылар өздерінің қожайыны, бекетші Самсон Вырин мен оның қызы Дуня туралы әң­гімелейді. Бір кездері осы бекетте қызу тіршілік болғанын тамсана айтысып, олар­дың тағдырына қатысты өздерінің әрқилы көзқарастарын білдіреді. Т.Кулов бүгінгі технологияның бар мүмкіндігін пайдаланып, аса динамикалы қойылым тудырған. Спектакльдің жарығы, музыкасы, лэд экран арқылы автор түсініктемесі мен әр көріністің қайда өтіп жатқаны туралы жазу­лардың шығып тұруы көрерменді кинофильм көріп отырғандай әсерге бөлейді. Декорация қызметін атқарған чемодандар оқиға барысында біресе ат қораға, біресе үй жиһазына, ең соңында құлыптасқа айналады.

Орындаушылардың барлығы да: Сам­сон Вырин – В.Овчиников, Дуня – О.Гре­чанникова, Минский – Т.Валиев, Әйел – Н.Джунусова, Қайыршы – А.Егорин ре­жиссер ой-тұжырымының сахналық же­лісіне бағындырылып, бірнеше рөлді қатар ойнай алатын шеберліктерін көр­сетті. Актерлер біресе аттардың, біресе адам­дардың рөлдеріне лезде ауысып, театрлық шарттылық аясында еркін қимылдады.

Режиссерлік оқылымда әкесінің жанында жүрген Дуняның бір күні бір күні­нен аумайтынын және бүкіл үйдің шаруа­сын жалғыз өзі атқаратынын чемодандарды біресе жиып, біресе құлату арқылы әдемі шешкен. О.Гречанникованың Дунясы ал­ғашқы сахналарда өте қарапайым, елгезек қыз болып бейнеленеді. Әкесінің арқасы­на отырып, мәз болып жүрген әрекетінен оның балалығы байқалады. Ал жігітпен жо­лық­қаннан кейін оның мінезінің бірден өзгергенін актриса нанымды ашты. Дуня өзіне сөйлеп жүрген әкесіне емес, жігіттің сұрағына жауап беріп, соған көп көңіл бөледі.

Кейіпкерлердің хал-ахуалы мен сезім­дерін ішкі экспрессиямен жеткізуді басты нысана еткен режиссер әрбір қимыл мен әрекетке мол мағына сыйдырған. Айталық, Минскийдің үйіне келген соң үлде мен бүлдеге оранған Дуня күйеуі тарту еткен қызыл туфлимен бастапқыда жүре алмай бірнеше рет шалынып, ақыры бойын тіп-тік ұстап жүріп кетеді. Режиссер бұл арқылы Дуня тағдырының басқа арнаға бұрылғанын нақты ұқтырады. Сол сияқты әкесі қызын көруге зар болып, қақпа сыртында отырса ол би үйреніп жатады. Режиссер осылайша оның өз бақыты үшін күресіп жатқанын параллельді орындалып отыратын әрекеттер арқылы көрсеткен.

Тұтас алғанда, спектакль әке мен бала арасындағы күрделі қайшылықтарды көтеріп, көрермен қауымға ой салатын әрі қызыға көретін дүние болып шыққан. Сондықтан да қойылым фестивальдың «Үздік спектаклі» атанып, Гран-приге және өзінің режиссерлік көркемдік шешімдерімен тәнті еткен Т.Кулов «Үздік режиссер» жүлдесіне қол жеткізді.

Фестиваль бағдарламасынан тыс Н.Жан­төрин атындағы Маңғыстау облыстық му­зы­калық драма театры Ә.Кекілбайұлының «Күй» мен «Аңыздың ақыры» шығарма­лары негізінде құрастырылған «Күй» (реж. Г.Мирғалиева) деп аталатын спектаклін көрсетті. Театр репертуарында бірнеше жылдан бері жүріп келе жатқан қойылым­да актерлер еркін көсілді. Көпшілік сахна­ларының мазмұны терең, тілі айқын әрі жинақы болды.

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық драма театрының «Қарагөз» (авт. М.Әуезов) спектакліне ақ­таулық көрермендер ағылып келді. Зал­да ине шаншар орын болған жоқ. Г.Мир­ғалиева пьесаның бұрынғы дәстүрлі сахна­лық шешімдерін назарында ұстай отырып, трагедияны психологиялық бағытта шешуге ұмтылғаны бірден байқалды.

Мұндағы Әнуар Бектастың Сырымы жастықтың отына лапылдаған, өткір мінезді жігіт болып кескінделді. Жас актер өнер адамына лайықты көңіл күй толғаныстары мен ой арпалыстарын да сенімді бедерледі. Кейбір тәжірибе тапшылығы қылаң бере­тін сәттері де болды. Автор суреттеген «Жаланған ер, жалындаған ақындық» қасиеттерін көрсететін монологтерді айту кезінде әлі де болса іздене түскені жөн.

Қарагөз рөлін ойнаған Ақмарал Тана­­баева жас қыздың психологиясын, мінез ерекшелігін жете түсінген. Ол ба­сында бостандығы мен еркі жоқ ару­­дың шарасыздығын, Сырымға деген ма­хаб­батының кіршіксіздігін нанымды ашты. Жігітпен қоштасатын сахнада көз­дері жасқа толып, іштей егілуін де әсер­лі жеткізді. Қарагөздің жынданатын сахна­ларында актриса артық қимыл-қоз­ғалыстарға, орынсыз айқайға бармайды. Бірақ орындаушының тұңғиыққа тесіліп қараған көздерінен, селт етіп шошынуынан, жүйке жүйесі бұзылған жанның ішкі қасіреті сезіледі. Есінен адасып, жүдеп-жадап отырса да актриса қыздың тектілігін, мінезінің жұмсақтығын, әлдекімнен көмек сұрағысы келген дәрменсіздігін сыртқы келбетімен анық байқатады. Қысқасы, Қарагөзді актрисаның шығармашылық өмірбаянына келіп қосылған елеулі табысы деп бағалаймыз.

Сахна майталманы Майра Омар сом­даған Мөржан бүкіл бір рулы елді ашса ала­қанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған ақылы мен айласы қатар жүретін көпқырлы тұлға болумен бірге Қарагөздің жанашыр анасы болып бейнеленді. Актриса алғашқы сахнадан бастап қызына жаны ашитын қамқор ананың мазасыздығын, алаңдаушылығын әр қимылымен, сөйлеген сөздерімен жеткізді. Сахналық әрекет пен сөз жүйесін қатар өре білген актриса аса ширақ қимылдап, салт-дәстүрді қыз­ғыштай қорғайтын, ұрпақ болашағын ойлайтын абзал ананың кесек бейнесін жасады. Содан болар, әже үмітін ақтамаған Қарагөз абыройының төгілуін сүйекке таңба деп түсінген Мөржан «жердің үстімен келіп, астымен кететін болдық» деген сөзді айтып көз жұмады. Режиссерлік оқылымда Мөржанның қаза табуы ата-бабаларымыздың «өлімнен ұят күшті» деген қағидасына сай шыққан.

Қойылымда ойнаған Нарша – Б.Сұл­танғазы, Ақбала – А.Жетпісбаева, Жарылғап – Е.Нұрымбет, Жабай – Ж.Төленбаев, Асан – Ұ.Қабыл, Дулат– Е.Жанпейісов, Текті құдағи – Б.Мақсұтова, Тойсары – Н.Сауданбекұлы және бәйбішелер – Г.Қы­лышбай, А.Нөгербек, т.б. өз рөлдерін толық меңгеріп, мінез ерекшеліктерін ашты.

Спектакльдің музыкасы (композитор О.Дәлелхан) мен би көріністері (хореографы С.Сұңғат) қойылымның ұлттық боя­уын қанықтыра түскен. Киім суретшісі М.Қосмағанбетованың жұмысын ерекше бөліп айтқан жөн. Өйткені режиссер кейіпкерлердің жас ерекшелігі мен қоғамдағы орнын киімдер арқылы ашуға ерекше мән бергендіктен де, суретші де мол ізденген екен.

Қорыта айтқанда, театрдың аталған спек­таклі ұлттық классикамыздың бұрын­нан қалыптасқан дәстүрлі қойылу үрдісінің жалғасып жатқандығын дәлелдеді.

Сонымен екі жылда бір өтетін «Abish alemi» ІІІ Халықаралық театр фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – алыс-жақын шетелдерден келген театр ұжымдарының бір-бірімен ортақ қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірибе алмасуын күшейту. Сол арқылы театрлардың рухани-мәдени деңгейін жан-жақты дамыту болып табылады. Биылғы фестивальдың басты ерекшелігі – барлық театр ұжымы соңына дейін кетпей бірінің жұмысын бірі тамашалады. Халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының рухын асқақтату мақсатында тұрақты өткізіліп келе жатқан айтулы фестивальдың көркемдік сапасын күшейту алдағы уақытта жалғаса беретіні сөзсіз.

 

Бақыт НҰРПЕЙІС,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы